Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бір түн ішінде Ақмола облысындағы Республикалық маңызы бар автожолдардың жабық учаскелеріндегі блокпосттардан ТЖД күшімен жылыту пункттеріне 105 адам, оның ішінде 13 бала жеткізілді.
Өңірде ауа-райының қолайсыздығына тап болған азаматтарды қабылдауға және уақытша орналастыруға барлығы 268 жылыту пункті мен 193 тамақтану пункті дайындалды. Жыл сайын Ақмола облысында қыс мезгілі қауырт режимде өтеді.
Тәжірибе көрсеткендей, ауа-райы жағдайларына байланысты ТЖ ең көп саны қыста автомобиль жолдарында болады. 2021-2022 жылдардың қысқы кезеңінің басынан бастап облыс жолдарымен қозғалыс 19 рет тоқтатылды.
Департамент басшысының айтуынша, ауа райы жағдайына байланысты жолда қалған азаматтарды қабылдауға және уақытша орналастыруға 268 жылыту пункті (92-республикалық, 176 — жергілікті) және 193 тамақтану пункті (84 — республикалық, 109 — жергілікті) дайындалды. Жылжымалы жылыту пункттері ретінде өтімділігі жоғары автомобильдер пайдаланылады. Облыстың автожолдарында шұғыл медициналық көмек көрсету үшін үш трассалық медициналық-құтқару пункті жұмыс істейді — Аршалы, Бұланды және Жақсы аудандарында, олар шұғыл жағдайларда жылыту пункттері ретінде пайдаланылуы мүмкін.
«Тек 7-8 қаңтарға қараған түні Республикалық маңызы бар автожолдардың жабық учаскелеріндегі блокпосттардан ТЖД күшімен жылыту пункттеріне 105 адам орналастырылды, оның ішінде 13 бала. Атбасар ауданында Атбасар қаласының түзету мектебінде 38 адам, Жарқайың ауданында 47 адам Үкібаев атындағы орта мектеп интернатында, Есіл ауданында 20 адам — №2 ОМ интернатында орналасты», — деді Н. Атығаев.