«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек: «Жаңа табыстар жылы болсын!»

Тілші: –Ерқанат Серікұлы, міне, небір іргелі оқиғаларға толы 2021 жыл да аяқталды. Өңір кәсіпкерлерінің ісін өрге бастыру, оларды қолдау, қорғау, жалпы, кәсіпкерлікті дамыту, оқыту, үйрету барысындағы жұмыстарыңыз қалай өрбуде? Жылды қалай қорытындыладыңыздар?

Е.Мұсылманбек: – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасының, оның ішінде өңірлік палатаның да алдына қойған мақсаты – бизнесті қорғау. Жұмысымыз осы бағытта жүргізіледі. Жыл басынан бері өңірлік палатаға бизнесті қорғау жөнінен 167 өтініш түсті. Оның 56-сының мәселесі оң шешілді. Бұл – 34 пайыз. Мүліктік құқық қорғау арқылы құралған сома 1 миллиард 320 миллион теңгені құрады. Түскен шағымдар тақырыбы әртүрлі. Ең көбі жер және салық жөнінен болып келеді. Мемлекеттік сатып алу, темір жол қатынасы, аграрлық сала, сондай-ақ, бизнес аралық дау-дамай жөнінен де шағымданушылар баршылық.

Күнделікті тәжірибеміз көрсетіп отырғанындай, бұл түйіндердің шешімін табудың бір жолы – кәсіпкерлердің құқын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Кеңес. Осы Кеңестің белсенділігі мен кәсіби деңгейі. Жыл басынан бері Кеңесте 16 мәрте кәсіпкерлер проблемалары қаралып, бизнесті жүргізу жағдайын жақсарту және әкімшілік кедергілерді жою жөнінде тиісті орындарға 46 ұсыныстар жолданды.

Өңірлік палата кәсіпкерлер мен жергілікті атқарушы билік, мемлекеттік органдардың бірлесе жұмыс істеуін қолайластырып, проблемалық мәселелер жөнінде дөңгелек үстел басындағы мәжілістер өтті. Ол жиындарға біздің сарапшыларымыз да белсене қатысады. «Жол картасы» бағдарламасы аясында ҚР Бас прокуратурасы келісімімен өңірлік палата Ақмола облыстық прокуратурасымен бірлесе жұмыс жүргізуде. Мәселен, құрылыс саласына берілетін рұқсат құжаттардың құқықтық талаптарға сәйкес болуына сараптама жасалды. Бұл жұмыстың қорытындысы бойынша 3 лауазымды қызметкер жауапқа тартылды.

Тілші: – Кәсіпкерлер де, басқалар да мемлекеттік сатып алу жөнінен кедергілерге кез болып, кейбір талаптарды жете түсіне алмай қиналып жататын тұстар аз емес. Сұраныстарды қайта-қайта жолдап, әбігер болып, уақыттан ұтылып жататындар көп. Бұл жөнінен қандай көмек бере аласыздар?

Е.Мұсылманбек: –Жергілікті тауар өндірушілерді қолдау кәсіпкерлік палатасының негізгі міндеттерінің бірі. Біздің сарапшы мамандарымыз, эксперттеріміз жергілікті тауар өндірушілерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде де қадағалап, жәрдемдеседі. Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу порталына тіркелуіне, конкурстар құжаттарын дайындауды түсіндіруде, есеп-фактуралар мен жасалған жұмыстар электрондық актілерін көрсету, жергілікті үлес көлемі, тағы басқа мәселелерде тегін көмек көрсетеді. Палата сарапшылары мемлекеттік сатып алу жөнінен, реестрге құқық талаптарын толық орындағандардың тіркелуін, айып санкцияларының төленуін толық қарастырады. Бірнеше жыл бойы Палата жанында жергілікті тауар өндірушілерді қолдау жөнінде комиссия жұмыс жасайды. Жыл басынан бері осы комиссия 21 отырыс өткізіп, жергілікті отандық тауар өнімдерін тиімді өткізу жолдары мен механизмдерін қарастырды. Комиссияның осындай жұмыстары арқасында өнім өткізу көлемі 150 миллион теңгеге ұлғайды.

Тілші: –Дегенмен де, кәсіпкерлердің мемлекеттік органдармен, банктермен тіл табысып, өз ойларын жеткізіп, идеяларын дәлелдеп, екіжақты тиімді жұмыс жасауында әлі де қиындықтар бар сияқты. Бұл туралы не айтар едіңіз?

Е.Мұсылманбек: – Иә, ондай мәселелер туындап қалады. Өңірлік палата жанында «Қарапайым істер экономикасы» бағдарламасы аясында Жобалық кеңсе жұмыс жасайды. Міне, оның жұмысы дәл осы бағытқа арналған. Кеңсе жобаларды жүзеге асыру барысында мемлекеттік органдармен, дамыту институттарымен, екінші деңгейдегі банктермен арада кезігетін мәселелерді шешумен айналысады. Ағымдағы жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша Жобалық кеңседе 43,8 миллиард теңгені құрайтын 253 жоба бар.

Бүгінгі таңда оның 248-і 41,1 миллиард теңгеге қаржыландырылды. Агро-кәсіпкерлік кешендерінде өнім өндіру мен өңдеуге 26,5 миллиард теңгелік 233 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде өнеркәсіптік өңдеу саласына – 9 миллиардтық 17 жобаға, қызмет көрсету саласына – 5,4 миллиард теңгелік 8 жобаға басымдық берілді. Сол сияқты, Жобалық кеңсе рұқсат немесе мемлекеттік қолдау ала алмаған, болмаса әртүрлі себептермен субсидия алуға қол жеткізбеген жобалардың істерін, бастамаларын аяғына дейін жеткізуге күш салады.

Тілші: – Біздің өңіріміз аграрлық-өнеркәсіптік өңір екені белгілі. Егініміз жайқалған өлкеміз. Диқанымыздың, ауыл адамының ісі өнікті, көңілі көтеріңкі болса деп алаңдайтынымыз рас. Ол салаға қандай көмектер бар?

Е.Мұсылманбек: – Иә, Ақмола облысы еліміздің екпінді дамып келе жатқан аграрлық-өнеркәсіптік өлкесінің бірі. Астық өндіру, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуден алдыңғы қатарда. Облыста 8975 агроқұрылым бар. Оның 1851-і заңды тұлға, 1026-сы жеке кәсіпкер, 6098-і фермерлік-шаруа қожалықтары. Өңірлік палатаның сарапшы-мамандары агробизнес өкілдеріне жан-жақты көмек көрсетуге тырысады. Мәселен, субсидия алуына байланысты құжаттарын дайындауына қолғабыс береді. Оған ұсынысты дұрыс толтыру, субсидия жөніндегі бюджет әкімшісімен арадағы түсініспеушіліктерді реттеу, тағы басқа мәселелер кіреді.

«Егін алқабынан сөреге дейін» жобасы бойынша палата шағын фермалар, қожалықтарды ауыл шаруашылығы кооперацияларын құру процестеріне тартып, олардың өнімдерін өткізу, шаруасының өрге басуына қолайлылық туғызумен айналысады. Осы мәселелерге қатысы бар түрлі одақ, ассоциациялардың қатысуымен, жергілікті тауар өндірушілер шақырылып, әртүрлі көшпелі мәжілістер өткізіледі. Олардың мүмкіндіктерін арттыру, өрістерін кеңейту мақсатындағы ұсыныстар орталық мемлекетік органдарға жолданады.

Тілші: –Соңғы кезде кәсіпкер болғысы келгендерді елең еткізген бір жоба «БастауБизнес» деп аталатын жоба болған сияқты. Осы жоба жайына тоқталып өтсеңіз?

Е.Мұсылманбек: – «Бастау Бизнес» жаңа істі қолға алып, кәсіпкер болуды ұйғарғандарға бірден-бір көмек беретін жоба. Мысалы, ағымдағы жылы осы жоба бойынша 1300 адамды оқыту жоспарланса, кәсіпкерліктің негізін 1495 адам оқып шықты. Сөйтіп, жоспарымыз 115 пайызға орындалды. Оның ішінде 958 адам 1 553,7 миллион теңгеге өз жобаларын жүзеге асырды. Соның арқасында 972 жұмыс орыны ашылды. Жалпы, соңғы бес жыл ішінде «Бастау Бизнес» бойынша 9 мыңнан астам ақмолалық оқытылып, оның 5 мыңға жуығы өз кәсіптерін ашты. Ағымдағы жылы өңірлік палата жанынан бизнес-жобаларын қорғаған «Бастау Бизнес» түлектерін арнайы қаржыландыру мақсатында шағын несие беретін «Atameken Aqmola» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ашылды. Бұл мақсатқа 367 жоба үшін 1 543 миллион теңге бөлінді. Ақмола облысы бойынша дуальдік оқыту арқылы кәсіби мамандар дайындау жақсы жолға қойылған. 241 кәсіпорын, 1859 студент, 23 колледж қамтылған. Қысқасы, бұл салада да атқарылған жұмыс көп.

Тілші: –Ерқанат Серікұлы, атқарылған жұмыс аз емес көрінеді. Ал, кәсіпкерлердің оза шауып жүлде алуы, танылуы, әлдебір додаларға қатысып жеңімпаз атануы жөнінен не айтар едіңіз?

Е.Мұсылманбек: –Біздің облысымызда атағы алысқа естілген, жарыстарда жүлде иеленген кәсіпорындар көп. Мысалы, жақында ғана ҚР Президентінің «Алтын сапа» арнайы жүлдесін Премьер-Министр Асқар Маминнің қолынан «Үздік инновациялық жоба» номинациясы бойынша «Агрофирма TNK» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алды. Айта кетсек, бұл фирма «Алтын сапаны» 2016 жылы да алған болатын. Одан басқа «Сапа су» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Камаз-Инжиниринг» акционерлік қоғамы, «HEVEL KAZAKHSTAN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Ақбұлақ-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, тағы басқа кәсіпорындар салиқалы наградаларға қол жеткізді.

Тілші: – Сөз соңында оқырманға жаңа жылдық тілегіңіз…

Е.Мұсылманбек: – «Арқа ажарының» оқырманына, жалпы жұртымызға, еңбеккер қауымға, кәсіпкерлерге Жаңа жыл тек қана жақсылық әкелсін. Баршаңыз табысты болыңыздар!

Тілші: – Әңгімеңіз үшін рахмет!

Сұхбатты жүргізген Серік Сапарұлы,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар