Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бірлік пен келісім жолы - АРҚА АЖАРЫ

Бірлік пен келісім жолы

Биылғы 2021 жыл еліміз үшін ерекше жыл болды. Өйткені, бұл жылы бүкіл халқымыз болып қасиетті құндылығымыз – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өттік. Көңілді қуаныш кернеді, жүректі дамып, нығайған еліміз үшін мақтаныш сезімі тербеді.

Тәуелсіздік пен азаттық сонау бағзы заманнан ата-бабамыздың асыл арманы еді. Біздің Зеренді ауданының еңбеккерлері де жасампаз рухы жыл бойы сезілумен болған осы Тәуелсіздік мерекесіне экономика, әлеуметтік сала, қай бағытта болсын белгілі бір жетістіктермен келуді басты мақсат тұтты. Бүгінгі таңда сол мұратымыз орындалғандай. Оны өңіріміздің отыз жыл ішіндегі, сонымен бірге, соңғы бір жылдағы даму реңінен де анық байқауға болады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген басшылығымен және бүгінгі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің ішкі және сыртқы саясатын сындарлы түрде әрі жалғастыруымен кемелдене түскен қоғамымыз тарих қойнауына беттеген әрбір жылды өрелі істермен әйгілеп келе жатқандығы ешкімге де жаңалық емес. Осы ортақ мұратты басты парыз санаған біздің Зеренді ауданы да осы мерейлі шаралардың әрбіреуінен шет қалмауда. Ауданда ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, кәсіпкерлік, туризм салаларында көптеген ірі кәсіпорындар қызмет етуде. Олардың ішінде инвестициялық жобаларды айтатын болсақ, Тәуелсіздік жылдары «Щучинский гормолзавод» бордақылау алаңы, «Милк Прожект» сүт зауыты, «ХПП Азат» астық қабылдау кешені сияқты кәсіпорындар ашылып, әрекет етіп келеді.

Аудан экономикасының басым бөлігі өнеркәсіп нысандарымен ұсынылған. Олардың ішінде «Алтынтау Көкшетау», «Айдабол спирт зауыты», Алексеевка доломит кенішін атап өтуге болады. Әрине, осы аталған және басқа да кәсіпорындар жұмыс орындарын құрып, аудан бюджетінің салық бөлігін толықтырып, ауыл тұрғындарына қолғабыс етуде.

Инфрақұрылымды жақсарту мәселесіне келетін болсақ, халықтың ыңғайлығы үшін соңғы жылдары ғана «Зеренді-Щучье», «Қонысбай-Қызылсая», «Қонысбай-Бірлестік», «Еленовка-Солтүстік Қазақстан облысы шекарасы» жолдары жөнделді. Ұзақ уақыттан бері әрекет етпей тұрған, Заречное ауылының маңындағы автомобиль көпірі қайта салынып, Заречное, Березняковка ауылы тұрғындарының өтініштері қанағаттандырылып, қуаныштарына бөледі.

Халықты сумен қамту мәселелері әрқашан биліктің назарында. Талай ауылдарда су құбыры желілері салынып, қайта жаңартылып, жөнделді. Бұл жұмыстар басқа ауылдарда біртіндеп шешімін табады. Әлеуметтік сала да маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Жас ұрпақты тәрбиелеу мен оқыту ісін жақсарту үшін Айдарлы, Қостомар, Жылымды, Ақадыр ауылдары мен Чаглинка станциясында жаңа мектептер бой көтерсе, аудан орталығында «Балауса», «Арайлы» балабақшалары ашылып, көптеген білім беру, тәрбиелеу нысандары қайта жаңартылды, оның ішінде Чаглинка, Ақкөл балабақшаларын айтуға болады.

Облыс аудандарының ішінде алғашқы болып, Зерендіде заманауи спорт кешені салынса, Кіші Түкті, Азат ауылдарында, Зеренді қазақ орта мектебінде жаңа үлгідегі спорт залдар салынды. Бүгінгі күні Симферополь ауылы тұрғындарының өтініш-тілегі бойынша, аудандық мәслихаттың депутаты Асқар Байқановтың демеушілігімен жаңа спорт залы салынды.

Медициналық қызмет сапасын арттыру мақсатында, аудан орталығы Зерендіде, Троицк ауылында жаңа емханалар салынып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, халыққа қызмет көрсетуде.

Тұрғындарды баспанамен қамту мәселесін шешу мақсатында, Тәуелсіздік жылдары ішінде Зеренді ауылында 14 көп пәтерлі үйлер салынды. Бүгінгі күні тағы үш қабатты үйдің құрылысы басталды, оған қоса 5 қабатты үш үй салу жоспарланып, жұмыс жүргізілуде. Әрине, мұның барлығы атқарылған істердің бір бөлігі ғана. Сондықтан, егемендігімізді алғаннан бері айтуға лайық жетістіктерімізді атап өттік. Осымен бірге, экономиканы дамыту, халықтың өмір сүру деңгейін арттыру жолындағы жұмыстар әлі де аз емес.

Біз тәуелсіз Қазақстанда өмір сүреміз. Біздің жолымыз – бұл бірлік пен келісімнің жолы. Бүгінгі күнгі қиыншылықтарға төтеп беріп, басты құндылықтарымыз болып табылатын ынтымақ пен татулықты сақтау мен нығайту баршамызға міндет. Ол еліміздің барлық азаматтарынан даналық пен өнегелілікті, көрегенділік пен өзара құрметті талап етеді.
Сондықтан, Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайтуда әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз қажет, құрметті жерлестер!

Қайрат АУҒАЛИЕВ,
Зеренді аудандық мәслихатының хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар