Емтиханнан өте алмаған «өрендер»

Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрында Л.Разумовскаяның «Қымбатты Елена Сергеевна» пьесасының желісі бойынша «Емтихан» драмасы сахналанды. Спектакльдің қоюшы режиссері Тасқын Мәжитов болса, қоюшы суретшісі Маймұра Топанбаева. Атап өтерлігі, бұл – жас режиссер Тасқын Мәжитовтың режиссерлігімен қойылған алғашқы туынды.

Бірден атап өтуіміз керек, бұл қойылымға жастар көптеп жиналды. Біз алдымен олардың пікірін алға тартсақ дейміз. Көкшетау қаласындағы Абай Мырзахметов атындағы университет студенті Жангелді Назымбекұлының айтуынша, қойылым бүгінгі өмір шындығын бейнелейді.

–Жасырары жоқ, қазіргі жастардың басым көпшілігі ақшақұмар, билікке ұмтылғыш. Бұл қылмыс та емес шығар. Бірақ, байқап жүргенімдей құрбы-құрдастарымның осының барлығына оңай қол жеткізгісі келетіні ойландырады. «Еңбек түбі береке» деген емес пе. Аз ақша тапсаң да, еңбек сіңіріп алған жөн. Ондай қаражаттың берекесі бар. Ал, жеңіл ойдың жетегінде жүрсең бейнеттен қаша алмайсың. Мен бұл драманы тамашалай отырып осындай ой түйдім, – дейді Жангелді.

Шетелдік қаламгердің туындысы болғанымен, режиссер бұл қойылымды қазақша сөйлетуге тырысқан. Тіпті кейіпкерлердің аты-жөндері де қазақша. Басты рөлдегі мұғалім Майра Бақытқызын сомдаған театрдың белді актері, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Маржан Бөкешова. Актриса Маржан Бөкешова әдеттегідей өз ісінің кәсіби шебері екендігін айқындай білді. Байқап жүргеніміздей, ол қай рөлді сомдамасын, өз ісіне аса жауапкершілікпен, зор ізденімпаздылықпен қарай білетін талғамы биік талант иесі екендігін аңғартады. Бұл қойылымда Асланбек Шайсұлтанов (Мақсат), Әсем Шайсұлтанова (Назым), Намыс Мақсатұлы (Әділ), Жалғас Тұйғынбаев (Бақытжан) сияқты жас актерлер де өздерін жақсы қырынан көрсетті.

Спектакльде бейнеленген адамдардың тағдырына бойлай отырып, біз бүгінгі қоғамдағы ұрпақ тәрбиесі, жалпы ұрпақтар сабақтастығы туралы өзекті мәселеге куә боламыз. Жасырары жоқ, қазіргі таңда аға буын тарапынан жастар тәрбиесіне көп сын айтылады. Бірақ, бұл шығарманың сонау Кеңес дәуірінде, яғни, сексенінші жылдардың аяғында жазылғанын ескерсек, ұрпақ тәрбиесіндегі олқылықтар сол дәуірде де болғанын айқындайды. Яғни, тәрбие уақытпен, иә болмаса дәуірмен таразыланбайтындай. Бәрі де өнген ұяға, өскен ортаға байланысты.

Қойылымда басты кейіпкер болған төрт оқушының да тағдыры ұядан көрген ұлағаттың жетімсіздігінен аянышты өрбиді. Назым, Әділ, Бақытжан, Мақсат сияқты төрт өрен де өз дегеніне жету үшін жантүршігерлік жағдайларға да басын тігіп, өз өмірлеріне қиянат жасағандықтарын байқамай қалады. Оқушы балалардың көздегені байлық, билік, жеңіл өмір. Ал, бұған қол жету үшін алдымен математика пәніне емтиханнан жақсы баға алу керек.

Олардың бірде біреуі еңбектенгісі келмейді. Назымның тіпті болашақта бақай есеппен тұрмыс құрғысы келеді. Ол тіпті сезімді де ақшаға сатуға бақұл. Ал, Әділ болса Назым үшін бәріне даяр. Ал, Мақсаттың көздегені билік пен мансап. Бақытжанның арманы өзіне де түсініксіздеу.

Мұғалім Майра Бақытқызы ше? Адалдықты ту етіп, бар ғұмырын ұлағат тәрбиесіне арнаған, өзі тұрмыс құрмай, анасын бағып-қаққан, біресе мектептегі балаларды алаңдап, біресе анасын ойлап бәйек болған жалғызбасты әйелдің тағдыры бақытқа толы ма? Жетім көңілді жалғызбасты әйелді алдау бәрінен оңай. Себебі, ол бақыттымын деп өзді-өзін алдап қойған. Айт айтпа, жалғыздық жан баласына жараспайды. Қанша жерден әйел мықтымын десе де сүйеу болар, қорған болар жан керек. Ал, шаңырақ әйел болмаса жылулыққа шома ма? Бәлкім бағасын көтермелеп алуды мақсат тұтқан төрт оқушы жалғызбасты мұғалім апайды өтірік жақсы көріп алдай аламыз деп ойлаған болар. Бірақ, Майра Бақытқызы олар ойлағандай осал болмай шықты.

Дәл сол күні оның туған күні болатын. Оқиға осылай өрбіп басталды. Мемлекеттік емтиханды математика пәнінен нашар жазған төрт оқушы мұғалім апайды туған күнімен құттықтаған болып, сыйлық әкеліп, үйіне барып құрмет көрсетеді. Өмірінде жан баласынан ондай құрмет көрмеген мұғалім алғашында абдырап, не істерін білмей дал болады. Сөйтеді де гүл ұстап келген оқушы балаларына ол да ізгі ниетін бідірмекке дастархан жайып, құрмет көрсетеді.

Иә, шикіліктің де, шиеленістің де барлығы осы жерде басталады. Енді міне, мектеп түлегі атанғалы тұрған жас жеткіншектер мұғалімнің көзінше ішімдік ішіп, балағат сөйлеп, ішкі сырларын аңғармай білдіріп қояды. Шынайы бет перделері ашылғаннан кейін қылықтары өзгеріп, дарақылана күліп, мысқылдап сөйлеп, адам баласының екіжүзді бола алатындығын аңғартады. Олардың бар көксегені де, көздегені де Майра Бақытжанқызының қолындағы сейфтің кілті.

Ал, сейфте бақылау жұмыстары жатыр. Өмірі біреудің ала жібін аттамаған, өтірік айтпаған, жүрегі таза, көңілі ағеділ жанға бақылау жұмыстарын комиссияның шешімінсіз алып, қайта жазу ауыр қылмыс. Ол ондайға бара алмайтынын баса айтады. Әке-шешесі бүлдеге орап, бетінен қақпай өсірген еркетотайлар сөзге тоқтай ма? Әрине, жоқ! Олар арсыз қылықтарға да жол беріп, көздеген мақсаттарына жетуді ойлайды.

Ең сорақысы емтиханға бола адам өміріне қиянат жасаудан тайынбайтын жасөпірімдердің әрекетінен жан түршігеді. Аңқаулығы мен ақымақтығы басым Бақытжан, болашағын алдын ала ойластырған, ештеңеден тарықпай өскен өзімшіл Мақсат, өмірдің қиындығын көріп ерте есейген Назым, махаббаттан басы айналған романтик Әділ рөліндегі кейіпкерлер бүгінгі қоғамның бет-бейнесі емес деп айта алар ма екенбіз. Декорацияны толықтырып тұрған қос бөлме Майра Бақытжанқызының есік пен төрдегі, өмір мен ажалдың арасындағы өмір кезеңдерін сипаттап тұрғандай. Сүреңсіз бөлме, сұрықсыз киім, тіпті спектакльдің өн бойында актерлердің сол бөлмеден шықпай өнер көрсетуінің өзі, адам баласы өзі қолдан жасап алған шеңберден шыға алмай қалатыны сияқты сезіледі.

Қойылымның музыкамен көркемделуі орнымен, әрі талғаммен таңдап қойылған. Арасында оқушылардың гитара сазымен өздерінің қуанышын да, мұң-наласын да жеткізуі ұтымды ойластырылған.

Біз көбінесе пафосы басым дүниелерге әуеспіз. Бұл қойылымның қарапайым тілде сөйлеуі, шынайы өмірге жақындата берілуі қуантады. Әрине жас актерлердің әлі де болса ширай түсу керектігін айтуымыз керек. Себебі, өнер сахнасында өмірдің өзін еш боямасыз өрнектей білетін де, жылата отырып күлдіретін де, күлдіре отырып жүректі жылататын да, сан жылға сабақ болардай ой сала алатын да актер екендігін еш естен шығармағанымыз абзал.

Иә, өмір салған сынақты айтпағанда, мектептегі емтиханын тапсыра алмай, өмір өткелдерінен өте алмаған өрендердің өміріне куә болып, көңілге ой түйіп, рухани қуат алып тарқастық.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар