Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жемқорлықты жою – мемлекетті нығайтудың негізгі шарттарының бірі - АРҚА АЖАРЫ

Жемқорлықты жою – мемлекетті нығайтудың негізгі шарттарының бірі

1
Сыбайлас жемқорлықпен күресу және оның алдын алу Қазақстанның бүгінгі күндегі басты мәселелерінің бірі болып отыр. Жемқорлық – үлкен әлеуметтік қасірет болып табылады. Ол мемлекеттік құрылымды іштей бұзып, еліміздің дамуына, халқымыздың игілігіне барын салуға дайын азаматтардың прогрессивті бастамаларын жоққа шығарады.
Сыбайлас жемқорлық бір күнде жойылатын кесел емес. Бұл құбылыспен еліміздің әр азаматы жұмыла күрескен сәтте ғана іс нәтижелі болатыны айқын.

Қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жұмысын қайта форматтау процесі жүріп жатыр, яғни, салдармен күрестен Біз сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға және қылмыстық сұлбаларды ашуға көшеміз. Қызметтің үш негізгі функциясының өзара іс-қимылы күшейтілді.
Бұл – ПРЕВЕНЦИЯ, АНЫҚТАУ және ТЕРГЕУ. Бұл ретте басты рөл превенцияға берілген, өйткені, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін кейін қылмыстық істерді анықтау мен тергеуге қарағанда, уақытылы жою тиімдірек.

Ағымдағы жылдың басынан бері сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау облыстың 9 мемлекеттік органында жүргізілді, нормативтік-құқықтық актілерге, сондай-ақ, ұйымдастырушылық-басқарушылық қызмет мәселелеріне өзгерістер енгізуге қатысты 50 ұсыным енгізілді.
5 НҚА (оның ішінде республикалық маңызы бар) анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

2
Мысалы, Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының талдау қорытындысы бойынша «дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды, фармацевтикалық қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу қағидаларына» комиссия отырыстарында ашықтық пен жариялылық жағдайларын, сондай-ақ, конкурстық комиссияның шешімдер қабылдауының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында тендерлік комиссияның отырысында аудио және бейнетіркеуді қолдану бөлігінде өзгерістер енгізілді.

Ағымдағы жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет біріктірілген аналитиканы, яғни, нақты салаға кешенді талдауды енгізгенін атап өткім келеді, оның басты мақсаты сыбайлас жемқорлық сұлбаларын жою және парақорлық үшін жағдайларды барынша азайту болып табылады. Сондай-ақ, департамент түрлі қызмет салаларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы 12 мониторинг жүргізді.
Мемлекеттік сатып алулардағы бағаны көтеру, бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалануды және ұрлауды болдырмау фактілерін анықтау мақсатында департамент жүйелі негізде мемлекеттік сатып алуларға бірыңғай сатып алу терезесі арқылы мониторинг жүргізеді.

Яғни, егер мекеме орташа нарықтық құнмен салыстырғанда сатып алуға жоспарланған тауарларға, жұмыстарға немесе қызметтерге жоғары баға көрсеткен болса, департамент мемлекеттік сатып алу жоспарын қайта қарау және түзету туралы тиісті ұсыныстар жібереді.
Мысалы, Бурабай ауданы Щучинск қаласының жоғары педагогикалық колледжі бастапқыда жалпы сомасы 16,5 миллион теңгеге кереуеттер сатып алуды жоспарлады, бағасы 55 000 теңге, ал, бір кереуеттің нарықтық құны 29 200 теңгені құрайды. Департамент дер кезінде әкімшіге ұсыным-хат жолдады, нәтижесінде үнемдеу 8,7 миллион теңгені құрады.

3
Квазимемлекеттік компаниялар мен жеке сектор ұйымдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың және парасаттылық қағидаттарын қамтамасыз етудің қазіргі заманғы тиімді құралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс болып табылады. Естеріңізге сала кетейін, өткен жылдың соңында квазимемлекеттік сектор ұйымдарында комплаенс құрылымдарды анықтау туралы норма заңнамалық түрде енгізілді, жеке компаниялар үшін заңмен өз қалауы бойынша комплаенс-қызметтерді құру құқығы бекітілді. Олардың негізгі міндеті – ұйым қызметкерлерінің де, оның контрагенттерінің де құрметті және этикалық мінез-құлқының корпоративтік стандарттарының сақталуын бақылау.

Қазіргі уақытта өңірдегі 300-ден астам квазимемлекеттік сектор ұйымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенсті ұйымдастыруға жауапты қызметкерлер тағайындалды.
Комплаенс-қызметтер институтының ұйымдарында осыны енгізуге ерекше көңіл бөлінеді, сондықтан, қазір жауапты қызметкерлерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс жүйесінің теориялық және практикалық аспектілеріне, атап айтқанда, ISO 37001 сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі халықаралық стандартты қолданудың негізгі негіздеріне оқыту жүргізілуде. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

4
Мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық үшін отставкаға шығу институтын іске асыру жалғасуда. Бүгінгі күні осы норманы іске асыру шеңберінде өңірдің бірқатар лауазымды тұлғалары орнынан түсу туралы өтініш бергеннен кейін жұмыстан шығарылды, сондай-ақ, қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Аталған мәселе департамент басшылығының тұрақты бақылауында, апта сайын тіркелген қылмыстар мен шығарылған сот үкімдеріне мониторинг жүргізіледі. Қазіргі уақытта бірқатар қылмыстық істер бар, олар бойынша процессуалдық шешімдер қабылданғаннан және сот үкімдері күшіне енгеннен кейін қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін басшылардың дербес жауапкершілігі туралы мәселелер қаралатын болады. Әрбір басшы өзі басқаратын мемлекеттік органда сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан қызмет үшін дербес жауапты болатынын тағы да атап өткім келеді.

Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 15-бабы (баптары) бойынша әкімшілік хаттамалар жасау жолымен әкімшілік құқық бұзушылықтардың жолын кесу сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың маңызды шарасы болып табылады 154, 173, 658, 659, 660, 661, 662, 665, 667, 676, 677, 678, 679, 680, 681-баптар. Естеріңізге сала кетейін, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген түзетулерге сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің кейін соттар қарайтын 15-бап бойынша әкімшілік хаттамалар жасау арқылы әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтауға және жолын кесуге құқығы бар. Әкімшілік тәжірибе неғұрлым ауыр сыбайлас жемқорлық көріністерінің уақытылы алдын алуға мүмкіндік береді.

Бүгінгі күні біз ӘҚБтК-нің 681 (бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарды жұмысқа қабылдау), 676 (жеке тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беруі), 677 (мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамның не оған теңестірілген адамның заңсыз материалдық сыйақы алуы), сондай-ақ, 665 (прокурорға, тергеушіге және анықтау органына, сот орындаушысына, сот приставына келмеуі) баптары бойынша 8 әкімшілік материал жасадық. Аталған материалдар бойынша 2 миллион теңгеден астам сомаға айыппұл салынды және өндірілді.

Мысалы, ағымдағы жылдың қыркүйек айында облыстың жергілікті атқарушы органдарының бірінің басшы лауазымды тұлғасы ведомстволық бағынысты мекеменің қызметкерінен лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамау себебінен қызметкерді тәртіптік жауапкершілікке тартпағаны үшін алкоголь өнімі және кондитерлік өнімдер түрінде сыйлықтар алды, осылайша ҚР ӘҚБтК 677-бабында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасады. Кінәлі адам 300 АЕК (2021 жылға 875 100 тг) көлемінде әкімшілік айыппұл түрінде әкімшілік жазаға тартылды.

Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасау себептері мен жағдайларын жою мақсатында департамент жасалған қылмыстар бойынша талдау жүргізеді, оның шеңберінде оларды жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою бойынша ұсыныстар енгізіледі (ҚР ҚІЖК 200-бабы). Облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі 55 ұсыныс енгізді. Мемлекеттік қызметшілер мен түрлі ұйымдар қызметкерлерінің қатысуымен 31 кездесу өткізілді. Қарастырылған ұсыныстардың нәтижелері бойынша 41 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, олардың 23-і басшылық құрам.

7 лауазымды тұлға атқаратын қызметінен босатылды. 11 тұлғаға қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескертілді, лауазымды тұлғалардың жартысынан астамы сөгіс пен ескерту алды.

5
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы хабарлаған бейжай емес азаматтар ерекше үлес қосуда. Осы орайда, сараланған сыйақы жүйесі енгізілді. Оған сәйкес сыбайлас жемқорлық туралы хабарлама үшін 11 миллион теңгеден астам қаражат алуға болады. Бұл шара, ең алдымен, халықты сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке белсенді тартуға бағытталған.

Анықтама үшін: пара немесе келтірілген залал сомасы не ұсынылған жеңілдіктердің немесе көрсетілген қызметтердің құны 1000 АЕК-тен аспайтын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар бойынша 2021 жылға 2 917 000 теңге, сыйақы сомасы қылмыстың ауырлығына байланысты 30-дан 100 АЕК-ке дейін құрайды. Егер жоғарыда көрсетілген сома 1000 АЕК-тен асса, сыйақы 10 пайызды құрайды, бірақ, 4 000 АЕК-тен аспайды (11 668 000 теңге).

Жыл басынан бері өңірде сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған 10 адам 1,2 миллион теңгеден астам қаражат алды. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық ақмолалықтарды белсенді азаматтық позицияға шақырғым келеді және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жағдайларына тап болған кезде дереу агенттіктің 1424 Call-орталығына немесе облыстың антикоррына хабарланса, біздің құзыретіміз шеңберінде барлық қажетті шаралар қабылданатын болады

Агенттіктің уәкілетті аумақтық органы ретінде департамент қоғамда сыбайлас жемқорлық көріністеріне мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру мақсатында әртүрлі нысаналы топтар арасында түсіндіру сипатындағы профилактикалық іс-шараларды тұрақты негізде жүргізеді. Мәселен, «Antikor. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы контентті онлайн режимде тұрақты трансляциялауды қарастыратын» Live» бағдарламасында мемлекеттік органдар басшыларының, өңірлер әкімдерінің, белгілі қоғам қайраткерлерінің қатысуымен департаменттің әлеуметтік желілердегі парақшаларында 259 сұхбат жүргізілді. Азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және тегін заң көмегін көрсету мақсатын көздейтін «Adal kómek» жобасы аясында жыл басынан бері адвокаттардың, нотариустардың, заң саласы өкілдерінің 1108 онлайн консультациясы өткізілді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру шеңберінде жүйелі және үйлестірілген өзара іс-қимыл мақсатында ағымдағы жылғы шілдеден бастап профилактикалық іс-шаралар парасаттылық мәдениетін ілгерілету жөніндегі кешенді жоспарға сәйкес жүргізіледі. Бұл жоспар өскелең ұрпаққа сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру және тәрбиелеу, мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті ілгерілету, квазимемлекеттік және жеке секторларда сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс институтын ілгерілету, түрлі этностар мен діндер өкілдерімен өзара іс-қимыл мәселелерін, сондай-ақ, жалпы сипаттағы іс-шараларды қамтиды.

6
Адамдардың дүниетанымының қалыптасуына әсер ете алатын қазіргі өмірдің маңызды бөлігін бұқаралық ақпарат құралдары ұсынатыны сөзсіз. Сондықтан, департамент өз жұмысында қоғамның белсенді азаматтық ұстанымын құру және әркімнің сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілігі шеңберінде БАҚ өкілдерімен белсенді ынтымақтастық орнатып келеді.

Мәселен, есепті кезеңде республикалық және жергілікті телеарналарда 223 сюжет жарық көрді, 912-ден астам материал ақпарат агенттіктерінің интернет ресурстарында орналастырылды (олардың 50 пайыздан астамы республикалық ресурстар), баспа басылымдарында 386-ға жуық мақала жарияланды. Департаменттің қызметі туралы материалдар тұрақты негізде БАҚ-та, ресми сайтта және әлеуметтік желілерде орналастырылады. Әр апта сайын департаменттің «Адалдық алаңы» арнайы бағдарламасы көрсетіледі. Сонымен қатар, департаменттің бастамасы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы 16 бейнеролик ұйымдастырылды, оның ішінде әлеуметтік – 12, «парасаттылық сағаты» шеңберінде – 4 бейнеролик.

7
Ағымдағы жылы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Агенттік жеті бөлімнен тұратын 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын әзірледі.

Стратегиялық құжатта көрсетілген негізгі реформалардың ішінде – негізсіз баю үшін жауапкершілікті енгізу; «follow the money» («фоллоу зэ мани – следуй за деньги») қағидаты бойынша қылмыстық активтерді іздеу мен қайтаруды қамтамасыз ету, лауазымды тұлғалардың сыбайлас жемқорлыққа тұрақтылығын тексеру – «Integrity check» (интэгрити чэк). Қоғамдық бақылауды күшейтуге және БАҚ-тың қатысуына, мемлекеттік сатып алулардың ашықтығына, адал бизнесті дамытуға ерекше назар аударылды.

Бұдан басқа, үстіміздегі жылғы 31 мамырда еліміздің Премьер-Министрі мемлекеттік органдарға жобалық басқаруды енгізу туралы Қаулыға қол қойды, оның мәні – нақты нәтижелерге қол жеткізуге және жауапкершілікті дербестендіруге назар аудара отырып, жедел басқарудан және шамадан тыс бақылаудан кету. Жобалық басқарудың 6 негізгі базалық бағыты анықталды, олардың бірі төртінші бағыт – бұл «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» (№4 үлгілік базалық бағыт).

Барлық сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобалар осы бағыт шеңберінде іске асырылатын болады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі де осы жерде үйлестіруші болып белгіленді. Сонымен қатар, алдын алу шараларымен қатар, департаменттің міндеттеріне сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу кіреді. Мәселен, өңірдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі 71 қылмыстық істі тіркеді, оның 45-і ауыр және аса ауыр қылмыстарға жатады. Негізінен, бұл ұрлау және алаяқтық, сондай-ақ, парақорлық фактілері.

Есептік кезеңде 46 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олардың ішінде 5-еуі облыстық, 5-еуі қалалық, 6-уы аудандық деңгейдегі басшылар. Сондай-ақ, облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі жүйелі сыбайлас жемқорлықтың 7 фактісін анықтады. Мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары тарапынан ШОБ қызметіне заңсыз араласудың 8 фактісінің жолы кесілді. Лауазымды тұлғалардың «көлеңкелі» экономика субъектілеріне қамқорлығының 4 фактісі тіркелді. Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруды сүйемелдеу аясында өңірдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствосы 16 қылмысты тіркеді. Жыл қорытындысы бойынша 1 миллиард теңгеден астам сомаға залалды өтеу қамтамасыз етілді.

Жемқорлықты жою еліміздің іргелі құндылығы, тәуелсіздігімізді нығайтатын негізгі шарттардың бірі болып табылады. Біз, азаматтық қоғамның барлық секторларымен, мемлекеттік органдармен, бизнес өкілдерімен тығыз ынтымақтастықта болу арқылы ғана осы мәселені шешіп, мемлекетіміздің гүлденуіне жағдай жасай аламыз.

Арман Рахымов,
Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар