Отын-энергетика кешенінің қуатын жедел жаңғырту қажет

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанның энергетика саласын дамыту мәселелері қаралды.

Үкімет отырысында Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек баяндама жасады.

– «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы аясында энергетика және мұнай-газ химиясы салаларын дамытуға үлкен мән берілген. 2021 жылдың қорытындысы бойынша елімізде мұнай өндіру көлемі 85,7 миллион тоннаны құрайды. Саланы одан әрі дамыту үшін бүгінде Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарында капиталды қажет ететін жобалар іске асырылуда.

Жақын арада Қаламқас теңіз және Хазар теңіз жобаларын әзірлеу жоспарда бар. Бұл жобалардың жалпы құны $51 миллиардтан асады. Елді газдандыру бойынша белсенді жұмыстар атқарылып жатыр. Биыл шамамен 52 миллиард теңге сомасына 140-тан астам жоба іске асырылып, 1,8 мың километрге жуық желі салынды.

Халықтың газбен қамтамасыз етілуі бүгінгі таңда 10 миллионнан астам адамды (55,4 пайыз) құрайды. Экономиканы жаңғыртудың маңызды бағыттарының бірі – мұнай-газ химия саласын дамыту. 2021 жылдың қорытындысы бойынша мұнай-газ химиясы өнімдерін өндіру көлемі 190 мың тоннаны құрайды. Қазіргі уақытта салада жалпы сомасы $11 миллиардтан астам полипропилен, полиэтилен және бутадиен өндіру бойынша ірі жобалар іске асырылуда.

Бүгінгі таңда, елдің негізгі энергия өндірісі көмір генерациясы есебінен жүзеге асырылуда (70 пайыз). Жаңартылатын энергия көздерінің 134 объектісінен электр энергиясын өндіру 3,3 пайызды құрайды. Генерацияның жалпы көлеміндегі оның үлесін 2030 жылы 15 пайызға дейін арттыру көзделген. Қазақстанның энергетика жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жедел жаңғырту және отын-энергетикалық кешеннің жаңа қуаттарын салу қажет, – деді Асқар Мамин.

Премьер-Министр осы жылдың соңына дейін Отын-энергетика кешенін дамытудың 2030 жылға дейінгі өзектендірілген тұжырымдамасын қабылдауды, 2022 жылғы 1 сәуірге дейін еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерін газдандыру мәселелері бойынша кешенді шешім әзірлеуді тапсырды. Үкімет басшысы жаңа электр станцияларын жаңғырту мен салуды қаржыландыру тетіктерін әзірлеуді, мұнай-газ химиясы саласындағы жобаларды іске асыруды қамтамасыз етуді және «жасыл энергетиканы» дамыту жөніндегі жұмысты жандандыруды тапсырды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар