Жайылым жоқ, кедергі көп

«Nur Otan» партиясының Ақмола облыстық филиалында облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, олардың өтініштері мен арыз-шағымдарына құлақ түрді.

Қала іргесіндегі Садовый кентінен көпшілік атынан келген азаматтар ауыл маңайында мал жаятын жер қалмай, қиналып жүргендерін жеткізді. Ал, ол елді мекен тұрғындары негізінен мал ұстап, соның сүті мен етін сатып күнелтіп отыр. Бейсенбек атты жас жігіттің жеке шаруа қожалығында 60 бас сауын сиыр бар екен.

Басқа азаматтардың да аула-қорасы құр емес, бәрі де мал басын өсіруге құлықты. Тек, қысқы мал азығын дайындауға, не шабындық жер, не жайылым жоқ. Жекеге сатылған жер ауыл іргесіне дейін жыртылып тасталған. Тіпті, өсіп-өнген балаларын отау тігіп, бөлек шығаруға үй салуға да жер жоқ. Таяп тұрған егін алқабынан алыстағы өріске мал айдар жол да қалмаған.

Айғай-шумен бір уақ рұқсат еткенмен, кейін айыппұл төлетіп, ақыры малды өткізбей қойған. Арызданушыларды мұқият тыңдаған облыс әкімінің орынбасары осы мәселеге қатысты Зеренді ауданының әкімін, ауыл әкімін, сол жерлер иелерін, жер қатынастары мамандарының басын қосып, өзіне келіп отырған шағымданушыларды шақырып, шұғыл түрде жиын өткізетінін, мәселенің оң шешімін табар жолын қарастыратынын айтты.

Айбол Молдабеков есімді жігіт «Жасыл ХПП» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өзі атқарған жұмысына еңбекақы төлемей жүргенін айтып, арызданды. Бір кемшілігі, ол жұмысты ешқандай құжат толтырмай орындаған. Әкім орынбасары өкінішке орай, осындай, ешқандай келісім-шартсыз асығыс жұмысқа кіріп, кейін қаражатын ала алмай қиналып қалушылардың жиі кездесетінін, дегенмен, сол ұжым басшыларымен сөйлесіп, еңбекақысын төлеуді өтінетінін жеткізді.

Мал дәрігерлік станция қызметкері Сырымбет Қанафиннің еңбекақысының төмендігі туралы шағымына Ғалымжан Әбдіхалықов Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауыл шаруашылығына баса назар аударылатынын, жалпы, халықтың табысын арттыру бағдарламасының әзірленетінін, демек, еңбекақының реттелетінін түсіндірді.

Озық ойлы жас маман Ерсұлтан Жақанов ауыл шаруашылығы саласын автоматтандыру, инновациялық жаңа технологияларды енгізіп, дамыту мәселелерімен айналысады екен. Сол идеяларын қандай фермер, ұжымдармен байланыста өрістетуге болатынын сұрай келіпті. Облыс әкімінің орынбасары облыстық ауыл шаруашылығы басшысының міндетін атқарушы Еркеш Әленовке айтылған мәселеге қатысты мамандармен басқосу ұйымдастыруды тапсырды.

Лариса Даянова өзінің анасы В.А.Видякинаның «Максимовское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен тиесілі үлесін ала алмай жүргендігін жеткізіп, көмек сұрады. Ғалымжан Әбдіхалықов бұл сұрақ бойынша тиісті мамандарға тапсырма беретінін, заңға сәйкес солардың өзіне хабарласып, жауабын айтатынын жеткізді.
Ақмола облысы әкімінің орынбасары қоғамдық қабылдауға келген тұрғындардың барлық сұрақтарына жауап беріп, одан әрі берген тапсырмаларын қадағалайтынын, сөйтіп, көтерілген мәселелердің бірде-бірінің аяқсыз қалмайтынын айтты.

Серік Сапарұлы,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар