«Жұпарлы жаңбыр» – ақынның жыр әлемі

Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрында осы театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты, жас ақын Манарбек Қыдырбайдың «Жұпарлы жаңбыр» атты тұңғыш жыр жинағының тұсаукесер рәсімі өтті.

Тәуелсіздіктің құрдасы, кітап авторының дәл осы күні облыстық «Құлагер» байқауынан проза жанры бойынша да жүлдегер атануы кеш мазмұнын тереңдете түсті.

Кітап Ақмола облыстық әкімдігінің қолдауымен, «Көкшетау қаламгерлері» сериясымен, «Мир печати» баспаханасында жарық көрген. Таралымы 500 дана, редакторы Мерген Тоқсанбай. Кешті ақын Қуаныш Оспан жүргізді.

Манарбек ақын 1991 жылы Моңғолияның Бай-Өлке аймағында дүниеге келген. Ата жұртқа 2005 жылы қоныс аударған. 2013 жылы Көкшетаудағы Ақан сері атындағы мәдениет колледжін «Драма актері» мамандығы бойынша, 2018 жылы Қазақ Ұлттық өнер университетін «Кино-теле драматургия» мамандығы бойынша тәмамдаған. Әуелі актер болуды армандаған талантты жас студент күнінен өлең өлкесінде бағын сынап, ақындыққа ден қойған. Ал, жоғары оқу орнында драма жазудың қыр-сырын меңгеруі оны проза саласына алып келсе керек. Міне, тәуелсіздіктің төл құрдасы енді поэзия, проза жанрларына қатар қалам тартып жүр. Негізгі мамандығы бойынша түбі драмалық шығармаларға да ден қояры бек мүмкін.

Кеш үстінде өзінің әріптестері, қазақ театрының, өзі оқыған мәдениет колледжінің студенттері «Жұпарлы жаңбырдан» жырлар оқып, ән салды.

Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова, Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің директоры Құралай Ыдыросова, «Рухани жаңғыру» өңірлік кеңсесінің басшысы Ерлан Мұхамедияр, ақындар Ерболат Баятұлы, Құдайберлі Мырзабек, Алмас Темірбай, Нұрислам Әбділ, Қазақстан Жазушылар одағы Ақмола облыстық филиалының директоры Мерген Тоқсанбай, театр актері Төлеубек Көңбай, тағы басқалар кітап авторын құттықтап, жылы лебіздер айтты.

Кеш соңында Манарбек Қыдырбай өзінің тырнақалды шығармасын жарыққа шығарушыларға алғысын жеткізіп, өз шығармашылығына тоқталып, кітабына енген өлеңдерін оқып, оқырманына қолтаңба берді.

Серік Сапарұлы.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар