Ұстазым еске түскенде

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында бар ғұмырын жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруге арнаған Сәбит Меңдібайұлы Шағыров Солтүстік Қазақстан облысының (бұрынғы Көкшетау облысы) Ғабит Мүсірепов ауданының құрметті азаматы атағына ие болды. Ауыл мектебінің қарапайым мұғалімі болудан басталған ұстаздық жолы мектеп директоры, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, аудан әкімінің орынбасары сияқты ұлағатты жолға ұласты. Бұл күндері Көкшетау қаласында тұрып жатқан ел ағасы қоғамдық істерге белсене араласып, жас ұрпақты отаншылдық пен елдік істерге тәрбиелеуге үлес қосып жүр. Біз газетімізде Сәбит Меңдібайұлының өз ұстазы жайлы жазған шағын естелігін жариялай отырып, Ғабит Мүсірепов ауданының құрметті азаматы атануымен құттықтаймыз!

Мен бұрынғы Көкшетау облысының Чистополь ауданына қарасты Теңдік ауылының тумасымын. Ертеректе бұл қазақ ауылы Жаркөл кеңшарының бөлімшесі болатын. Ауылымыздағы жеті жылдық мектеп сол ауылдың бүлдіршіндеріне білім берді. Мен де сол мектептен білім алып, он жылдықты Рузаев ауданында жалғастырдым.
Балауса балғын шақта есте қалар өз ата-анаң болса, сонымен бірге, қара танытқан алғашқы ұстаздарыңның жарқын бейнесінің өмір бойы санаңда жаңғырып тұрары ақиқат. Сондай аяулы ұстаздарымның бірі –
Балта ағай Жұмағалиев еді. Бұл кісі Ұлы Отан соғысының от-жалыны ортасынан оралған, бір аяғын майдан даласында қалдырып келген азамат еді.

Өзінің мүгедектігіне қарамастан, қатардан қалмай сабаққа мұқият дайындалып келетін, өзінің сабырлы, салиқалы мінезімен шәкірт жүрегін баурап алатын әрі балаларды өз ықпал-піріміне түсіре білетін білімдарлығымен оқшауланатын. Оны ауылдастары да, әріптестері де зор құрмет тұтты.

Мақтанғаным емес, басқа балаларға мені жиі үлгі ететін. «Көп сөзділікті қойыңдар. Сәбит Шағыров сияқты мәселенің тоқ етерін айтыңдар. Көп сөзділік, әр нәрсенің басын бір шалу білімділік емес» – дегені әлі күнге дейін есімде қалыпты.

1957 жылы ауылдағы жеті жылдықты бітіріп Рузаев ауданы орталығындағы орта мектепті 1961 жылы тәмамдадым. Мұғалімдік мамандықты алсам деген арманымның орнығуы Балта ұстазымның өнегелі үлгісі, мұғалімдіктің жарқын қасиеттерін санама терең сіңіруден деп білемін. Осы бір жастық арман Көкшетау педагогикалық институтына жетелеп әкелді 1963-1968 жылдар орталығында осы мәртебелі оқу орнында білім алдым. Оның алдында, яғни, 1961-1962 жылдар аралығында Чистополь аудандық бір жылдық педкласта оқыған болатынмын. Сол жылы өзім білім алып шыққан Теңдік жеті жылдық мектебіне келіп, бастауыш класқа сабақ бердім. Осы тұста Балта ағаның ақыл-кеңесінен мол ұлағат алдым.

Сабақ берудің тәсіл-амалы, әр баланың мінез-құлығына орайлас іздену, шәкірттердің сенім-құрметіне ие болу тәрізді қасиеттерді ұстазым Балта аға санама сіңіріп, ұғындырудан жалықпаушы еді.

Ұстаздықтың басқа мамандықтардан ерекшелігін де мәртебелігін де Балта аға шүбәсіз ұғындыра білді.
Бұл күнде есімін елі таныған ақын, Балта ағаның ұлы Мұхамедия Жұмағалиевке де дәріс бергенімді атап өткім келеді.

1968 жылы жоғары білім алып келген соң тағы да бір жылдай Балта ағамен Теңдік мектебінде еңбек еттім. Өзіме кезінде білім берген ұстаздарыммен бірге болу мен үшін ұмытылмас айтулы кезең еді.

1977 жылы Алматыдағы орта мектептердің директорларының білімін жетілдіру институтына барғанымда шәкіртім Мұхамедиямен жолықтым. Үйінде болдым. Сол жылы жас ақын өзінің тұңғыш шыққан жыр жинағын сыйлады. Бұл да менің өмірімдегі сәулелі де, сәулетті шақ болатын.

Чистополь ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет істеп жүрген жылдары туған ауылым Теңдікке жаңа мектеп салуға ұйтқы болдым да, сол мектептің ашылар тойына аудандық мекемелердің басшыларын шақырып алып, оларға «құр қол келмейсіңдер, сыйлықтарыңды ала келесіңдер» деп ескерткенмін. Күз айы болатын.

Мектептің ашылар тойына ауылдың үлкені бар, кішісі бар, толық жиналды. Сол жолы ауылда 20 жылдан артық басқарма болған қария атамыз Таласпай Кәрімов жұрттың алдында: «Әй, Сәбит, сен анаңның ақ сүтін ақтадың» – деп айтқан сөзі әлі есімде. Бұл күнде біз де біраз жасқа келіп қалдық. Өткен-кеткенімізді таразылайтын, қуаныш-қайғымызды саралайтын кезең де осы тұс болса керек. Әйтсе де, Теңдік ауылындағы күндерім, оның мектебінде өткен жылдарым, мен үшін естен кетпес қымбатты кезеңдер. Әсіресе, Балта ағаның өнегелі, үлгілі істері әр кезде көңілімнің төрінде жарқыраған қалпында тұра береді.
Жаның жәннатта болғай, ардақты ұстазым!

Сәбит ШАҒЫРОВ.
Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар