Елдің әл-ауқатының жақсартылуына күш салынады

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін берген тапсырмаларын іске асыру бойынша әкімдік мәжілісін өткізіп, алда тұрған шұғыл міндеттерді белгіледі.

Әкімдік отырысына облыстық мәслихаттың хатшысы Мұрат Балпан, облыс әкімінің орынбасарлары, департаменттер мен басқармалардың басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.

– Елде әлі де болса төтенше жағдай режимі сақталуда. Бұл еліміздің 30 жылдық тарихындағы қаралы кезең болып қалады. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында одан да өтеміз, алайда ол біздің есімізде мәңгілік сақталады. Күні кеше Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінде өткен отырыста біздің еліміз үшін бұрын-соңды болмаған және стратегиялық маңызды шешімдер қабылдады. Біз Ел Президентін толығымен қолдаймыз, –деп сөз бастаған облыс әкімі Үкімет құрылымындағы өзгерістерге тоқталды.

Сонымен бірге, қаңтардың басында орын алған митингілерден кейін ортақ күш-жігердің арқасында өңірдегі тұрақтылықтың сақталып қалғанына назар аударды. Бұл ретте, полиция органдары қызметкерлерінің, әскери қызметшілер мен арнайы бөлімшелердің тәулік бойы стратегиялық маңызды нысандарды және қоғамдық қауіпсіздікті қорғауды қамтамасыз еткен еңбегі атап өтілді.

–Жағдай тұрақталды, бірақ әлі де еркінсуге болмайды. Жеке құрамның жауынгерлік дайындығын арттыру қажет және полиция органдарын қажетті арнайы көліктермен, оқ-дәрілермен, өзін-өзі қорғау және радиобайланыс құралдарымен жете жарақтандыру керек. Осы қажеттіліктерге жұмсалатын қаржыны есептеу керек, –деді аймақ басшысы отырыста.

Елімізде орын алған қайғылы оқиғалардың әлеуметтік-экономикалық проблемалардан туындағаны анық, бірнеше жылдар бойы халықтың наразылығы туатындай жағдайлар орын алғаны да бесенеден белгілі. Бұл – бағаның өсуі, инфрақұрылымның баяу дамуы, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары мәселелерінің күрделілігі. Осы орайда, облыс әкімі бюджетті тағы бір қарау қажеттігін ескертті. Сонымен бірге, Мемлекет басшысының алға қойған міндеттеріне жеке-жеке тоқтала келе, өзінің орынбасарлары мен департамент, басқарма басшыларына нақтылы іске көшуді, былтырғы аяқталмаған жобаларды жылдың алғашқы айларында аяқтауды тапсырды.

–Халықтың ең басты наразылығы шешімін таппай жатқан әлеуметтік-экономикалық мәселелерден басталды. Сондықтан, қазірден бастап сұйытылған газ бен бензиннің, дизель отынының бағасын қатаң бақылауда ұстау қажет. Оның үстіне 180 күнге дейін коммуналдық тарифтердің көтерілуіне жол бермей, халыққа коммуналдық қызметтерді үзбей берудің маңызы зор, әрі азық-түліктің маңызды түрлері бойынша бағаны ұстап тұруға тиіспіз.

Тіпті, қазіргі жағдайды пайдаланып, кәсіпкерлер ішінен бағаны негізсіз өсіріп жатқандар бар, мұндай жағдайлармен күнбе-күн кездесіп жүрміз. Оларға тиісті шаралар қолданылады. Себебі, бағаның құбылып тұруы ең төменгі жалақы алатын отбасыларға өте қиынға соғады, – дей келе, аймақ басшысы Ермек Боранбайұлы.

Облыста Мемлекет басшысы белгілеген міндеттер бойынша қолға алынатын шараларға тоқталды және өткен 2021 жылғы облыстық бюджеттің орындалуына назар аударды. Былтыр облысқа 425,7 миллиард теңге қаржы бағытталыпты, оның 98,7 пайызы игерілсе, 5,4 миллиард теңгесі игерілмеуінен қазынаға қайтарылады.

Аймақ басшысы отырыста білім, денсаулық сақтау, жастар мәселесі секілді салаларды да назардан тыс қалдырмай, Президенттің тапсырмаларын орындап, халыққа жақын болудың бүгінгі таңда аса маңызын атап көрсетті.

Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар