Жаңа жыл мерекесі жақындаған сайын жер-жерде қылқан жапырақты шырша ағашын сатушылар мен оны бүлдіретіндердің саны көбейе түсетіні шындық. Ал, кез-келген тұрғындардың жасанды шыршадан гөрі, табиғи шыршаны таңдайтындары да анық.
Сол себепті де жыл сайын орман сақшылары шыршаны заңсыз отаудан қорғау шараларын жүзеге асыру мақсатында күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшеді.
Осы себепке орай, орман қызметкерлерінен арнайы жедел топтар құрылып, шыршаны заңсыз кесуден қорғау іс-шаралары барысында қызмет атқарылады.
Табиғатымызды қорғамасақ, мереке сайын жасыл шыршаны кесе берсек, табиғаттан не қалады? Осы табиғи шыршаларды үйге орнатып, содан кейін қауіпсіздік ережесін сақтамай, неше түрлі қауіпті жағдайларға тап болуыңыз да мүмкін. Осының барлығының алдын алу керек, әр тұрғын саналы түрде табиғатты қорғап, сақтай білуі керек.
Шырша ағашы өте баяу өседі, ал, адамдар көбіне енді-енді тамыр таратып келе жатқан жас қарағайларды кеседі. Ал, сол кесілген ағашты бар болғаны бірнеше күн ғана пайдаланып, содан кейін лақтырып тастайды. Осы орайда, еске сала кететін бір жайт, Қазақстан Республикасының заңдарында орман қорын күзету, қорғау, ормандарды молықтыру мен өсіру саласындағы заң бұзушылықтар үшін жауапкершілік белгіленген.
Жаңа жылды желеу етіп, қылқан жапырақтыларға балта сілтегендерге арнайы айыппұл тағайындалған. Ал, тым шектен шығып, орманға орасан залал келтірген жағдайда құқық бұзушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Жалпы, орманның «жасыл сұлуын» заңсыз отауға тек Жаңа жыл мейрамы қарсаңында ғана емес, жалпы жыл он екі ай бойына қатаң тыйым салынады. Адамдардың барлығы табиғаттың қадірін түсінгенде ғана, елімізде сау ұрпақ болады. Орманда өсіп тұрған ағаш та заңның қорғауында екенін ұмытпайық, ағайын!
Ең бастысы, қылқан жапырақты шырша ағаштарын сақтай отырып, бәріміз бірге өлкемізді одан сайын көркейте түсейік. Осы үшін келер ұрпақ, бәлкім, бір кезде бізге алғысын білдірер.
Тетейхан Молдабек,
Ақмола облысы табиғи ресурстар және табиғатты
пайдалануды реттеу басқармасы «Бұқпа» орман шаруашылығы коммуналдық мемлекеттік
мекемесінің орман шебері.
Зеренді ауданы.