2009 жылы Ш.Уәлиханов университетінің филология және педагогика факультетінің бастамасымен негізі қаланған «Жауқазын» студенттік жастар театр студиясына биыл 14 жыл толды. Жастар театр студиясы осы уақыт ішінде бірталай жетістіктерге жетіп үлгерді.
2011 жылы Марий Эл республикасында өткен халықаралық фестивальда екінші орынды иеленсе, 2019 жылы Өскемен қаласында студенттік жастар театрларының арасында болып өткен фестивальде үшінші орын алып, екі Алғыс хатпен марапатталды. 2019 жылы қазіргі Нұр-Сұлтан қаласында болған «Үміт» фестивалінде «Көрермен көзайымы» номинациясына ие болып, тағы да Алғыс хатпен марапатталған театр пандемия кезінде де өз жұмысын тоқтатпады. 2020 жылы тағы да сол Марий Эл республикасының астанасы Йошкар-Ола қаласында өткен халықаралық «Лаборатории исскуства» жастар фестивалінде театр актрисасы Аида Үркінбай дипломға, ал жетекшісі Алғыс хатқа ие болды.
Жуырда театрдың көркемдік жетекшісі Құдайберген Насыровтың жетекшілігімен өнер ұжымы Ақмола облыстық орыс драма театрында «Жүрекке оралу» спектаклін көрермен қауымға ұсынды. Қойылымда көрнекті жазушы-драматург Төлен Әбдіктің «Оң қол» әңгімесі Ая Мантайдың желісі бо-
йынша сахналанды.
Спектакль психиатриялық ауруханаға түскен 17 жастағы Алма туралы. Өмірге құштар, өмір сүру үшін күреске түскен басты кейіпкер Алманың қарсыласы – өзінің оң қолы. Оң қолының өзіне бағынбайтындығынан психикалық ауруханада жатқан Алманың басындағы осы бір жағдай – қыздың ең үлкен қорқынышы. Алма қалың ұйқыға кетіп, маңайын тыныштық жайлаған сәтте оң қолы қызды қылқындырып өлтіруге әрекет жасайды. Дәрігерлер аурудан арылудың сан түрлі амалын жасағанымен, Алманың оң қолын бері қарата алмайды.
Ақырында Алманы емдеуші дәрігер-психиатр қыздың қолын кесіп тастау керек деген шешімге келеді. Шығарма желісі бойынша қыз өлуге тиісті. Алайда, бұл жолы біз көрерменге ерекше дүние ұсындық. Қойылым жақсылықпен аяқталды. Яғни, басты кейіпкер өзінің оң қолын өзіне бағындырып, ішкі жан дүниесіндегі жауыздықты жеңіп шықты. Спектакльдің қоюшы режиссері Фариза Тілеуберген. Сахналық нұсқасын Ақтілек Ерболқызы жасады. Қоюшы суретші Ерасыл Жанғали, хореограф Аружан Абай. Әуенін Жанмұхамед Балаубек әрлесе, фотограф-оператор міндетін Мафтуна Нажиева атқарды. Массовкада «Жауқазын» студенттік жастар театр студиясы қамтылды.
Қойылымға келген қонақтардың арасында университеттің ректоры мен проректоры және басқа да сыйлы қонақтар, Көкшетау қаласының тұрғындары болды. Басым көпшілігі – студенттер мен жастар. Спектакль аяқталған соң актерлер мен кеш қонақтары өздерінің әсерлерімен бөлісіп, қойылымнан рухани азық алғандарын айтты.
Мафтуна НАЖИЕВА,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің филология және педагогика факультетінің 2 курс студенті,
театрдың мүшесі.