Тәуелсіздік жылнамасындағы – Бурабай ауданы

Дерек пен дәйек

2009 жылдың 3 қыркүйек күні Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен аудан атауы Бурабай болып өзгертілді. Табиғаты тамылжыған курортты өлкенің мақтанышы – мемлекеттік ұлттық «Бурабай» паркі. Бұл өңірде туризмді дамытуға мол мүмкіндік бар.
Ауданда бір поселкелік, 10 ауылдық округ бар. Қазіргі күні 74 мыңнан астам адам тіршілік етуде. Аудан еңбеккерлерінің үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығында орташа еңбек айлығы 189056 теңгеден айналды.
Статистикалық деректерге қарағанда, ауданда 5138 шағын және орта кәсіпкерлік жұмыс істейді. Бұл орайда біршама өсім бар екендігін айта кетуіміз керек. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда бұл орайдағы көрсеткіш 103,1 пайызға өскен. Сөз арасында ауданда құрылыс жұмыстарының қарқынды жүргізіліп жатқандығын айта кетуге болады. Өткен тоғыз ай ішінде 13452 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Жұмыспен қамту орталығына 1118 адам өтініш жасаса, жыл басынан бері 1322 жаңа жұмыс орнының ашылғандығын, оның 990-ы тұрақты жұмыс орны екендігін айта кетуіміз керек.

Алға ұмтылған өңірдің ахуалы

Үстіміздегі жылдың басынан бері ауданда негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер біршама өсе түсуде. Ауыл шаруашылығы өнімдері молынан өндіріліп, құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жаңа жұмыс орындары да көптеп ашылуда. Атап айтқанда, бес мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері біршама табысты жұмыс істеуде. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда олардың үлес салмағы 103 пайызға артып отыр.

Жаман тұмау жайлағалы тығырықтан шығар жол іздеген аудан кәсіпкерлері «Ashyk» жобасына белсенді қатысуда. Қазір 422 нысан осы жоба бойынша жұмыс істейді. Бір дәтке қуаты аудандағы кәсіпорындардың басым көпшілігі қиын кезде де еңбек ұжымдарын сақтап қалды. Еңбекақы да уақытылы берілуде. Үстіміздегі жылдың алғашқы жарты жылдығында орташа еңбекақы көлемі 189 мың теңгеден айналды.

Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында мемлекет тарапынан қомақты қаражат бөлініп келе жатқандығын атап айтуымыз керек. Мәселен, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жалпы көлемі 2,8 миллиард теңге болатын түрлі жобалар жүзеге асырылды. Аудандағы ауыл шаруашылығы біршама қарқынды дамуда. Жалпы өнімнің көлемі 42,2 миллиард теңгеге жетті. Жаңадан бірнеше тауарлы-сүт фермалары құрылды. Егін орағы да сәтті аяқталды. Гектар берекесі 11 центнерден айналды. Өндіріс көлемінің өсімі де бар. 28,2 миллиард теңге инвестиция тартылды. Құрылыс жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда пайдалануға берілген шаршы метр көлемі 9,8 пайызға көп.

Аудандағы өзекті мәселелердің бірі – автомобиль жолдарын жөндеу. Бұл жұмысқа 4,2 миллиард теңге бөлініп, игерілді. Щучинск қаласының өзінде 9 көше жөндеуден өткізілді. Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамыту бойынша 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

Жергілікті билік тарапынан халыққа әлеуметтік қолдау көрсетуге жете мән берілуде. Айталық, жұмыспен қамту орталығына ағымдағы уақыт ішінде 1118 адам өтініш білдірсе, мың адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Аудан аумағында 200-ден астам спорттық нысан бар. Спортшыларды қолдау мақсатында Щучинск қаласында жаңа заманғы спорт сарайының құрылысы басталды.

Ірімшікке ықылас игілікке айналды

Руслан Соколов дәмі тіл үйірген ірімшікке ежелден құмар болатын. Бірде жеңсік астай осы бір тағамды өз қолымен жасап көрмек болды. Талмай талаптануының арқасында қыр-сырын үйреніп, аз ғана уақыттың ішінде әлденеше түрін жасайтын шынайы шеберге қалай айналып кеткендігін аңғармай қалған жайы бар.

Осыдан үш жыл бұрын ірімшікті үйде, кәдімгі шағын ыдысқа қайнатып жасай бастады. Әлеуметтік желі арқылы бұл тараптағы білімін біртіндеп жетілдірді. Әуелі құпиясы қатпар-қатпар, қолдан келмес қияпат іс тәрізді болып көрінгенімен, бұрынғылардың тәжірибесін бүгінгі біліммен байытып, ойға алған шаруасын дөңгелететін кәсіпкерге айналды. 2020 жылы «Sokolov’ s Cheese» өз қолымен тұрғызған үй жанындағы шағын цехы әуел баста межелегеніндей толық қуатында жұмыс істей бастауы мұң екен, өзі тұрып жатқан Қатаркөл елді мекені ғана емес, Бурабай баурайына бірден танылып шыға келді. Шағын цехта «Качотта», «Тома», «Азиого», «Рикотта», «Нострано» тәрізді италия технологиясы бойынша дайындалған 19 түрлі өнім шығарады.

Кәсіпкермен тілдестік. Бұл тақырыптағы түсінік жұтаңдау болғаннан кейін қайта-қайта тәптіштеп сұрауға тура келді. Ал, кәсіпкердің өзі жанына жақын жұмысын құтты бір әдемі жырдай қылып айтады екен. Кәдімгі сүттен ірімшікке айналғанға дейінгі барлық үрдісті, бар ынтасымен. Ажарлы әңгіменің соңында осы бір іске деген ынта-ықыласының молдығына тәнті болдық. Ісінің алға басуы да өз шаруасын жанындай жақсы көруінен-ау деп топшыладық.

Жаңа іс – қашанда құпиясы мол, күрделі тіршілік. Тұңғиығына сүңгу үшін талмас талап керек. Қажыр-қайрат үстемелеп жатса, тіпті жақсы. Ірімшікке құмар жас кәсіпкер 2019 жылы Тверь қаласына барып, ірімшік дайындаудың алғашқы әліппесін үйренген.

Ал, шағын цехтағы қажетті құрылғыларды өз қолымен жасап алыпты. Мына бір электр тогы арқылы жұмыс істейтін, 400 литр сүт сиятын қазанның сызбасын Алматы қаласынан алдырған. Өз түсінгенімізді айта кетелік, қазандыққа сүт құйылған соң қажетті жылыту деңгейіне қойылады, әрі қарай ұшы-қиырына жөпшеңді адамның түсінігі жетер-жетпес қиын да қарбалас іс басталады. Бажайлап қарасаңыз, кәдімгі ірімшікті дастарханға жеткізгенше бел жазбай жұмыс істеу керек екен. Бір айта кетерлігі, ірімшіктің тәбет ашар тәтті иісі аңқып тұрған шағын цехтағы барлық құрылғыны Русланның өзі жасап шыққан. Өзіне ыңғайлы етіп. Соған қарағанда, ірімшік дайындаудың хас шебері он саусағынан өнер саулаған шебер болғаны да. Әр затты көрсетіп, атқаратын қызметін түсіндіріп, бақайшақтап айтып берді.

Кәсіпкер қажетті шикізатты жергілікті фермерден тұрақты сатып алады екен. Өзі де асыл тұқымды ешкі өсіре бастапты. Қазір сол ешкілердің сүтінен қатты және жартылай қатты ірімшік дайындауда. Сатып алуға тілек білдірген тұтынушыларда толас жоқ. Өйткені, олар Русланның ірімшіктерінің өте сапалы екендігін өте жақсы біледі. Әсіресе, жоғары сұрыпты «Монтазио», «Пармезан» тәрізді ірімшік түрлеріне сұраныс көп.

Бүгінде кәсіпкер өнімдерін облыс орталығы мен Нұр-Сұлтан және Қарағанды қалаларына жөнелтуде. Кәсіпкердің ойынша, тұтынушыларды осындай тағамдармен қамтамасыз етуде олқылық бар. Демек, өз өнімдерінің дүкен сөрелерінде жатып қалмайтындығына бек сенімді.

Ендігі мәселе шалғайдағы шағын ауылдардың төрт түлік малының игілігін толық көре алмай отырғандығы туралы. Итальяндық ірімшік қайнататын шеберлердің технологиясын тамсана айтып отырғанымызда, ұлттық тағам түрлерінің ұмыт болғаны еске оралғаны. Біздің әжелеріміз де құрттың неше түрін, ірімшіктің саналуанын жасады емес пе?! Облыс орталығынан жырақта жатқан ауыл тұрғындары бағымындағы екі-үш малдың сүтін күн сайын тасымалдай алмайды. Есесіне, ұзақ уақыт бұзылмайтын құрт қайнатып, иігілігін молайтуға әбден болар еді.

Қатаркөл ауылы.

Ағып жатқан бұлақ та байлық көзі…

Тәуелсіздік деген қасиетті сөз тіл ұшына оралғанда көкірегің уылжып кетеді. Рух еркіндігі, бодандықтың бұғауын сыпырған бостан, еркін шақ ел еңсесін көтерумен қатар, кеңестік кезеңнің кесапатынан құтылуға кең жол ашты. Бурабай баурайында атауы су көзіне байланысты болғанымен, таңдайына таза су тимей келген Ключевое елді мекені бар.

Алдымен кешегі кеңес заманында Бурабай баурайындағы сансыз бұлақтың, сарқырап аққан су көздерінің жабылғандығы туралы өзекті өртейтін өкінішті айта кетейік. Тың және тыңайған жерлерді игерудің жөн-жосықсыз жүргізілуі себепті ажары айдай өлкенің дидарына кіреуке түскендігі ащы шындық. Соқа тісі құйқалы жердің қыртысын ақтарумен қатар, сансыз бұлақтың көзіне құм құйды. Бүгінде қайта тірілту, аршып алу оңайға түспей жатыр. Құтты кеңестің кертартпа саясатымен уланған адамның көкірегі сияқты. Еске түссе, жан сарайың удай ашитыны бар.

Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, заманында осы бір шағын ауылдың алғашқы қазығы қағылған кезде төрт құбыла тегіс бұлақ суына мелтектеп тұрыпты. Айнала тау жиектей өскен ит тұмсығы өтпейтін қалың орман. Жіліктің майындай ауа ше? Жұтқан сайын құмарың арта түседі. Табиғат ансамблінің ажарын бір-бірімен жарыса аққан ақ бұлақтар ажарландырып тұрған. Бұлақ суы адамның да, малдың да мейірін қандырған. Кейін тамаша табиғатқа жаны ашымаған безбүйректіктің салдарынан біржола, енді қайтіп ашылмастай болып бітелген.

Бұлақ қана емес, Бурабай баурайындағы көлдер де көресіні көп көрген. Айталық, 1956 жылғы жан-жақты зерттеу барысында Әулиекөлдегі су көлемі 36,2 миллион, Айнакөлдің су көлемі 250 миллион текше метр болса, 2000 жылғы дерек бойынша Әулиекөлдің су көлемі 33,2 миллион, Айнакөлдің су көлемі 122 миллион текше метр ғана болған. Шабақты көлі де осы кепті киіп отыр.

Көлдердің суалуына бұлақтардың бітелуі де әсер етеді. Жерастымен жалғасатын көлдерге бұлақ арқылы құйылатын мол су жетпей қалды. Батыс беткейдегі Иманай сарқырамасы да жаны ашымастардың пейілінен пүшайман. Оңтүстік шығыс жақтағы Әулиекөл мен Қатаркөлдің арасын қосып жатқан Сарыбұлақ өзені де шерленіп, жылап ағатын болды.

Сулы, нулы жерде отырып, тіршілік нәріне қолы жетпеген қиын екен. Ресейде туып-өскен кәсіпкер Арман Табулдин 2010 жылы Бурабай баурайына демалуға келген. Төңіректі зерек көңілмен зерделеген. Сөйтсе көл жағасындағы бір қауым ел таза ауыз суға жарымай отыр. Өзінің айтуына қарағанда, жағасын ұстардай болған. Алғашқы ойы тіршілігі қыж-қыж қайнап жатқан Нұр-Сұлтан қаласына табан тіреу екен. Үйдегі ойды базардағы нарық бұзып, таза судың зарын тартып отырған Бурабай баурайын өзінше зерттеген.

Сөйтсе, таза, мөлдір суға қарық қылатын жағдай әбден бар екен. Ол үшін табиғат сыйы – бұлақ көзін аршып, ілкімді пайдаланса, жетіп жатыр. Кәсіпкер дүниеге пайданың көзімен қарайтыны белгілі. Бірақ, сол пайдасы төл табиғатты тірілтіп, шарапаты адамдарға тиіп жатса, ғанибет емес пе?! Сол жылы табиғи минералды ауыз су өндіретін жаңа технологиямен жабдықталған цех ашуды қолға алды. Шағын ауылдағы үлкен ұмтылыс.

Алғашқы төрт жыл ізденумен өтті. Тіршілік тамыры солғын соғып жатқан Ключевое ауылына көш басын тірегеннен кейін көнекөз қарияларды жағалап, бұлақ көзін іздеген. Біреуін емес, бірнешеуін тапты. Жергілікті жұрт көз жасындай тап-таза, мөп-мөлдір суды пайдалануды баяғыда қойған. Бұл неткен берекесіздік десеңізші, ауылдың іргесінде сарқырап бұлақ ағып жатса, малға да, жанға да ырыздық емес пе? Бұлақ суының бұрынғы аңғары менмұндалап сайрап жатыр. Қураған қау шөп басқан, тұрмыстық қалдықтар үйілген. Әйтеуір, сорабы бар.

Бұлақ көзін тазалау үшін мамандарды шақырған, ауыл адамдарын жұмылдырды. Әйтсе де күткеніндей ақ бұлақтың арнасы суға тола қоймады. Бірнеше жылға созылған, жолына кесе-көлденең жатып алған қиындық атаулы алға ұмтылған бетін қайтара алмады. Үнемі ізденістің үстінде болды. Ақыр соңында мамандар бар бұлақтың көзі біржола бітеліп қалған, енді қайтып ашылатын емес деген қорытынды жасады.

Тіпті Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Су ресурстары комитетінің мамандарының қорытындысы да үмітін үзген жоқ. Өктемдік жасағандарға өкпелегендей бұлақ суы жер астындағы тамырынан ажырап, басқа тараптан бағыт тапса керек. Тамыршыдай тап басып табу тіпті де мүмкін емес. Төрт жыл өткеннен кейін өзгеше өріс тапқан су жылғасы кезікті. Сондағы қуанғаны-ай. Іргедегі Ресейде, ормандай орыс ішінде өссе де, өз ана тілінде «талпынған жетер мұратқа!» деп алақайлап Бурабайдың баурайын жаңғыртып айғай салған. Табиғаттың тартуын тапқанына қуанған. Енді қайтсін төрт жылғы еңбегінің нәтижесі емес пе?! Тәуелсіздік шуағы төгілген Бурабай баурайы мөлдір суға қарық болардай.

Әлденеше метр тереңдікте булыққан бұлақ суы жер бетіне шығуы үшін иненің жасуындай саңлау таба алмай қыстығып тұр екен. Атойлап атқылаған бұлақ суының биіктігі тұп-тура он метрге жеткен, бәлкім одан да биік. Көзін кеңейтіп, тереңдетіп 26 метрге дейін қайта қазғанда зәмзәм су дерлік, мөп-мөлдір, тәп-тәтті су шыққан. Су мамандарының барлық ұсынысын бұлжытпай орындаған. 2010 жылы өз қаржысына табиғи таза су өндіретін цех құрылысын салып, екі жылдың ішінде аяқтап шықты. Одан кейінгі үш жыл уақыты жаңа технологияларды батыл енгізе алатын арнайы құрылғыны алып орнату, бұлақ көзі маңында санитарлық аймақты абаттандыруға жұмсалды. Табиғатты пайдалануға рұқсат беретін заңнамаға сәйкес міндетті істерін мүлтіксіз атқарып шықты.

–Ел тәуелсіздігінің арқасында ата-бабамыздың ақ бесігіне қоныс аударғаннан кейін бір пайдамыз тиюі керек қой, – дейді кәсіпкер, – құрылыс саласында жұмыс істеп жинаған қаражатым бар еді. Ел назарынан тыс қалып жатқан осы бір іске жұмсап, бұлақ көздерін ашып, табиғаттың тартуын елдің игілігіне айналдырсақ, нәтижелі іс болмай ма?

2019 жылдан бастап жер қойнауынан шымырлап ағып шығып, өзімен бірге адамзатқа шипасы тиер бар дәруменді ала шығатын мөлдір бұлақтың кәусар суын бөтелкеге құя бастады. Алғашында тегін таратты. Елдің назарын аудару үшін, еңбегінің нәтижесін дәлелдеу үшін. Зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға жеңілдік жасалған. Мәселен, тұтынушыларға 19 литр ыдысқа құйылған суды 600 теңгеден босатса, жеңілдік жасалғандарға 500 теңгеден береді. Жалғызілікті жандар мен балалар үйіне тегін.

Осыдан бір жыл бұрын кәсіпкер Арман Табулдин жарты, екі, бес литрлік су сиятын ыдыстарды өзі жасау үшін ресейлік құрылғыны сатып алыпты. Қазір Бурабай баурайына қысы-жазы дүмеп келіп жатқан халық Арман армандаған «AQUA BURABAY» атты бұлақ суына мейірін қандырып жүр. Алдағы уақытта облыс орталығы мен Нұр-Сұлтан қаласын қамтымақ. Талай жыл бойы жер астындағы бітелген бұлақ көзін іздеп, бейнетке батса да алған мақсатынан қайтпаған жігерлі азаматтың бұл орайдағы ойы оңынан оралатындығына бек сендік.

Кешегі кеңес заманында ел ертеңін ойластырмаған оралымсыздықтан бітелген бұлақ көзін тәуелсіздік жылдарының жігерлі жігіті ашып, тәмам жұртты таза сумен жарылқап отыр. Еркін, азат елдің ерлерінің әрқайсысы осындай бәтуалы бір істі қолға алып, ел игілігіне айналдырып жатса, бағамыз жанбай ма?!

Мал баққанға, істің көзін тапқанға бітеді

Ауданда тауарлы-сүт фермасын көбейтіп, өңірдің өзін ғана емес, облыс орталығы мен Нұр-Сұлтан қаласын да сапалы мал өнімдерімен қамтамасыз етуге деген ұмтылыс бар. Бұл іздненіс нәтижесіз де емес. Мал басы өз төлі есебінен өсіп, ырысты өңірдің игілігі молайып келеді.

Дәнді дақылдар өсірумен айналысатын «Б.Д.Әбдірахманов» жеке кәсіпкерлігі мал өсірумен де айналысуда. Осы арада екі саланы бірдей алып жүрудің ең алдымен ел үшін тиімді екендігін екпін түсіріп айта кетуге болады. Айталық, ауыл шаруашылығымен айналысатын көптеген серіктестіктер тек егіншілікті қалайды.

Ауа райы қолайлы болса, пайдаға кенелмек. Есесіне, малға қарағанда бейнеті де аз. Бірақ, мұндай сыңаржақтылықтың ауыл үшін қолайсыздығы да бар. Таратып айта кетелік, тек егін егумен елдің көсегесі көгермейтіндігі белгілі. Олар серіктестікте көктемгі егіс және күзгі орақ науқаны кезінде ғана жұмыс істейді. Қалған уақытта қол қусырып қарап отыруға мәжбүр. Ел ішінде механизатор мамандығының қадірін кетіріп тұрған жай да осы. Егер серіктестік екі саланы егіз дамытса, ауыл адамдарына жыл бойы тұрақты жұмыс орны болар еді. Ал, бұл ұмтылыс шалғайдағы шағын ауылдардың шаңырағын шайқалтпай ұстап қалуға септігін тигізеді.

Біз тәжірибесін шымшымдап таратқалы отырған ұжым талай сынақтан өтіпті. Бизнес әлемінің заңы қатал екендігін осы терінің пұшпағын илеп жүргендердің бәрі біледі. Әйтсе де ағайынды жігіттер өздерінің отбасылық бизнестерінің түтінін түзу ұшырып отыр. Тауарлы-сүт фермасының аумағында еңселі, жылы да жарық, жаңа заманның үлгісіне сай салынған екі ферма бар. 200 бас сауын сиырға лайықталған бірінші ферма 2015 жылы тұрғызылыпты.

Бір айта кетерлігі, бұл ферма өңірде өндірілетін құрылыс материалдарын пайдалану арқылы көтерілген. Арада үш жыл өткеннен кейін қанатын кеңге жаюды жан-жақты ойластырған ұжым басшылары тағы бір ферма салуға бел буған. Сөйтіп, 280 бас сауын сиырға арналған ферма бой көтерді. Екі ферманың арасында аумағы атшаптырым, сауын сиырлардың бой жазуына қажетті алаңқай салынып, мұқият қоршалған. Фермада мал азығын байытып, өңдеп беретін өз зауыттары да бар. Алдымен өздерінің бағымындағы малды қамтамасыз еткеннен артылған мал азығын төңіректегі шаруашылықтарға сатады.

20 сауын сиырды бір мезгілде сауатын жеке орын бар. Онда «Kurtsan» түрік компаниясының ең соңғы үлгідегі құрылғылары қойылған. Сүті бұлақтай асыл тұқымды сиырлар осы арада сауылады. Ақылды техника сүт құрамын бірден анықтайды. Сиырдың ағзасында ақау болса, бірден белгілі болады. Алда-жалда ондай жағдай туындай қалса, мал дәрігері бөліп алып, ем-домын жасайды. Осы бір ілкімді іске қарап тұрып, мал бағу ісінің де жыл сайын жаңғырып келе жатқандығын аңғаруға болады. Кешегі кеңес заманындағы үрдіс әлдеқашан ескірген екен.
Бүгінде 300-ден астам сауын сиыр сауып отырған шаруашылық өздерінің оңқай асықтай оңғарылып тұрған ісін 2015 жылы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы несие алып бастаған екен.

Несиеге 57 симменталь тұқымды сиырды және үш бұқаны сатып алыпты. Қазір шаруашылық басшылары өз істерінің өркендеуіне ең алдымен талаптарының, алға ұмтылсақ деген ниеттерінің себі тигендігін және ойға алған шаруаны мемлекеттің қамқорлығының арқасында жүзеге асырып отырғандықтарын ризашылық пейілмен айтады. Бағдарламаның тиімді екендігіне көздері жеткеннен кейін 2018 жылы 60 бас монбельярд, 36 бас симменталь тұқымды сауын сиыр сатып алған. Бүгінде мал басы ерекше күтімнің арқасында өсіп келеді. 210 сауын сиырды сауып отыр. Әр күн сайын 600 келі төңірегінде сүт сауып, Көкшетау қаласындағы «Гормолзавод» серіктестігіне жөнелтеді.

Осы он жылдың ішінде ауқымды істі ұйымдастыруға мұрындық болып жүрген Болат Әбдірахманов сүт өндіру бағытының табысы ет өндіру бағытынан кем түспейтінін дәлелдеп-ақ келеді.

– Әркім өзінің қолынан келетін шаруаны істеуі керек, – дейді Болат Әбдірахманов, – айталық біз сапалы сүт өндіріп, сүт зауыттары жақсылап өңдеп, тұтынушының дастарханына жеткізсе, жемісті желі пайда болар еді.
Шаруашылықтың өз егістік алаңы бар. Онда мал азығына қажетті дақылдар өсіріледі. Машина-трактор паркі де жыл сайын толықтырылуда. Мал азығын тарататын техникада да қапы жоқ. Үстіміздегі жылы қолда бар техника тағы да жаңартылып, «Lovol» тракторы алыныпты.

Қол байлайтын кедергі де аз емес, соның бірі – жұмыс қолының жетімсіздігі. Жалақылары тәп-тәуір. Шаруашылық басшысы келіп жұмыс істейтіндерді ынталандыру үшін іргедегі Атамекен ауылынан бірнеше босаған үйді сатып алып, мұнтаздай етіп жөндеп қойыпты.

–Мысалы сауыншы тәулігіне бес-ақ сағат жұмыс істейді. Таңғы және кешкі сауын, – дейді Болат Әбдірахманов, – сол бес сағаттық жұмысына орай айына 150 мың теңге еңбекақы алса, жаман емес қой. Тауарлы-сүт фермасына келіп жұмыс істейтіндер болса тұрғын үймен қамтамасыз етеміз және ол үйді келген күні атына жазып береміз.
Шаруашылық басшысының айтуына қарағанда, жалғыз сауыншы ғана емес, механизатор, мал дәрігері де жетіспейді екен. Шабындық және дәнді дақылдар егетін алқапты кеңейтсе, жүйелі жоспар жасап, алға ұмтылып отырған тауарлы-сүт фермасының қуаты біршама арта түсер еді.

Атамекен ауылы.

Бетті ұйымдастырған Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар