Тәуелсіздік жылдары құқықтық мемлекетті орнықтыру жолында біраз реформалар жүргізіліп келді, ол әлі де жалғасуда. Мұның өзі адам құқығын қорғауды халықаралық талаптарға сай жүргізудің зор мүмкіндігін ашты. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында прокурорлық қадағалауды жақсартудың адамдардың заңды мүдделерін қорғауды мейлінше жақсарта түсетіндігін атап көрсетті. 2020 жылы Мемлекет басшысы қылмыстық процестің үш буынды моделін енгізуді тапсырған болатын. Осы бағытта атқарылып жатқан істер жайлы Ақмола облысының прокуроры Айдос Серікханұлы Майлыбаев облыстық «Арқа ажары» газетінің сұрақтарына жауап берді.
Сұрақ: – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы қылмыстық процестің үш буынды моделін енгізуді тапсырды. Осы жайлы толығырақ айтып берсеңіз.
Прокурор: Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында Қазақстанда өкілеттіктерді нақты бөле отырып, үш буынды модель енгізуді тапсырды. Осы Жолдауында Президентіміз «Заң үстемдігі орнықпаса және азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайды. Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл, шын мәнісінде, «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы. Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығару қажет, – деп атап көрсеткен болатын.
Қашан болсын, азаматтардың мүддесіне қызмет ететін мемлекеттің жаңа стандарттарын әзірлеу үшін көп жұмыс атқару керектігін алға тартқан Президентіміз осы тұрғыда құқық қорғау органдары және сот жүйелеріне негізгі рөл жүктелетіндігін, сондықтан бұл салаға реформа аса қажеттігін де атап көрсетті. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы еліміздегі бүгінгі ахуалға орай, азаматтардың сұраныстарына ықылас танытуға тиіс құқық қорғау органдарының алдына жаңа талаптар да қойды.
«Бізге азаматтардың құқығын заманауи тұрғыдан қорғауды қамтамасыз ететін және жоғары халықаралық талаптарға жауап беретін үлгі керек. Қазақстанда өкілеттіктердің ара жігі нақты ажыратылған үш буынды модель құру керек деп санаймын», – деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы айтқандарын жүзеге асырудың маңызы зор екендігін айтқан ләзім.
Қазақстан Республикасының заңнамасындағы өзгерістерге сәйкес ағымдағы жылдың басынан бастап қазір қылмыстық процестің жаңа үш буынды моделі жұмыс істей бастады. Бұл модель үшін үш құрылым жауап береді: полиция, прокуратура және сот. Құрылымдар арасындағы өкілеттіктер нақты бөлінген. Бірінші буын – полиция – сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асырады, іс бойынша дәлелдемелер жинайды. Екінші буын – прокуратура – жиналған дәлелдемелерге тәуелсіз баға беруге, азаматтардың құқықтарының бұзылуына, кінәсіз азаматтарды қылмыстық процесс үдерісіне заңсыз тартуға жол бермеуге, сотта айыптауды қолдауға міндетті. Үшінші буын – сот – құқық қорғау органдарының әрекеттеріне шағымдарды қарайды және іс бойынша түпкілікті шешім шығарады.
Сұрақ: — Сонда бұл модельдің бірегейлі мен тиімділігі неде?
Прокурор: – Бұл модельдің бірден-бір ерекшелігі іс материалдары бойынша негізсіз әрі заңсыз шешімдер қабылдаудан қорғауға ықпал етеді. Ендігі арада кез-келген іс ең әуелі үш буынды модельдің ерекшеліктеріне сәйкес, былайша айтқанда сүзгіден өткізіледі. Бұл сөз жоқ, заңды талаптардың бұрмаланбауына қол жеткізудің ең бір тиімді жолы.
Cұрақ: – Нақтылап айтар болсақ, прокурормен қандай іс келісіледі және қай істі прокурор бекітеді?
Прокурор: – Бұл кезеңде прокурор адамды күдікті деп тану туралы қаулыны, күдіктінің іс-әрекетін саралау, қылмыстық құқық бұзушылықты саралау, сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдерін үзу, сондай-ақ, қылмыстық істі не қылмыстық қудалауды тоқтату туралы процестік шешімдерді, қылмыстық теріс қылық туралы хаттаманы және бұйрық өндірісін тану туралы қаулыны бекітеді. Дәл осы жерде прокурор тергеудің барлық процедуралық кезеңдерін бақылап отырғанын байқаймыз.
Прокурормен келісілмеген негізгі шешімдер заңсыз болып саналады.
Сұрақ: – Жауабыңызға рақмет. Енді шешімдерді келісу процесі қалай жүргізілетіндігіне де тоқталып кете аласыз ба?
Прокурор: – Көптеген мемлекеттердегі технологиялық инновациялар мен IT-технологиялар саласындағы дамудың күшейтілген қарқыны ескеріле отырып, біздің мемлекетіміз үшін де цифрландыру стратегиялық басымдыққа айналды.
Мұндай цифрлық экожүйенің дамуы қылмыстық істерді сотқа дейінгі тергеп-тексеру және оларды сотта қарау жүйесіне әсер етпей қоймайды.
Цифрлық технологияларды пайдалану есебінен экономикалық прогреске және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы басталды.
Осылайша 2018 жылы Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының «Қылмыстық сот ісін электрондық форматта жүргізу жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» бұйрығы шықты.
Тергеушінің әрбір шешімі қорғалған ақпараттық жүйеге енгізіледі. Ағымдағы жылы істердің 73 пайызы бойынша тергеу электрондық форматта жүргізілді. Прокурорлар бұл істерді онлайн-режимде қадағалап отырды. Бұл тергеудің ашықтығын қамтамасыз етеді.
Цифрлық технологиялар және қылмыстық процесті цифрландыру енгізілген реформаның оңтайлы жұмыс істеуіне тікелей әсер етеді.
Прокурорлар үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде қылмыстық іс материалдарын онлайн-режимде қадағалау әлдеқайда ыңғайлы.
Е-форматта сотқа 524 қылмыстық іс жолданды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 100 пайызға көп (2020 жылы – 262). Бұл форматтағы жұмыс оң нәтиже береді, өйткені, қылмыстық іс материалдарының бұрмалануын болдырмайды, сондай-ақ, азаматтарды қылмыстық процестің шеңберіне негізсіз тарту фактілерін болдырмайды.
Сұрақ: – Прокуратура қызметкерлері бұл бағытта қандай нәтижелерге қол жеткізді?
Прокурор: – Көрсетілген кезеңде прокурорға келісуге және бекітуге 16 938 процестік шешім келіп түсті. Оның ішінде 15 539 (89,6%) келісілді және бекітілді, 1 399 (10,4%) келісуден бас тартылды.
Прокурорлармен келісілген және бекітілген негізгі шешімдер бойынша азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуына жол берілген жоқ. Қылмыстық процесс шеңберінде 138 азаматты негізсіз жауапқа тартуға жол берілген жоқ. 38 азаматтың іс-әрекетін саралау туралы қаулыны, 100 азаматты күдікті деп тану туралы қаулыны келісуден бас тартылды.
Сұрақ: – Құқық қорғау жүйесінде басқа қандай жаңашылдықтар орын алуы мүмкін?
Прокурор: – Келесі жылдан бастап прокурорлар аса ауыр қылмыстар бойынша айыптау актілерін дайындайтын болады. Бұл ретте тергеу, дәлелдемелер жинау, ашу, қылмыстық құқық бұзушылықты саралау бұрынғысынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарында қалады.
Қорытындылай келе, Қазақстан Республикасының заңнамасына енгізілетін барлық өзгерістер, ең алдымен, біздің азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталғанын атап өткім келеді! Жуырда ғана еліміз өзінің 30 жылдығын атап өтті. Салтанатты жиында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Тарихи уақыт өлшемімен қарағанда отыз жыл деген – қас-қағым сәт. Ал, өткен оқиғалар тұрғысынан бағаласақ, ғасырларға татитын мерзім. Қазақстан халқы үшін бұл – азаттық жылнамасының тұтас дәуірі. Жарқын болашағымызға жол салған ұлы жетістіктер кезеңі.
Енді Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығына қадам басқалы тұрмыз. Бұл кезең бізге жаңа міндеттер жүктейді. Мемлекеттігімізді одан әрі нығайтып, халқымыздың әл-ауқатын арттыра түсуіміз керек. Сондықтан, барлық саладағы реформаны міндетті түрде жалғастыра береміз. Ең бастысы, бейбіт өмірді, тыныштық пен тұрақтылықты сақтай білуіміз қажет», – деп атап көрсеткен болатын. Осы орайда, прокуратура органдары да заңдылықты нығайта отырып, қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз етуге қызмет жасайтын болады. Тәуелсіздікті нығайту, елдің бірлігі мен ынтымағын қамтамасыз ету баршамыздың абыройлы парызымыз болып қала бермекші.
–Уақыт тауып, біздің сауалдарымызға жауап бергеніңізге ризашылығымызды білдіреміз!
Әңгімелескендер Қайырбай ТӨРЕҒОЖА,
Владислава КОКОРИНА.