Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Желтоқсан көтерілісі: беймәлім деректер - АРҚА АЖАРЫ

Желтоқсан көтерілісі: беймәлім деректер

Бұл мақаланың жазылуы да, келтірген фактілердің қамтылып, баяндалуы да Желтоқсан көтерілісіне байланысты осыған дейін айтылып немесе жазылып келген дүниелердің көбіне ұқсамайды. Олай болатын жөні де бар. Өйткені, мақала авторы, журналист Мейрам Байғазин 1993-1995 жылдары Конституциялық сотта баспасөз хатшысы болып істеген. Ал, сол уақытта автордың аталмыш оқиға – 1986 жылғы Желтоқсан мәселесімен дендеп айналысқаны мәлім. Автор осы мақаласында сол жағдайды пайдаланып, көптеген құжаттарды өз көзімен көргенін, біраз жәйттерге тікелей куәгер болғанын нақты деректермен айтып баяндайды.

Себеп пен салдар

Бүгінде Желтоқсан көтерілісіне себеп болған нендей жағдай еді деген сұрақтар жиі қойылады. Меніңше КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының сол кездегі Қазақстан басшысын ауыстыру туралы ұйғарымынан туған наразылық мәселесінің бір жағы ғана. Елдегі шетін жағдайлар оған дейін де қордаланып қалған еді.

Өйткені, республикамыздың егемендігі ол кезде тек сөз жүзінде ғана болатын. Оған Орталықтың Қазақстан шекарасын бірнеше рет өлшеп-пішкенін айтсақ та жеткілікті. 1960 жылы Тың өлкесі құрылғаннан кейін оның біраз бөлігін РСФСР құрамына береді деген лақап шықты, бұл жағдай республика жастары мен студенттердің іштей наразылығын туғызды. Одан кейін Шымкент облысының мақта өсіретін үш ауданы Өзбекстанға өтіп кетті.

Мұны да тұрғылықты халық жақсы көре қойған жоқ. Ал, 1979 жылғы Целиноград оқиғасын да халқымыз әлі ұмыта қойған жоқ. Елдің көзін бақырайтып қойып, неміс автономиясын құрайық деу орталықтың нағыз кеудемсоқ әрекеті болатын.

Қазақстан табиғи байлығы ең мол өлке бола тұра, дамыған өнеркәсіпті республикалардың шикізат базасына айналды. Бұған қоса, жергілікті халықтың 70 пайызға жуығы ауылдық жерлерде тұрды, жұмыссыздық көбейіп, тұрмыс деңгейінің төмендеуі елдің көңіл-күйіне әсер етпей қойған жоқ. Инфляцияның бой көтеруі ең алдымен көп балалы отбасылар мен жастарға ауыр тиді. Экономист Ерлан Арынұлының сол кездегі есебі бойынша Қазақстандағы әрбір көп балалы отбасыларға шаққандағы табыс мөлшері 30-дан 80 сом аралығында болды. Бұл өмір сүруге қажетті деңгейден әлдеқайда төмен еді.

Жұмыссыздық және әлеуметтік мәселелердің шешілмеуі салдарынан жастар 70-80 жылдары қалаға қарай ағыла бастады. Онда оларды қымбатшылық пен тұрмыстың қолайсыз жағдайы күтіп тұрды, жолы болғандар бар-жоғы шағын отбасылы жатақханаларға орналасты. Мысалы, 1985 жылы республика бойынша ауылдан келген студенттердің төрттен үші ғана жатақханамен қамтамасыз етілді. Әсіресе, Алматыдағы жағдай мәз емес еді.

Ондағы студенттердің 57,7 пайызы ғана жатақханаға орналаса алды. Желтоқсан көтерілісі қарсаңында «еңбектен тыс табыс» дегенмен күрес пайда болып, соның салдарынан тек қана Алматыдағы пәтер жалдап оқып жүрген үш мыңдай студент баспанасыз қалды.

Ең бастысы, бір ғана ұлттың басым көпшілігінен тұратын одақтас елдердің билік органдарымен салыстырғанда, біздің республика басшылығы көп ұлттан тұрды. 1920-1986 жылдар аралығында бірен-саран қазақ болмаса ел партия ұйымына орыс пен еврей, поляк пен грузин және армян, ұйғыр жетекшілік етті. 1985 жылдың дерегі бойынша Қазақ КСР-ның Жоғарғы Кеңесінде қазақтар үлесі – 36 пайыз, орыстар – 40,8 пайыз болды. Кеңес үкіметі жылдарында республиканың бірде-бір өкілін коммунистер мен халық сайлаған жоқ, оларды Орталық тағайындап, іс-қимылын өздері бақылап отырды. Ақыры, Қазақстанда шексіз билікке ие болған және Орталық мүддесін қорғайтын Г.Колбиннің кезегі келгенде халықтың шыдамы түгесілгендей еді. Наразылық бұрқ ете түсіп, бітеу жараның аузы ашылды да кетті.

Жүйе мен жаза

Жастардың алаңға шығу себептері әртүрлі. Олардың кейбіреулері мұнда талай жылдар бойғы шовинистік кеудемсоқтыққа өкпе-наразылығын білдіргілері келсе, басқалары «ұлттық намысты қорғау» ұранына еліктей аттанды. Шеру саяси сипатта өтті және ол басқа халықтарға, соның ішінде орыстарға қарсы бағытталмады.

17 желтоқсанның кешіне дейін шеруге қатысушылар шектен шықпады, ешбір заңды бұзбады. Осы арада ерекше айта кететін бір жәйт, алаңда қазақ жастары басым болғанымен, олардың қатарында орыс, украин, ұйғыр және басқа ұлттардың өкілдері де болды. Оны сол кездегі ішкі істер органдары тіркеген тізім де растайды. Оқиғаның ушығуына, оның тым ауыр сипат алуына деген басты кінәні саяси айтыстан қашқақтаған, нақты жағдайда біліксіздік танытқан партия мен үкімет органдарының шенеуніктеріне арту керек.

Соның салдарынан құқық қорғау органдары мен милицияға қара күш қолдануға рұқсат берілді. Ақыры, оқиға кезінде әр ұлттың өкілдерінен тұратын 2401 адам ұсталды. Бұлардың ішінен Алматының соттары 326 адамды әкімшілік жазаға кесті, қылмыстық тәртіп бойынша 99 жас сотталды, екі адам ату жазасына тартылды. Тек қана Желтоқсан оқиғасына байланысты Қарағанды университетінен 25 студент комсомолдан шығарылып, 11- і университеттен қуылды.

Алматы сәулет-құрылыс институтының бұрынғы студенті Қ.Рысқұлбеков түрмеде қаза тапты. Студент қыз Л.Асанова жұмбақ жағдайда көз жұмды. Мұндай қайғылы мысалдар аз емес. Жазалау шараларын сонда кімдер жүзеге асырды? Ішкі істер министрлігі штабының бас инспекторы Еркін Әлиұлы Өтегеновтың Конституциялық сотқа берген түсініктемесінен:

«… МХК мен ІІМ дайындаған фотоальбом бойынша оқиғаға қатысушыларды анықтау біздің топқа жүктелді. Топ қалалық ішкі істер басқармасының ғимаратында орналасты. Фотоальбомдар барлық аудандық ішкі істер бөлімдеріне таратылды, ал біздің топ нәтижені дереу ІІМ мен республика прокуратурасына жеткізіп тұрды. Жұмыстың түрі мынадай еді: милиция қызметкерлері кәсіпорындарды, мекемелерді және оқу орындарын аралап, азаматтарға фотоальбомдарды ұсынды. Мұндайда тек қана жариялылықты пайдаландық. Іздеген адамдарды тапқан сайын фотоальбомдарға белгілер қойылып, олар ІІМ-де ұйымдастырылған штабқа жеткізілді. … Егер сол кездегі оқиғаға баға беретін болсақ, мен мынаны айтар едім. Көптеген адамдар соның нәтижесінде қызмет бабындағы мансапқа жетті. Негізгі кінә үкімет пен партияға артылды.» (Конституциялық сот және желтоқсан туралы іс, 8 том, 137 бет).

Зейнеткер Николай Петрович Ловгиннің еске түсіруінен: «Қазақстанның МХК органдарында мен 1987 жылдың мамырына дейін тергеу бөлімінің бастығы болып қызмет істедім. Сол кезде МХК-ның төрағасы В.М. Мирошникпен ара қатынасымыз шиеленісіп кеткеннен кейін мен 1986 жылдың наурызында жасымның келуіне байланысты аталмыш органнан шығару жөнінде рапорт бердім. Бірақ та, «мені шығару» 1987 жылдың мамырына дейін созылып кетті. Өйткені, орнымды басатын адам таба алмады, ал дәлірек айтсақ, өз орынбасарым қазақ жігіті С.Мырзалинді тағайындағылары келмеді. Ақыры менің орныма сонау Украинадан ешкімге белгісіз Закриевскийді алып келді. Біліп отырған боларсыздар, біліктілік пен кәсібилікті қажет ететін істен ұлттық кадрлар ғана емес, түпкілікті қазақстандықтардың өздері аластатылды. Барлығымызға Алматыдағы оқиғаны ұйымдастырған ұлтшылдарды табу жөніндегі тапсырма берілді. Алайда, ол табылмады, өйткені, Қазақстанда ондай ұйымдар атымен жоқ болатын.

Егер менің пікірім бірдеңеге жарайтын болса, онда 1986 жылғы 16 желтоқсандағы астанадағы оқиғаның басты кінәлілері деп КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшелері мен соны басқарып отырған М.Горбачев деп санаймын. Олар істің байыбына бармай, теріс шешім қабылдады, біздің интернационалдық республикамызға қайдағы бір Колбинді жіберді. Мен қатардағы коммунист ретінде өзімнің және көптеген жолдастарымның пікірін білдіремін. Бұрынғы басшылардың шала шешімдерінің салдарынан біздің жастар жазықсыз жазаланды». (Конституциялық сот және желтоқсан туралы іс, 8 том, 100 бет)

Осы жағдайды сол кезде 1985 жылдың желтоқсанынан 1987 жылдың қыркүйегіне дейін Алматы қалалық партия комитетінің екінші хатшысы болып істеген Марат Шорманов былайша еске түсіреді:

«Бұл оқиғаны қазір ой елегінен өткізіп отырсам, 17 желтоқсан күнгі шеру демократиялық сипатта, заңды өтті және ол сол кездегі КСРО мен Қазақ КСР Конституцияларының нормаларынан асқан жоқ. Оқиға жөніндегі қалыптасқан қоғамдық пікірге қосыламын. Жаппай тұтқындау мен ұрып-соғу, жоғары оқу орындарынан, партия мен комсомолдан қуғындау, шеруге қатысушыларға қарсы жұмысшылар жасағын құру мен оларды қазақ жастарына қарсы қою, әскерлерді жазалаушы ретінде пайдалану, бәрі Конституцияға және заңға қарсы әрекеттер деп санаймын».(Конституциялық сот және желтоқсан туралы іс, 8 том, 273 бет).

Конституциялық сотқа кейбір халық соттарының берген түсініктемелерінде олар оқиғаның басынан бастап өздерін жастарды әкімшілік жауапқа тартуға нұсқау алғандарын мойындады. Ондай нұсқауды республика Жоғары Төрелік сотының бұрынғы төрағасы, ал сол кездегі Әділет министрінің орынбасары И.А.Тетеркин берген.
Жоғарыда келтірілген мысалдар партия шенеуніктерінің қолшоқпары болған , қуғын-сүргін мен жазалауды мүлтіксіз жүзеге асырып отыратын сол кездегі құқық қорғау органдарының жұмыс әдісін сипаттап береді.

Мұндайды тек 1937 жылмен салыстыруға болар еді. Енді жазықсыз жапа шеккендер, сотталған, түрлі дәрігерлік «сынақтан» өткен, қорланып намыстары тапталған жандар өмірінен деректер берейік. Шымкент облысы Бөген ауданы, Ақжол ауылының тұрғыны, зейнеткер Ақпал Молданазарованың сол кездегі Конституциялық сотқа жазған арызынан үзінді:

«Менің қызым Кенжегүл Молданазарова Алматы дәрігерлік институтының студенті. 1986 жылдың 18 желтоқсаны күні көшеде келе жатқан кезінде солдаттардың «торына түсіп», басынан қатты соққы алды. Аурханада қызымды дұрыс қарамай, тез шығарып жіберген. Ол алаңға өзінің немере сіңлісі, байланыс техникумының студенті Анар Бәдіренованың қайда екенін білуге барған. Анар да соққыға ұшыраған. Қызым Арыс, Шымкент ауруханаларында емделгенімен, нәтиже шықпады. Сосын оны Тәшкентке алып бардық. Ондағы зерттеу кезінде басына қатты соққы тигендіктен миына қан құйыла бастағаны белгілі болды. Операция үстінде Кенжегүл дүние салды. Қызымның өліміне кінәлі қанішер солдаттар мен милиция қызметкерлері және соларға бұйрық беріп, жастарды жазалаған басшылар жауапқа тартылуы тиіс. Мұны мен ана ретінде өтінемін». (Конституциялық сот және желтоқсан оқиғасы туралы іс, 9 том, 265 бет.)

Көздеріне қан ұялаған жендеттер қолдарына кімнің түскенін де ажыратып жатпады. Ұйғыр жігіті Абайдолла Рузиевтің сол кездегі басынан кешкенін ешкімге де тілемей-ақ қоялық.

«17 желтоқсанда мені тұтқындады да 15 сөткеге жауып тастады. Осы 15 күн ішінде тергеушілер небір сұрақтар қойып, менің қайдағы бір қылмысқа қатыстылығымды айтып, ұрып-соғумен болды. Шағын камераға 30-дан артық адам әрең сиятын еді. Онда сыз тартып, суық болды. Ақыры мен ауырып қалдым. 15 күннен соң жұмысқа оралдым. Бірақ та, 1987 жылдың қаңтарында мені қайта шақырып, түрмеге жауып тастады. Тергеушілер Сафонов пен Бейсалиев менің әскери курсанттарға қол жұмсағаным жөнінде түсінік беруімді талап етті. Көнбеген едім, олар ұрып-соғуға көшті. Қорлыққа шыдай алмай, өз «кінәмді» мойындадым, сөйтіп бес жылға кесіліп, айдауға кеттім. Әкем дүниеден ерте кетіп, үйде шешем үйелмелі-сүйелмелі 7 баламен қалды. Алатыны бар-жоғы 75 сомдық зейнетақы. Айдауда жүргенде ең бір қиын жерде болдым, тайганың 50-60 градустық аязы табанымнан өтіп, арқамнан шыққандай болды. (Бұл да сонда: 10 том, 78- бет).

Алматы оқиғасының жаңғырығы басқа қалаларға да жетті. Барлық жерлерде студенттер мен жастар жиналып, ұлттық мәселені жоққа шығарып отырған Орталықтың өктем саясатына қарсылық білдірді. Оған жауап ретінде жергілікті билік органдары жазалау әрекетіне көшті. Сондай жапа шеккендердің бірі целиноградтық Асқар Сағынаев Конституциялық сотқа былай деп жазды:

«Алматыдағы оқиға туралы естіген соң, біз қазақ студенттері Г.Колбиннің атына қарсылық хат жаздық. Жоғары оқу орындарының студенттері қол жинауда белсенділік танытты. Сол үшін бізді ұстап, соттады. Мені бірден «есі» дұрыс емес деп тапты. Күштеп «емдей» бастады. Сегіз ай бойы олар жүйкеге әсер ететін дәрілерді беріп, осылайша менің «саяси көзқарасыммен» күресті. … Кейіннен мен Жоғарғы соттың шешімі бойынша ақталдым, өйткені, менің іс-қимылымда еш қылмыс жоқ деп тапты. Әйтсе де, бұл толық ақталу емес. Өйткені, дәрігерлер анықтаған «дерт» әлі де алынған жоқ.

Тоталитарлық жүйенің жандайшаптары улаған менің денсаулығымды кім қалпына келтіреді? Олар осы күнге дейін адам құқығын таптағандарын, сау адамды ауру қылғандарын, мойынсұнбағандарды басып-жаншығанын еске алғылары келмейді. Қазір мен институтты тәмамдадым, отбасылы, бала-шағалы болдым. Бірақ та сонау аязды күндері тапталған ар-намысым кейде түн ұйқымды төрт бөледі. Біздің қазіргі билік органдары сол кездегі оқиғаға саяси баға беруге батылы бара ма екен? (Конституциялық сот және желтоқсан оқиғасы туралы іс, 10 том, 66 бет).

1993-1994 жылдарғы Конституциялық сотқа жазылған осындай хаттардағы оқиғаларды талдап қарайтын болсақ, онда жазалау әдістерінің бір-бірімен ұқсастығын байқаймыз. Сол кезде бұқаралық ақпарат құралдары бұл туралы неге жазбаған? Оның себебі айдан анық. Егер шындықты адамдар білетін болса, онда «бір топ бұзақы маскүнемдер мен нашақорлардан басқа Қазақстанның еңбеккерлері пленум шешімдерін бірауыздан мақұлдады» деген жалған ақпар иесі – ТАСС-тың өтірігі шығар еді. Сонымен бірге, ойдан шығарған ақпараттарды таратуға қатысқан Соломенцев пен Колбиннің беделі түсер еді. Олар үшін ең қорқыныштысы осы болатын.

Бірақ, бір нәрсе айқын: алаңға шыққан жастардың қимылын билеп-төстеушілер бәрібір қылмыс деп жариялады. Осыдан барып олар жастарды соққыға алды. Қазіргі күнге дейін қанша адам тұтқындалғанын ешкім айта алмайды. Өйткені, құқық қорғау органдарының құжаттарында «келісім» жоқ. Олардың жаттанды жауабы: «Сақтауға деген шектеулі мерзімнің бітуіне байланысты барлық құжаттар кезінде өртелінген». Прокуратураның дерегі бойынша тұтқындалғандар – 2400, Ішкі істер органдарында – 2336, ал МХК-да 2212 адам дейді. Осыларды Парламент комиссиясының деректерімен салыстырғанда 3115 адам болады.

Оқиға кезіндегі ең қорқынышты да, қауіпті де нәрсе биліктің халықтар арасына сына қағуы. Істің байыбына барудың орнына бір халық түгелдей ұлтшыл деп жарияланды. Содан соң олар студенттердің, ғылыми қызметкерлердің, жұмысшылар мен басшылардың ұлттық құрамын, аралас некелердің сандарын мұқият есептей бастады. Мұның бірде-бірі достықты нығайтуға бағытталған шаралар емес еді.

Сараптама сыры

Желтоқсан оқиғасы Балтық жағалауындағы және басқа республикаларда демократиялық процестердің дамуына себепші болды. Осыдан кейін егемендікке жаппай жол ашылды. Одақтас республикалар бірінен кейін бірі тәуелсіз дамуға бет бұрды. Сонымен бірге, Бакуде, Вильнюсте, Ферғанада, Тбилисиде, Ригада қанды оқиғалар болды. Онда да тоталитарлық режим мен Ресей танкілерінің қанды іздері қалды. Осыдан-ақ бостандық пен тәуелсіздік оңайға түспейтінін аңғаруға болады.

Ақырында салтанатты сәт те туды. 1991 жылдың 16 желтоқсанында көтеріліске қатысқандар ақталды. Қазақстанның тәуелсіздігі де сол жылдың 16 желтоқсанында жариялануы да кездейсоқ емес. Мұның тарихи заңдылығы бар. Бұл көтеріліске қатысқандардың ерлігін мойындау. Мұны желтоқсан қаһармандарының халық жадында мәңгі сақталатынының себебі деп білу керек.

Тәуелсіздік алғаннан кейін бір жылдан соң Конституциялық сот Желтоқсан қөтерілісіне байланысты сот ісін қозғауға мәжбүр болды. Оған бірден-бір себеп сол көтеріліске қатысқандарға жазалау шараларын қолданғандары үшін МХК, ІІМ, Прокуратура, Жоғарғы сот тіпті Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесін жауапқа тарту жөніндегі жапа шеккендердің көптеген арызы еді. Бұл іс қоғам мен халық арасында керемет назар аударушылықты туғызды. Біріншіден, қазақ жастарының ашық наразылығын аяусыз жазалау әдістерінің толық құпиясы ашылуы тиіс еді.

Сол жылдары жапа шеккендердің саны, мемлекет қайраткерлерінің рөлі, жастардың батылдығы мен ұлт зиялыларының қорқақтығы туралы қауесеттер тарап кеткен-ді. Екіншіден, 1993 жылы Ресейдің Конституциялық соты КОКП Орталық Комитетінің қызмет бабындағы билікті асыра пайдаланғаны жөнінде іс қозғай бастады. Компартияның қызмет бабында жазалаушы орган екенін Желтоқсан көтерілісі басылып-жаншылысымен алаңға шыққан жастарды жаппай аяусыз жазалау шараларынан, қазақ халқына негізсіз тағылған ұлтшылдық айдары мен оларды қудалау саясатынан аңғаруға болатын.

Сот ісінің ерекшелігі мен айырмашылығы КОКП Орталық Комитетінің, сондай-ақ, МХК-ның нұсқауларына заң тұрғысында баға берілуінде еді. Сарапшы ретінде шақырылған біздің заңгер ғалымдар осы іске байланысты Конституциялық сот қойған сауалдарға толық жауап берді. Мысалы, олар 1986 жылғы 18 желтоқсанда КОКП Орталық Комитеті саяси Бюросы қабылдаған алғашқы құжатты жан-жақты зерттеді. Мәскеу бірден бұл оқиғаға саяси баға беріп қана қоймай, шеруге қатысқандарды жазалаудың алғашқы шараларын белгілеп те үлгерді.

Комиссия жұмысына тартылған заңгерлер жоғарыда сөз болған құжаттың Қазақ КСР-ның 1978 жылғы Конституциясына қаншалықты сай екенін тексергенде, партия өзі құрған режимге қауіп-қатер төнген сын сағатта қоқан-лоққыға көшетіні байқалды. Сөйтіп, тоталитарлық режим көп дәріптейтін демократия мен Қазақстанның егемендігін қамтамасыз ететін Конституция бірден аяққа басылды. Сарапқа алынған осы құжаттың машинкаға басылған екі беттік парағы егеменді мемлекеттің Негізгі Заңы деп аталатын 62 беттік Қазақ КСР-і Конституция пәрменінен асып түсті.

Біріншіден, КОКП Орталық Комитетінің қаулысы былай қарағанда, қоғамдық тәртіпті бұзудың алдын алуға бағытталған әсер қалдырады. Алайда, заңды қамтамасыз ету міндеті мен құқықтық тәртіпті қорғау Қазақ КСР-і Конституциясының 4 баптың 3 тармағы, 75 баптың 4 тармағы, 118 баптарына сай, саяси партиялардың емес, мемлекет пен оның органдарының қызметіне жатады.

Екіншіден, ғажап шапшаңдықпен (бір тәуліктің ішінде) алаңда болып жатқан оқиғаға бұзақылар мен тонаушылар жасап жатқан ұлтшылдар әрекеті деген құқықтық баға беріп, Саяси Бюро алаңда болған адамдардың ары мен намысын, адамгершіліктерін аяққа таптады. Әдетте, мұндай айыпты тек қана сот беретінін біле тұра Саяси Бюро соған әдейі барды деуге негіз бар. Сотқа дейін айып тағу Қазақ КСР-і Конституциясының 55 бабында айтылған «жеке тұлғаны сыйламау, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау – барша мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың және лауазымды қызметкерлердің міндеті» деген қағиданы тікелей бұзу болып табылады.

Желтоқсан оқиғасына осылайша асығыс баға беру, сондай-ақ, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен обкомдардың шешімдерін көптеп тарату соттарға тікелей қысым жасауға әкеліп соқтырды. Бұл сол кездегі республиканың Негізгі Заңында айтылған «соттар мен халық заседательдері тәуелсіз және тек қана заңға бағынады» деген 155 бапты бұзды. Ал, ол уақытта соттар мен заседательдердің бәрі партия мүшесі болғанын ескерсек, онда олар коммунистік тәртіпті бұлжытпай сақтай отырып, Конституция баптарынан гөрі Желтоқсан көтерілісіне баға беріп үлгерген Саяси Бюроның нұсқауын орындағаны айдан анық.

Үшіншіден, Саяси Бюро Қазақ КСР-і Конституциясына сәйкес Қазақстанға мемлекеттік субъект ретінде қараудың орнына, саяси құйтырқыға барып, «Алматыда комендаттық сағат енгізу» жөнінде шешім шығарды. Соның дәлелі ретінде КОКП Орталық Комитетін, қажет жағдайда жергілікті жерлерде жазалау шараларын қолданатын орган екенін әшкерелейтін, сол кезде санаулы ғана адамдардың қолына тиген бір құжатты келтірейік. Құжат «КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының 1986 жылғы 18 желтоқсандағы 45-інші мәжілісінен үзінді» деп аталады. Ол Саяси Бюроның мәжілісі аяқталысымен Г.В.Колбиннің өзіне деген шифротелеграмма арқылы жіберілді. Онда Алматыдағы жағдайға байланысты шаралар туралы айтылған. Бұлар 6 тармақтан тұрады, оның төртеуі ұсыныстық, ал қалған екеуі нұсқау ретінде жолданған. Талдау үшін біз екеуін келтірейік.

«2-тармақ. Жағдай шиеленіскен кезде әскери құрылымдарды пайдалана отырып, Алматыда коменданттық сағат енгізу қажет деп санаймыз. Орталық Комитеттің Саяси Бюросы мәжілісіндегі пікір алмасуды ескере отырып, Алматыда коменданттық сағатты енгізу үшін қажетті шараларды қысқа мерзім ішінде жүргізу жөнінде КСРО Қорғаныс министрлігіне тапсырма берілсін». «4-тармақ. Қала халқы болған оқиға жөнінде жедел түрде ақпаратпен қамтамасыз етілсін. Бұл оқиға кейбір адамдардың ұлттық пиғылымен байланысты деген түсініктеме жүргізілсін».

Жастар мен студенттерді, көптеген зиялыларды жаппай жазалау жөніндегі мәселенің қайдан шыққаны осыдан-ақ белгілі болды. Шектеусіз өкілетті нұсқау алған құқық қорғау мен сот органдары дереу «іске кірісті». Кінәлілер болмаса да құқық қорғау органдары оларды «тапты» және «істерін» сотқа дейін жеткізді. Мұндай жағдайда ІІМ, МХК мен прокуратураның қызметкерлері жоғарыдан түскен нұсқауларды бұлжытпай орындап, шеруге шыққандарды жаппай қамай бастады, асығыс жағдайда тергеу жүргізілді. Негізінен, Қазақ КСР-ның қылмыстық кодексінің 60,65 баптары бойынша жаттанды қаулылар шығарылды.

Мысалы, сол кездегі Жоғары Соттың төрағасы Т.Айтмұқанбетов: «Желтоқсан оқиғасына қатысқандар жөніндегі істі тек қана ұлты қазақ соттар ғана жүргізеді, олар ешқандай аяушылдыққа, тергеуді қайта жүргізуге, әсіресе, оларды ақтауға жол бермеулері керек», деген нұсқау берді. Ол кезде жазалау шаралары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Колбиннің, Әкімшілік-құқықтық бөлімнің меңгерушісі Ефимовтың қатаң бақылауында болатын. Тергеу нәтижелерінің барысын оларға Жоғарғы Сот төрағасы тікелей жеткізіп отырды.

Сол жылдардағы Қазақ КСР-інің Конституциясында да, басқа да заң актілерінде төтенше жағдайды енгізу, арнайы құралдарды пайдалану, соның ішінде коменданттық сағатты енгізу көзделмеген еді. Мұндай шешімді тек қана мемлекеттің ең жоғарғы органы – Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі немесе оның Президиумы қабылдауға құқылы болатын. Алайда, осы мәселені шешу үшін Жоғарға Кеңес те, оның Президиум Мәжілісі де шақырылмады. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі мен оның Президиумы дәрежесін анықтайтын 1978 жылғы республика Конституциясының 97 және 106 баптары аяққа тапталғаны бірден көзге ұрып тұр.

Сонымен, әскерді пайдалану мәселесі қаншалықты заңға сай келеді? Әдетте бұл жағдай соғыс болған кезде елдің егемендігін, мемлекеттік шекара және елдің аумағы мен қорғанысын қорғаумен байланыстырылады. Ондай мәселелер 1977 жылғы КСРО Конституциясының 73- бабының 8- тармағына, 121 бабының 15 тармағына сәйкес КСРО Жоғарғы Кеңесі мен оның Президиумының құзырында болатын жағдай. Алайда, болған оқиға бүкіл елдің немесе республиканың мемлекеттік қауіпсіздігіне, территориялық тұтастығына, билік пен басқару органдарының заңды құрылымдарына қауіп төндірген жоқ. Бұл жағдайда әскерді пайдалану заңды белінен басу болып табылады.

Төртіншіден, аталған қаулыда көзделген шаралар баспасөз, митинг пен көше шерулері және бұқаралық жиындар туралы айтылған 1978 жылғы Қазақ КСР Конституциясының 48 бабының 1 бөлігіне сай келмейді. Әсіресе, бұл газеттер, радио мен телевизия арқылы халыққа біржақты ақпарат беру, болған оқиғаны бұрмалап көрсету жөніндегі өктемдік нұсқаулардан байқалады. Билік тарапынан құқық қорғау органдарына, ерікті халық жасақшыларына, әскери құрылымдарға, азаматтар топтап жиналатын жерлерге патрульді күшейту жөнінде нұсқау түсті. Яғни, өкіметтік күштер әкімшілік жазаға тарту мен тұтқындауға, шеруге шыққандарды тінтуге, оларды қуып таратуға, республиканың басқа аймақтарынан келушілер үшін әкімшілік органдар Алматыны жабуға нұсқау берді. Ал бұл сол кездегі республика Конституциясына қайшы заңсыздық еді.

Бесіншіден, республикадағы қазақтар мен басқа ұлттарды әдейі бір-біріне қарсы қою және қандай да болсын ұлттық көріністердің алдын алу шараларын жүргізу жөнінде нұсқау алу, институттардағы студенттердің, ұстаздардың ұлттық құрамын анықтау мен басқару органдарындағы ұлт кадрларына күдікпен қарау түрлі жазалау шараларын іске асыруға мүмкіндік тудырды. Интернационализм ұранын көтеру, шын мәніндегі республикадағы негізгі ұлт – қазақтардың құқығын шектеуге апарды.

Ал Қазақ КСР-і Конституциясының 32 бабында республикада ұлт пен ұлыстың ерекшелігіне қарамастан, барлық азаматтар тең құқылы делінген. Саяси Бюроның қаулысында белгіленген шаралар 1978 жылғы республика Конституциясында жазылған: «Қандайда болсын азаматтардың тікелей немесе жанама түрде құқықтарын шектеу, олардың ұлыс пен ұлт белгісі бойынша тікелей немесе жанама түрде артықшылықтарын белгілеу, сондай-ақ, ұлыс пен ұлттардың араздығын тудыру немесе оларды елемеушілік заң бойынша жазаланады» дейтін 34 баптың 3 бөлігін қасақана бұзуға әкеліп соқтырады.

Алтыншыдан, Қазақ КСР-і Конституциясының 68 бабын Саяси Бюроның өрескел бұзуы. Ол бапта «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы – егеменді, социалистік мемлекет» делінген. Яғни, дербес, тәуелсіз мемлекет дәрежесіне сай Қазақ КСР аумағына әскер енгізуге Саяси Бюроның еш құқығы болмаған. Өйткені, Қазақ КСР-і аумағында болып жатқан оқиғалар республиканың ішкі мәселесі, көршілес республикалардың ешқайсына қауіп-қатер төндіріп жатқан жоқ. 1978 жылғы Конституцияның 78 бабының 3 тармағы бойынша «мемлекеттік тәртіп пен азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау» Қазақ Республикасының өз құқығына жататын мәселе делінген.

Соттан шыққан лаң

Оқырмандардың көбі сараптама қорытындысымен танысқаннан кейін Конституциялық сот қандай шешім шығарды деуі мүмкін. Ол үшін іріктеліп құрылған соттың құрамына назар аударайық. Сол жылдардағы Президенттің кеңесшісі Қ.Сүлейменовтың қолынан шыққан тізім сол күйінде Парламентке түсті. Оның құрамында бір академик, екі профессор, үш заң ғылымының кандидаты, қалғандары түрлі қызмет атқарған тәжірибелі мамандар болатын. Президент әкімшілігінен келген тізімді Мәжіліс депутаттары көп талқыға салмай, бекіте салды. Осылайша республиканың жоғары сот билігінде Конституциялық сот пайда болды.

Оның құзырында қаралатын мәселелер өте өзекті еді. Ол азаматтардың конституциялық қүқығын қамтамасыз етуге, Ел Президентінің қол қойған заңсыз Жарлығы мен заңының күшін жоюға, Парламент пен Премьер-Министрдің заңсыз шешімдерін жоюға және осы аталған лауазымдарды биліктен тайдыруға құқылы болатын. Сот билігінің жоғары бақылаушы органы болып саналатын Конституциялық сот басқа өркениетті елдердегідей өзіне тиісті заң бойынша тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Ата Заңында көрсетілгеніндей, елдің тұрақты, демократиялық және өркениетті дамуын қамтамасыз етуі тиіс болатын. Іс жүзінде олай болмай шықты.

Мысал үшін бұрынғы 12 шақырылған Жоғарғы Кеңес талқыға салған жаңа Конституция жобасын еске түсірейік. Құжат барлық соттарды біріктіруді көздеген болатын. Іле-шала барлық ақпарат құралдары құжат жобасын дайындаушыларға қарсы жаппай «шабуылға шығып», әлемдегі ең «әділ, ізгілікті» сотты тұншықтыруда» деп байбалам салды. Конституциялық сот құрамы да бұл науқанға белсене араласып, қоғамда қалыптасып бара жатқан осындай сәтті пайдаланып, республика жұртшылығы бізді «жаппай қолдауда» деп жар салды.

Конституциялық сот төрағасының орынбасары И.Рогов осы сәтті пайдаланып, абырой-атақ жинау үшін әйгілі Желтоқсан оқиғасына байланысты іс қозғауға мұрындық болды. Алғашқы сот мәжілісі ұзаққа созылмады, көптеген фактілердің жетіспеуіне байланысты ол кейінге шегірілді. Кейінге шегерілу бір жылға созылды. Осы уақыт ішінде сот ішінде дау-дамай пайда болды. Сот екі топқа бөлініп, құқықтық мәселелерді қарауда дәрменсіздік танытты.

Бұл кезде сот төрағасының орынбасары Игорь Рогов та Желтоқсан мәселесінен қашқақтай бастады. Ақыры 1995 жылдың басында Желтоқсан мәселесін қараған Конституциялық сот бұл «іс сотта қаралуға жатпайды» деп оны мұрағатқа тапсырды. Әйгілі Желтоқсан көтерілісі кезінде қазақ жастарын түрлі жазалауға қатысқан Жоғарғы сот құрамында Л.Башаримова, КазГУ-дегі заң факультетінен С.Ударцев пен В.Малиновскийлердің болғанын және оған қоса, қазақ судьяларының анттан тайқып кеткенін ескерсек, бұдан басқа нәтиже күту мүмкін емес еді.

Депутаттар мен қоғам мүшелері Конституциялық соттың шығарған шешімдері басқа соттар үшін үлгі болады деген сенімде болды. Өкінішке орай, көпшілік жұрттың үміті ақталмады. Ғылыми атаққа ие болған сот мүшелерінің шығарған шешімдер сапасы ойдағыдай болмай шықты. Қазақстанның мемлекетшіл және патриоты болмаса да Рогов бастаған КазМУ-дың үш мұғалімдері (С.Ударцев, В.Малиновский, А.Нұрмағамбетов) биліктің сүйемелдеуімен Жоғары сот билігінің шыңына оп-оңай шықты.

Содан болар, бір жерде басы айналған қой сияқты олар саяси шектеу мен жауапкершілікті сезбейтін болды. Көптеген сарапшылар мен саясаткерлер кезінде (1986 ж) Желтоқсан көтерілісшілерін қуғын-сүргінге ұшыратуға қатысқан адамдар қалайша республиканың Жоғары сот құрамына мүше бола қалды және оларды кімдер ұсынды деген сұрақтың жауабын осы күнге дейін ала алмай жүр. Олар шығарған күмәнді шешімнің салдарынан демократиялық жолмен сайланған Жоғарғы Кеңес таратылып, еліміздің дамуы кері бағытқа түсті.

Сол кезде республика Жоғарғы Кеңесінің конституциялық заң және адамдар құқығы жөніндегі Комитет төрағасының орынбасары С.Жүрсімбаев «Советы Казахстана» газетінде (1994 ж.11.11.) былай деп жазған болатын: «следует признать, что не оправдались надежды широких слоев общественности, связанная с введением института Конституционного суда. Призванный быт судебным органом нового типа, он постепенно превращается в элемент административного государственного учреждения, более того, выступает как политизированный орган».

Автор одан әрі былай дейді: « Сот бір жыл бойы істерді қарамай, тек қана қаулы шығарумен шектелуде. Олар кезекті істі тоқтатып немесе сот ісінен алып тастаумен айналысуда. Соттағы дағдарыстың белгісі айқындала және айшықтала түсті». Екінші бір жарияланымда («Панорама» № 46, 1994 ж.)
былай делінген: «Конституциялық сот мүшелері он ай бойы бірде-бір істі аяқтамай, тікелей міндеттерін орындаудың орнына өзара қысастықпен айналысуда, бір-біріне соғыс жариялап, диссертация қорғаумен және … Ата Заңға қарсы әрекет жасаумен шұғылдануда. Мұндай асыра сілтеушілік шалғайдағы артта қалған шаруашылықта емес, заңды қатаң сақтауды міндетіне алған Жоғары сот жүйесінде орын алғаны кімді болсын бей- жай қалдырмайтыны сөзсіз».

Келеңсіз жағдайдың белең алып бара жатқанында оған тосқауыл қойып, сот жұмысын мақсатты бағытқа бұрудың орнына, сот төрағасы М.Баймақанов «болған іс болды, бояуы сіңді» деп, бейжай отыра берді. Ал, сот өз міндетін қалайша атқаруда деген сұрақ қойылатын болса, сол жылдары мамандар мен заңгер ғалымдар Конституциялық сот қараған істердің оның құзырына жататынына күмән келтіре бастады.

Мысалы, 1993 жылдың қарашысында қаралған ең аз тұтыну бюджеті туралы істі алайық. Ал енді біраз уақыт өткеннен кейін осы іске байланысты Конституциялық сот шешімі Қазақстан халқының әл-ауқатын көтерді ме деген сұрақ қойсақ, тұрғындардың бәрі де «жоқ» деп жауап беретіні хақ. Қандай да бір, соның ішінде Конституциялық соттың шешімімен экономиканы көтеру мүмкін емес. Бұл қағида бес жастағы балаға да түсінікті жайт.

Тағы да бір мысал. 1993 жылы Конституциялық сотқа Жоғары партия мектебінің бұрынғы оқытушысы Г.Лупаревтен Президент Н.Назарбаевтың менеджемент, экономика және болжау Қазақ институтын құру жөніндегі Жарлығын тексеру туралы талап-арызы түсті. Бұл талап-арызды тексеру сот мүшесі К.Жалмұқамбетовке жүктелді. Конституцияның қағидаларына қайшы келетін құқық нормаларының бұзылмағанын дәлелдеп, сот мүшесі талап-арызды И.Роговқа қайтарды.

Рогов болса бұл талап-арызды басқа сот мүшесі О.Ықсановқа берді. Ықсанов та Президент Жарлығының ешбір заңға қайшы келмейтінін дәлелдеп, құжатты Роговтың өзіне қайтарды. Бұдан әрі іске құқық қорғау тұрғысынан қараудың орнына, Рогов жұмыссыз қалған Г.Лупаревтың көңілін қалайда жықпаудың амалын іздеп, «аты-шулы» сот процесін өткізуді жоспарлап, істі өз қолына алды. Сот процесі кезінде сот мүшелері басым дауыспен өз әріптестері К.Жалмұқанбетов пен О.Ықсановтардың дәлелдерін толықтай жақтап шықты.

Осы іске байланысты мынадай сұрақтар туындайды. Сот процесін өткізуге байланысты қанша қаржы желге ұшты, қанша адамдар нақты іспен айналысудың орнына, бос сандалумен уақыт өткізді. Осының бәрі еліміздегі салық төлеушілердің есебінен атқарылғанын сот мүшелері біле ме екен? Әрине, сол кезде Конституциялық сот мүшелеріне әртүрлі қысым жасалынды, өкінішке орай, олардың бәрі бірдей оған шыдай алмай, ант пен абыройдан тайқып кеткендер де болды.

Ал, осындай қысымға төтеп беріп, сот анты мен азаматтық борышын өтеген судьялар Сабыр Қасымов пен Григорий Кимдер небір құпиялы деректердің көзін ашып, Конституциялық соттың қарауына ұсынды. Алайда, дайын материалдарды қарап, тиісті шешім шығарудың орнына Конституциялық сот топ-топқа бөлініп, өзара қырқысумен айналысып кетті.

Мұның артында сот төрағасының орынбасары Иван Роговтың біліксіздігі мен кәсіби мамандығының төмендігі және «достар тобының мүддесін» қорғаудағы өзімшілдігі байқалды. Нақтылап айтсақ, сот мүшелері С.Ударцев пен В.Малиновскийлер заңсыз түрде «табыс табу» үшін, сотта істері бола тұра, Г.Лупаревпен бірге КИМЭП-те лекция оқыды.Айтпақшы, Г.Лупарев сотқа түскен тағы да бір талап-арыздың авторы атанды.

Арыздың мәнісі соттың ең жас мүшесі Ж.Бәйішевті Жоғарғы Кеңес Конституциялық сот құрамына ұсынғанда дұрыс сайламады деген айып тағып, оны сот мүшелігінен аластатуға тырысты. Ж.Бәйішевтің тағы бір «кінәсі», оның сот процесі кезіндегі пікірлері сот басшылығының ойымен сәйкес келмейтіні және оның Желтоқсан оқиғасын қарау процесіндегі дәлелдері өте өткір және бұлтартпайтын шындық болатын.

Осылайша үш жылдай жұмыс істеген сот өз әріптесін соттан аластату үшін аты-шулы сот процесін бастауға дайындала бастады. Осы процесс кезінде сот екі топқа жарылып, сот мүшелері арасындағы алауыздық шектен шықты. Мұндай жағдай сот басшылығының дәрменсіздігінен болды. Конституциялық соттың бар жоғы үш жылдай қауқарсыз жұмысына сараптама жасаған мамандар оның қоғам үшін еш нәтиже бермегенін, заң ғылымында еш із қалдырмағанын баса айтты.

Көптеген сауалдар осы күнге дейін жауапсыз қалуда, сотты үн-түнсіз таратып жібергені қалай, деген сұрақ көпшіліктің көкейінде осы күнге дейін жүр. Бұл арада ешкімді кінәлауға болмайды. Қай бір сот жүйесі үшін олардың негізгі ұстанымы елдің Конституциясы мен заңдары және Құқық болуы тиіс. Өкінішке орай, бұрынғы Конституциялық сот өз беделін арттыруды құқықтан емес, шым-шытырық саяси ойыннан іздеді. Олар ойсыз ойыннан от шығатынын ескермеді. Сот саяси ойыннан пайда табам деп жүріп, мемлекет пен қоғам мүддесін естерінен шығарып алды.

Өкінішке орай, бүгінде біздің қоғамда Конституцияның негізгі баптарының ескерілмеуі үйренішті жағдайға айналды. Олар қандай бір күмәнді табысқа жету үшін негізгі заңның баптарын аттап өтуге әрдайым дайын тұратынын аңғартты. Осындайда дана бабаларымыздың «жаман әдет, жастарды тура жолдан тайдырар» деген нақылын келтіре кеткенді жөн санаймын. Әрине, жаңа Ата Заң қазіргі біздің қоғамға өте-мөте қажет.

Бүгінгі қолданыстағы Конституцияға түбірлі өзгерістер енгізу – уақыт талабы. Ал, Конституциялық сотқа келетін болсақ, Президент пен Парламенттің және соттардың, әсіресе, шектен шыққан біздің күштік құрылымдар, әкімшіліктер мен министрлердің Конституцияның баптарын бұлжытпай орындауы үшін демократиялық қоғамда Конституциялық соттың болуы өте қажет. Ата Заң бойынша Президенттен бастап қарапайым азаматтарға дейін баршамыздың құқығымыз тең екенін түсінетін кез келді. Ата Заңды құрметтемесек, онда бүкіл еліміз бен халқымыздың құқығын ескермегеніміз.

Мейрам Байғазин,
Нұр-Сұлтан қалалық ардагерлер Кеңесінің мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар