Әр нені санамен салмақтайтын Әбекеңе салсаңыз, өмір жолын жаңа бастаған әрбір жанды көркейтетін, қоғамдағы орнын анықтайтын ұлы еңбектің құдіреті. Бүгінгі күні кейбір жастардың қарекетіне қарап, қарны ашатыны бар. Әнеукүні мерзімдік басылымдардың бірінен шаруа қожалығы басшысының сауыншы таба алмай жүрмін деген сыңайлы лебізін оқығаны бар. Сол сәтте жан дүниесі алай-дүлей болып, тағы бір шамырқанып еді. Бүгінгі жастардың болмысына, алға ұмтылуға деген күш-жігерінің кемшіндігіне қамыққан.
Өз замандастары талай-талай сергелдеңді бастан кешпеді ме? «Жетім қозы тасбауыр, отығар да жетілер» демекші, бесіктен белдері шықпай, қабырғалары қатпай жатып ауыр еңбектің астында жүргенімен, кемел келешектен күдер үзбеген. Қазір сол шақты есіне де алғысы келмейді. Әйтсе де, адам ғұмыры қайта-қайта көз алдына оралып, ескінің елесін жаңғыртып тұратыны болады екен-ау. Сондай бір сәттерде өзекті жан шыдар-шыдамасы белгісіз талай-талай сынақтарда сыналғанымен, жігері жасымаған. Сол көкіректегі қайраттың күшімен замананың зілмауыр ауыртпалығын сілкіп тастап көктеген жоқ па?! Көктегенде қандай, жапырақ жайды, тамырын тереңге жіберді. Соның барлығы мынау әлемнің керегесін кеңітіп тұрған құдірет – еңбектің арқасы!
Бүгінде аға буын алаңдайтын жай аз емес. Ол жас толқынның еңбектен біршама қол үзіп қалуы. Демек, болашақ қамын жасағанда ойсырай олқы түсіп жатқан осы бір тұсты қамдап алмаса және болмайды. Ол үшін тәрбиенің тінін нығайтқан ләзім. Қатары сиреп қалған замандастарымен кездесе қалса, мұң тұмшалаған күдік қатары осылай қалыңдар еді. Мұның кеуде тұсы, кеуде болғанда да сол жағы, жүрегінің маңы шым ете түскен. Сексен жыл ғұмыр кешкенде бастан өткізген талайлы тағдырдың сабақты сәттері ғой.
Жетімдіктің ащы дәмін татқан, бір үзім нанға зар болып өскен пенде шіркін кейін өз қолы өз аузына жетіп, асты талғап жеп, асылға малынып отырса да, көкірегінің терең бір түкпірінде қалған бір түп жусанның иісіндей кермек дәм молшылықтың керімсал хош иіс самалымен миллион мәрте желпісе де кетпейді екен. Жас кезінде жадында өшпестей болып таңбаланған, жүрегінде енді қайтіп жоғалмастай із қалдырған сол сурет ендігі арада жылдар өте келе өмірлік кредосына айналған. Ас атасы – нанды қадірлей білу күллі адамгершіліктің басы, сол нанды ақ дастарханға жеткізгенше қаншама қияпат еңбекті бастан өткеру керек. Бүкіл саналы ғұмырдағы айшықты көрініс, шуақты сәттер бір үзім наннан бастау алған. Өзекті жалғаған да, өмірді сәулелендірген де бір үзім нан, адал еңбекпен, арлы еңбекпен пісіп жетілген ас болып алдыңа қойылған қымбат қазына.
Жасыл желекке малынған асқар Алатаудың баурайындағы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, қолына диплом алып тұрған жан толқытар тебіреністі сәтте де өз-өзіне сөз берген. Жас өспей ме, жарлы байымай ма дейді қазақ. Ол заманда дипломды маманның қаны жерге тамбайтын. Әрі жергілікті ұлттан шыққан инженер-механиктер саусақпен санарлық қана. Алда армандай алыс күндер. Қызылды-жасылды қызықты сәттерге малынған, сезім қылын шертетін, көңіл арбайтын нұрлы болашақ. Қалай болған күнде де нан қадірін ұмытпайтындығы анық еді. Бәлкім, мінезіндегі турашылдық, ақиқатты айтпай тұра алмайтын алдаспанның жүзіндей жарқылдаған өткірлік, сондай-ақ, төңірегіндегі тағдырдың талқысына түскен мүскінге жанашырлық, бауырмалдық сол кезде қалыптасқан-ау. Қалыптасқан да, енді қайтіп өзге арнаға түспейтін, өзге жылғамен ақпайтын бір қалыппен сан жылдар бойы айнымас дағды, жаңылмас ғадет болып бойына берік сіңген.
Сонау 1966 жылы Жақсының жөндеу шеберханасында механик болып басталған еңбек жолы сол кездегі Көкшетау облысының Володар ауданында, одан Щучье ауданында жалғасты. Осы аудандардың бірқатар шаруашылық құрылымдарында бас инженер-механик болып еңбек етті.
Амангелді Бекқожаұлының іскер маман ретінде танылған кезі Чкалов ауданындағы Абай атындағы кеңшарда директор болып табан аудармастан алты жыл қызмет еткен тұсы. Бұл кезең қызу еңбектің қайнаған шағы болатын. Ауыл шаруашылығы науқандары бірінен соң бірі қат-қабат келіп, ес жиғызбай жататын. Көктемдегі сан алуан дала жұмыстарынан кейін іле-шала шөп шабу, қыраулы қысқа дайындық, одан соң көп ұзамай жан алып, жан беріскен, дархан дала төсінде мылтықсыз майданға жетеғабыл егін орағы. Егін орағын аяқтай салып, қар тоқтату, кеңшардағы қора-қораға сыймай тұрған мыңдаған малды қыстату. Әйтеуір, таусылып бітпейтін, шет-шегі жоқ қат-қабат шаруа. Соның барлығын үйлестіру, кеңшар еңбеккерлерін ортақ мақсатқа жұмылдыру оңай болып па.
Құрдастары қалжыңдап, Даңқой елінде директор болған алты жылыңның әр жылы үш жылдан есептеледі деп қояды. Әйтеуір, оңай болмағаны анық. Мол табыстың, асқақ абыройдың жеңіл келмегені шындық. Кейін Щучье ауданындағы Успено-Юрьевка астық қабылдау кәсіпорнында табаны күректей 16 жыл бойы үздіксіз еңбек етті. Бұл да қызу еңбек қайнаған, қарбаласы бір сәт толастамайтын жұмыс. Жүйкеге түсетін салмағы да аз емес. Бірақ, өмірдің сан өткелегінен өтіп, шарболаттай шыңдалған, әр істің жүйесін, ыңғайын жақсы білетін, жұмыс тәжірибесі толысып, қалыптасқан Амангелді Бекқожаұлы астық қабылдау саласында да абыройсыз болған жоқ. Әр жыл сайын қол жеткізген қомақты табыстары лайықты аталып өтетін. Өлшеусіз алғыс арқалайтын, жетістігіне көңілі марқаятын дос-жарандары, тілектестері бір мерейленіп, көңілдері өсіп қалатын.
Жетпіске табан іліктірген адам асқар таудың шыңына шыққандай-ау. Асқар таудың шыңына шығып тұрып, кейінге көз салғанда бұлтарыс-қалтарысы, өрі мен еңісі кезектесіп, қоса өрілетін өмір іздері сайрап жатар еді. Сол кезде жетпістің жалаулы биігінен өткен өмірдің бұлдыр сағыммен тұмшаланған санадағы ескі суреттеріне жан бітіріп, қарайтын болса, жадында жатталған тұстары да аз емес екен. Соның бірі әрі бірегейі өз заманының айтулы перзенті, Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Әуелбековтің қабылдауында болуы. Күні бүгінгідей есінде. Сол тұста 35 жаста болатын. Күш-қайраттың тасып, қуаттың артып тұрған шағы. Жас маманның тау қопарып, тас қазатындай кемелденген кезі.
Облыстық партия комитетінің сұсты ғимаратындағы одан да сұсты бірінші хатшының ат шаптырым кең бөлмесі. Алашқа аты шыққан, жас болса да тұтас облысқа басшылық етіп отырған сұңғыла басшының алдында болып, ақыл-кеңесін тыңдаған сәті ғұмыры есінен кетпес. Сол кездегі үрдістен тыс, қалыптан ада кісілік, алдының кеңдігі, әр нәрсені тереңнен ойлап, кеңінен толғайтын алымдылық пен алғырлықтың анық үлгісіндей кездесу еді бұл. Онсыз да алабұртып, қанаттанып барған қыран көңілі тіпті түлеп, көктемгі балапан қайыңның бүршігіндей бүрлеп, өмірге, өмір болғанда да қайнаған еңбекпен бұрқ-сарқ қайнап, бусанған өмірге деген құштарлығы мың есе арта түскендей ме, қалай. Жүрек шіркін, лүпілдеп, көңіл шіркін, елегізіп, аптығын баса алмай, өрікпіген сәтте де облыс басшысының айтқан ақыл-кеңесін, жігерін тас қайрақтай жаныған жанашыр сөзін жадында тоқыған. Кейін ел басқарып жүргенде Еркін Нұржанұлының үлкен өмірге жолдама берген сол ақыл-кеңесін басшылыққа алып жүрді. Таң алдында шымқай қаракөк аспаннан шартарапқа шырақтай жарық шашатын адастырмас, айнытпас темірқазығы іспетті.
Амангелді Бекқожаұлының адал еңбегі алқаусыз, ескерусіз, елеусіз қалған жоқ. 1980 жылы «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталды. Ең басты байлығы – ұл-қыздары. Клара Уахитқызы жеңгемізбен екеуі Марат, Марина, Серік, Ботагөз, Мирас атты ұл-қыздарды өмірге әкелді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демей ме, дана қазақ. Ынтымағы жарасқан, сүттей ұйыған, шаттықтың шырайлы лебі кернеген шаңырақта алған ұлағатты тәлім-тәрбие зая кеткен жоқ. Шүкіршілік, ұл-қыздары саздаққа біткен ақ қайыңдай желкілдеп өсіп, жетілді. Қазір шаршап бір келген шағында алты немересінің маңдайын кезек-кезек иіскесе, көкірегінің сарайы ашылып, мерейі қанып, жан сарайы нұрға бөленіп жүре береді.
Бүгінгі таңда кешегі кеңшарлар мен ұжымшарларды, кәсіпорындарды талан-таражға салып, халықтың алғысын емес, қарғысын алған азаматтар ел көзіне тік қарай алмай, бүгежіктейтіні бар. Қайтсін-ай енді, дүние шіркін, ыстық қой. Ал, Амангелді Бекқожаұлының Аллаға шүкір ары таза. Кімнің болсын, жанарына тура қарайды. Ақиқатты мұрат тұтқан, шындықтан қуат алған арлы азамат солай болса керек-ті.
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Қазақстан Республикасы Ақпарат саласының үздігі.