«Әрине, өткен жыл есте қалды!»

– Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі, тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі Аманай Сейітқасымов:

– Биылғы жыл мен үшін жаман болған жоқ. Егер, алдымен, өз жеке басыма қатысты қысқаша айтар болсам, Ұлы Жеңіс мерекесінде алпыстың асқарына келіп, өзім еңбек ететін университетте Халықаралық конференция болып өтті. Білім саласына сіңген азын-аулақ еңбегіміз бағаланып, университет ұжымы атынан құттықтау сөздер мен марапаттауларға ие болдым. Партия, комсомол, мектеп саласында, 30 жылға жуық Шоқан Уәлиханов атындағы университетте еңбек еттім. Идеология саласында жастар тәрбиесіне көңіл аударып, 20 жылға жуық уақыт университет проректоры болып қызмет істеппін. Бүгінгі таңда ректордың кеңесшісімін. Аллаға шүкір! Өткенге өкініш жоқ. Тәуба!

Екіншіден, республика көлемінде үлкен өзгерістер болып жатыр. Мәселен, Әлиханның, Ыбырайдың, Алаш арыстарының мерейтойлары еліміз бойынша аталып өтті. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты айтулы шараларға барынша атсалысып, конференциялар өткізіп, басқа да университеттер, колледж ұжымдарымен кездесіп, сыр-сұхбат жүргізіп, танымдық кештер өткіздік. Менің айтайын дегенім, биылғы жылы біз Ақмола облысының әкімшілігі тарапынан 17 миллиондық ғылыми жоба ұтып алдық. Бұл саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мақсатында үлкен ауқымды жұмыстар қолға алынып, жүзеге асты. Бұл өзімнің кәсіби жұмысымның бір бөлігі десем болады. Яғни, бүгінгі күнге дейінгі белгісіз болған тарихи деректер, сталиндік лагерьлердегі біраз боздақтардың тізімін таптық. Соған байланысты үлкен кітаптар шығарып, конференциялар өткізіп, тәжірибе жағынан да кәсіби білім жағынан да шыңдалдық деп айта аламын. Алдағы барыс жылында Көкшетаудағы Шоқан Уәлиханов атындағы үлкен қара шаңыраққа, біздің университетіміздің іргетасының қаланғанына 60 жыл толғалы отыр. Бұл шараларға да өз үлесімізді қосатын боламыз.

– «Жарқайың ауданының құрметті азаматы» Ұлболсын Ахметова:

–2021 жыл жаман болған жоқ. Жетінші шақырылымда барлық деңгейдегі халық қалаулыларының сайлаулары өтті. Оған жастар қатысып, биогенез партия өкілдерінен тұратын мәслихаттар құрылды, алға қойған мақсаттар сол жастардың көмегімен жүзеге асады деген сенімдемін. 2021 жылы 41 жыл халқыма қалаулы қызмет етіп, демалыска шыктым. Соңғы төрт жылдағы зейнет демалысы кезінде де елімнің ықыласына бөленіп, жастарға өмірлік тәжірибеммен бөлісіп, бар саналы ғұмырымды Жарқайың ауданының өркендеуіне жұмсадым десем артық айтқандық болмас. Жастармен әлі де болса қарым-қатынастамын. Олардың: «Сіз біздің лидерімізсіз!» дегенінің өзі менің еңбегіме берілген баға деп ойлаймын. Мен аудан әкімінің орынбасары болган кезде, олар орта мектеп оқушылары болса, қазір олардың бір тобы шетелден жоғары білім алып келіп, Елордамызда еңбек етуде. Олар менің мақтаныштарым! Әлемді жайлаған қауіпті індет тезірек бәсеңдеп, ел азаматтарының абыройы асқақтай берсе екен дейміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болса, одан артық не бар дерсіз.

– Қазақстанның халық әртісі, «Парасат» орденінің иегері Жібек Бағысова:

– Соңғы екі жылдағы әлемді жайлаған коронавирус індеті елімізді де айналып өтпеді. Бұл жыл мен үшін де өте бір қиындықпен өтуде. Тәуба! Сол бір ауыртпалықтарды еңсеріп, өзімді сыйлаған көрермендерімнің дұға-тілектерінің арқасында бойымды тіктеп, 80 жастың сеңгіріне аяқ бастым. Өнер саласындағы еңбегімнің еленіп, мемлекеттік наградалармен, облыс әкімінің марапаттарына ие болғаным, мен үшін зор мақтаныш. Туыс адамдардың өзі бір-біріне қатынаудан қалып, қауіпті індеттен сақтанудың жолдарын қарастыруға тырысқанда ұялы телефонмен қоңырау шалып, бір-бірімізге ниеттес, тілектес болып отырдық. Қаншама асыл жандарымыздан айырылдық. Соған қарамастан, еліміз қиындықтарды еңсеру жолында ештеңеге мойымай еңбек етуде. Өмір жалғасып жатыр.

Біздің өңірімізде қаншама айтулы шаралар орын алды. Көкшетау қаласы Қазақстанның мәдени астанасы атанып, біздің Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында солтүстік облыстар арасында аймақтық театрлар фестиваль болып өтті. Оған қоса, Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы қазақ драма театрының ұжымы көптеген үздік қойылымдарымен бір апта бойы өнерсүйер қауымның қошеметіне бөленсе, Елордамыздан келген Қазақконцерт ұжымының өнерпаздары Көкше аспанын ән мен жырға бөледі. Осылай болашағымыз жарқын болып, талантты жастарымыз көбейіп, жаңа жылдан жақсы үміт күтейік, ағайын! Елдің еңсесін көтерер жағымды жаңалықтарымыз көп болсын!

Сауалнаманы жүргізген
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар