Еңбек ету – адам баласынан тапсырылған іске деген табандылық пен ынта-жігерді, құндылықты, тындырымдылық пен жауапкершілікті талап етеді. Адам ерінбей еңбек ету арқылы қуанышқа, шаттыққа бөленеді. Еңбексүйгіштік, еңбекқорлық және еңбекті бағалай білген адам ғана өмірде құрметке бөленетіндігін түсінеді. Адам тек еңбектің арқасында жетіліп дами бермек.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының және «Еңбек елдің мұраты» жобасының аясында Көкшетау қалалық Застанционный үлгілі кітапханасының ұйымдастыруымен адам еңбегінің мәртебесін арттыру және ғылыми-көркем әдебиетті насихаттау мақсатында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің қазақ филологиясы кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбекпен кездесу өтті. «Тағылымы мол ұстаз» деп аталған шараға кеш қонағымен бірге, шәкірті, аталған университеттің қазақ филологиясы кафедрасының PHD докторы Гүлназ Бекен, Көкшетау қалалық ақпараттық кітапханалар жүйесінің директоры, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Куаныш Оспан, кітапхана оқырмандары мен №14 орта мектебінің жоғары сынып оқушылары қатысты.
Сәбит Жәмбек әдеби-ғылыми еңбек жолына тоқталып жас оқырмандарды өз тілін білуге, кұрметтеуге, жоғары білім алуға, Қазақстанның лайықты азаматтары әрі патриоттары болуға шақырды. Гүлназ Бекен өз ұстазы – қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымында зерделі зерттеулерімен зиялы қауымның назарын аударып жүрген, сөз өнерінде өзіндік орны бар ғалым екенін айтып өтті. Ғалымның қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясын, фольклорын, Көкше өңірінің әдеби мұрасын бар ынта-жігерімен зерттеген еңбектері әдебиеттану ғылымының елеулі жетістігі екені айтылды.
Ол әдебиеттің бір ғана саласын зерттеумен шектелмейді. Оның аса бай ауыз әдебиеті үлгілерінен бастап, жыраулық поэзияны, ХІХ ғасыр ақындарын, ХХ ғасырдың басынан бастап бүгінгі тәуелсіздік кезеңі әдебиетін тұтас қамтитын танымы терең зерттеулері аз емес. Кездесу барысында № 14 орта мектептің жоғары сынып оқушылары әдебиетші ғалымға өз сұрақтарын қойып, қанағаттанарлық жауаптар алды. №14 орта мектептің оқушысы Ербол Жұмабай Абайдың өлеңдерің оқыды. Шараның соңында Қуаныш Оспан қонақтарға алғысын білдірді.
Қарлығайын НӘКЕШЕВА,
Көкшетау қалалық Застанционный үлгілі кітапханасының меңгерушісі.