Төл мерекелеріне толымды жетістіктерімен келді

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мәлғаждар Тәткеев «Достар» мәдениет сарайында Энергетик күніне арналған салтанатты шараға қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, аймақты күні-түні тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етіп келе жатқан сала қызметкерлерінің еселі еңбегіне жоғары баға берді.

–Энергетиктердің еңбегі үлкен құрметке ие. Тәулік бойғы жұмыс кестесі мен үлкен жауапкершілік – мұның бәрі өз ісіне берілген адамдардың қажырлы еңбегі. Үлкен жауапкершілік пен энергетиктердің шеберлігінің арқасында барлық сала тұрақты, сенімді және қауіпсіз электр қуатымен қамтамасыз етілуде. Үйіміз әрқашан жылы әрі жарық,–деген өңір басшысының орынбасары бірқатар еңбеккерлерді марапаттады. Шара барысында «Көкшетау Энерго» серіктестігінің биылғы жылғы жетістіктері жөнінде фильм көрсетілді. Сондай-ақ, Энергетика ардагерлеріне қошамет жасалды. Бұдан кейін «Көкшетау Энерго» серіктестігінің бас директоры Досымхан Аралбаев құттықтау сөз сөйлеп, кәсіпорын жұмысының қорытындысы жөнінде баяндама жасады.

–Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының бірнеше іргелес аудандарын электр қуатымен қамтамасыз ететін ұжым елімізде алғашқылардың бірі болып, 2020-2021 жылдарға арналған күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлік төлқұжатын алды. Бұл ең алдымен энергия нысандары мен желілердің белгіленген жүктемелерді толық қуатында атқаруға техникалық жағынан әзір екендігін білдіреді. Пандемияның салдары тыңғылықты жұмыс істеуге біршама қолбайлау болған. Дегенмен, ұжым жұмыс қарқынын төмендеткен жоқ.

Соның арқасында 274 миллион теңгеден астам қаржы игеріліп, 29 трансформатор және 372 трансформаторлық қосалқы станция, 2328 шақырым электр желілері жөнделіп, 10481 изолятор ауыстырылды. Әр жыл сайын компанияның инвестициялық бағдарламасы шеңберінде электр желілерін салу және жаңғырту жөніндегі маңызды іс-шаралардың тұтас кешені жүзеге асырылады. Биылғы жылы 27 іс-шара жүзеге асырылып отыр. Тұрмыстық тұтынушыларды және тіршілікті қамтамасыз ету нысандарын электрмен жабдықтауды жүзеге асыратын қосалқы стансалардағы электр жабдықтарын жаңартуға және жаңғыртуға айрықша назар аударылуда,–деді аталмыш серіктестіктің бас директоры.

Көп жылдарғы адал еңбегі және сала мен кәсіпорынның дамуына қосқан үлесі үшін «Көкшетау Энерго» серіктестігінің 150 еңбеккері Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Энергетика министрлігінің, Қазақстан Электроэнергетикалық қауымдастығының, Қазақстан Республикасы Кәсіподақ федерациясының, «Қазақстан энергетиктерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облысы, оның ішінде қала мен аудан әкімдерінің жоғарғы наградалары мен марапаттарына ие болды.

Сондай-ақ, салтанатты шара барысында компанияның алдыңғы қатарлы өндірістік қызметтеріне 4 су жаңа қызметтік автокөліктің кілті тапсырылды. Шара соңында республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі, жазушы Байқал Байәділовтің «Жарығың мол болсын, жер шоқтығы – Көкшетау!» атты кітабының тұсаукесері болды. Бұдан кейін жиналған жұрт мерекелік концертті тамашалады.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген
Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар