Қаламыздың дамуына сіңірген еңбегі мол

Біздің Сейдалиндер әулеті үшін босағамызды аттаған 2022 – Барыс жылының көңілге демеу берерлік шапағаты – асқар таудай әкеміз Абай Халитұлының туғанына 15 қаңтарда 70 жыл толып отыр. Көкірегімізді өртеген өкініш – осыдан он екі жыл бұрын асыл азаматымыздан көз жазып қалғандығымыз.

Осы мерзім ішінде талай қилы сәттерді бастан кешірсек те, отбасылық сыйластық дәстүрімізге қылау түсірмей, әкеміз негізін қалаған «СейНұр фирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қала тұрғындарына сапалы жолаушылар тасымалы қызметін көрсетуін ойдағыдай қамтамасыз етіп келеміз.

Адамдарға қайырымдылық қолын созып, адалдықтың ала жібін аттамаған пейілі кең әкем Абай Халитұлының арманы көп болатын. Қаршадайымнан мені қасынан бір сәт те қалдырмай, адамгершілік, ізгілік қасиеттерді санама құя білді. Өзінің Әбілқайыр ханның жетінші ұрпағы екенін мақтан етіп, ата-баба шежіресіне айрықша мән беретін. Ағайындармен бас қосқанда ұлы бабасы және оның ұрпақтары жайлы көне тарихтан жиі-жиі сыр шертетін. Сондағы бір арманы Кіші жүздің ұлы ханы Әбілқайырдың есімін Көкшетау қаласының бір көшесіне беру болатын. Бәлкім, өмірден ерте озбағанда, бұл арманына да жетер ме еді? Енді әке әңгімесінен жүрегіме ұялап, санамда хаттай жатталған хан шежіресін тарқатып көрейін.

Шыңғыс ханның он бесінші ұрпағы болып келетін Кіші жүздің қолбасшысы әрі ханы Әбілқайырдың жаужүрек ұрпақтары Нұралы, Ералы, Айшуақ, Қаратай 1748-1816 жылдары хан тағына отырса, Қожахмет пен Әділ сұлтандық атақтарын өмір бойы абыроймен қастерлеп өтті. Әрине, ұлы бабаларымның қазақ тарихында атқарған рөлі айрықша болғанымен, оның бәрін қамту мүмкін емес.

Сейдалы ұрпақтарының ғибратты ғұмырнамасына тоқталар болсақ, біз Әбілқайырдың Нұралы баласынан тарайды екенбіз. Одан Сейдалы – Төрежан – Шуақ – Нұхкерей – Халит – Абай – Нұрлан туады. Осы шежіре бойынша әкем Абай Әбілқайыр ханның жетінші ұрпағы болып саналады. Өз дәуірінде еліне қорған бола білген Нұралының туған перзенті Бөкей мен оның ұлы Жәңгір хандардың билікте қандай рөл атқарғанына көне тарих куә болғандай. Алтыншы атам Сейдалы сұлтан кезінде қазақтардан шағын отряд құрып, Пугачев қозғалысына қолдау көрсетіпті.

Бертінгі тарихқа ойыссам, Халит атам отызыншы жылдары қуғындаудан бас сауғалап, атамекені Қостанай өңірінен Қызылту ауданындағы Ақтүйесай ауылына көшіп келеді. Бұл жерді таңдаудағы басты себеп, Жұпар анасының төркіні, яғни, нағашы жұрты болатын. Жастайынан оқуға зерек Халит атам әртүрлі қызмет атқарып, Ұлы Отан соғысында рота командирі болды. 1943 жылы ұрыс даласында ауыр жарақат алып, Воронеж госпиталінде ұзақ емделді. Тағдырдың жазуымен мейірбике болып істейтін орыс қызы Надежда Тимофеевнамен көңіл қосады. Өмірге Мұрат, Жәнібек, Абай, Дәулет, Әлібек есімді арыстай азаматтар келеді. Ағайындардың шақыруымен Қызылту өңіріне оралған Халит Нұхкерейұлы Омбы ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, «Тельман» колхозын басқарып, «Колос», «Қызылту», «Степной» совхоздарының бас агрономы, «Чернигов» совхозының бас экономисі қызметтерін атқарады.

Өмірдегі пірім де, ақылшым да болған аяулы әкем Абай Халитұлы сабырлы мінез-құлқы, байсалды көзқарасымен менің санамда мәңгі сақталады. Сондықтан да, оның еңбекқорлығы, балаларына, туыстарға қамқорлығы жайлы айтудан еш уақытта жалыққан емеспін. 1952 жылғы 15 қаңтарда Ақтүйесай ауылында туып, алғашқы еңбек қадамын жергілікті шаруашылықта механизаторлықтан бастайды. Көкшетау ауыл шаруашылығы институтында оқып, 1975 жылы Көкшетау қаласына көшіп келгеннен кейін, облыстық жолаушылар тасымалы басқармасында қатардағы инженер, колонна бастығы, бас инженер болып істейді. Бұдан кейін Көкшетау таксопаркінің директоры, ал, 1998 жылғы 19 мамырдан «СейНұр» фирмасының президенті қызметін абыроймен атқарып, кәсіби біліктілігімен танылды.

Әкемнің көрегендігінің арқасында облыс орталығындағы іргелі автотранспорт кәсіпорны бытыратылмай, аман сақталып қалды. Қазіргі танда «СейНұр» фирмасы бұрынғы жұмыс ырғағынан танбай, қала тұрғындарына сапалы жолаушылар тасымалы қызметін көрсетіп келеді. Алғашқы жылдары тасымал қызметінде таксилер мен «Рафиктер» көбірек пайдаланылса, 2003 жылдан бастап бұл техника автобустармен алмастырылды. Бүгінгі күнге дейін №4, 6, 7, 8, 19, 21, 22, 32, 34, 37 маршруттары бойынша жолаушы тасымалымен 40 автобус айналысуда. Былтыр мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша сыйымдылығы кең 20 жаңа автобус сатып алдық. Жүргізушілердің алаңсыз жұмыс істеуіне барлық қолайлы жағдай жасалған.

Абай Халитұлы екі шақырылым бойынша Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты болып сайланғанда, жерлестерінің әлеуметтік жағдайына қатысты мәселелерді шешуге белсене атсалысты. Оның депутаттық сауалы бойынша жолдар жөнделіп, қала көшелеріне бағдаршамдар орнатылды. Хал-қадерінше, балабақшаларға, мектептерге, табысы аз отбасыларына, зейнеткерлерге демеушілік көмегін де жасай білді. Мәселен, Көкшетау қаласында жаңадан ашылған қазақ драма театрына бір автобус пен «Волга» жаңа көлігін сыйға тартқанын қалайша еске алмасқа. Атымтай жомарт азаматтың өмірінен мұндай жағымды мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Лейла, Жанна, Роза қыздарынан кейін қырық бір жасында көрген жалғыз ізбасары болғандықтан, мені бетімнен қақпай, өнегелілікке тәрбиеледі. Өзім де әке үміті мен сенімін ақтап, осы күні туған қаламның қоғамдық өміріне белсене атсалысып жүрмін. Былтыр Көкшетау қалалық мәслихатына депутат болып сайландым. Жұбайым Айнұр екеуміздің ендігі арманымыз – Абай Халитұлының сүйікті немерелері Нұралы, Медина, Рамазанға өнегелі тәлім-тәрбие беру. Аяулы анашым, отбасымыздың темірқазығы Райхан анама қолғабысымды аямай, «СейНұр» фирмасының жұмысын неғұрлым алға бастыру. Бұл менің әке рухына тағзым ете отырып, перзенттік борышымды абыроймен өтеуім деп білемін.

Нұрлан СЕЙДАЛИН,
«СейНұр фирмасы» жауапкершілігі шектеулі
серіктестігі бас директорының орынбасары,
Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар