Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қоғамдық тәртіпті сақтап, анттарына адал болды - АРҚА АЖАРЫ

Қоғамдық тәртіпті сақтап, анттарына адал болды

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев облыстық полиция департаментінде болып, оның жеке құрамымен кездесіп, тәртіп сақшыларына қаңтардың алғашқы күндері елімізде орын алған қайғылы оқиғалар кезінде аймақ тұрғындарының қауіпсіздігін, қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз еткендіктері, осы сын сағатта ерік-жігер танытып, әскери анттарына адал болғандықтары үшін алғысын білдірді.

Осыдан бір апта бұрын тәуелсіз Қазақстан тарихында еліміздің тұтастығына қатаң сын болған қайғылы оқиғалар орын алғаны белгілі. Шабуыл жасаған қылмыстық топтардың әрекеті мемлекеттік басқару институттарын жоюға бағытталды. Кейбір облыстарда әкімшілік ғимараттарына нұқсан келтіріліп, әлеуметтік сала нысандары қиратылды, шағын және орта бизнес үлкен шығынға ұшырады. Ең ауыры, бұл бүлікте жазықсыз жандар қаза тапты. Жарақат алып, қайтыс болғандар арасында полицейлердің, ұлттық ұлан мен әскери қызметкерлердің де бар болғаны барша қазақ жұртының қабырғасын қайыстырады.

–Халықтың өміріне қауіп төнген сәттен бастап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғындардың қауіпсіздігі мен мемлекеттің тұтастығын сақтап қалу мақсатында шұғыл шешімдер қабылдады. Елде төтенше жағдай жарияланып, коменданттық сағаттар белгіленді, қоғамдық тәртіпті күзету күшейтілді. Қалалардың аумағына блок-бекеттер орнатылып, көшелерді патрульдеу қолға алынды.

Бұл жерде озбырлықпен ең бірінші болып бетпе-бет келген полициейлер екендігін тағы бір айта кету керек. Біздің облыста да 1,5 мыңнан астам адам қоғамдық тәртіпті бұзғысы келді, алайда, құқық қорғау органдарының үйлесімді қызметінің арқасында бүлік шығаруға жол берілмеді. Бұл орайда, облыстық барша тұрғындары мен өз атымнан полиция департаментінің жеке құрамына, жергілікті полиция қызметіне, «Арлан» арнайы бөлімшесіне, мамандандырылған жедел қимылдау жасағына, патрульдік-күзет қызметіне алғыс айтамын.

Облыс коменданты, полиция генерал-майоры Арманбек Баймурзинге ерекше ризашылығымды білдіремін, – дей келе, облыс әкімі өзге өңірлерде 1 мыңға жуық күштік құрылым қызметкерлерінің жараланғанын, қаншама отбасының туған-туыстары, бауырлары қызметінен оралмағанын атап өтті. Сондай-ақ, аймақ басшысы полиция қызметіне қойылатын талаптар барлық уақытта жоғары болғанын және солай қала беретінін тілге тиек етті. Және өз сөзінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың құқық қорғау органдарын мемлекет тарапынан қолдауға ерекше назар аударғанына көңіл бөлді.

–Облыс әкімдігі полиция департаментінің қажеттіліктерін қосымша қамтамасыз ету мәселесін шешуде. Өкінішке орай, бүгінгі таңда құқық қорғау қызметін жабдықтау біраз шаруа атқаруды қажет етеді. Осыған байланысты облыстық бюджеттен автокөлік, оқ-дәрі, қорғаныс, өзін-өзі қорғау және радиобайланыс құралдарын сатып алу үшін қажетті қаржы бөлеміз. Бюджет есебінен біз жергілікті полиция қызметінің қызметкерлеріне ақшалай сыйақы төлейтін боламыз. Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, департаменттің республикалық бюджеттен қаржыландырылатын басқа да қызметкерлеріне сыйақы беру мәселесінің құқықтық жағын пысықтаудамыз, – деген Ермек Маржықпаев үздік полицейлердің мемлекеттік наградаларға ұсынылатындығын айтып, қоғамдық тәртіптің сақшыларына игі тілегін білдірді. Енді алда кадрлық және техникалық әлеуетті арттыру, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жалақысын көбейту және тағы басқа мәселелер бойынша үлкен жұмыстың тұрғаны айтылды.

Жиында полиция департаментінің басшысы Арманбек Баймурзин облыс әкімі мен кәсіпкерлеріне артта қалған ауыр күндерде полицейлерге қолдау білдіріп, тамақтану, басқа да материалдық жағынан жабдықтау мәселелеріне көмектескендеріне алғыс білдірді. Облыстық Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Дуанбай
Ыбырай, «Қазақстан Халық банкі» акционерлік қоғамының облыстық филиалының директоры Дәулет Топин де полиция департаментінің жеке құрамына ерік-жігері мен қайсарлығы, өңірдегі тәртіпті сақтап, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз еткені үшін ризашылықтарын білдіріп, ізгі ниеттерін жеткізді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар