Өмірге құштар, өнерге іңкәр

Әр адамның өзінің жүріп өткен жолы, шығар белесі, алар асуы бар бұл өмірде. Жан-жағына шуағын шашып, ізгілік нұрын таратып, үлгі-өнеге болып жүрген жандарды көргенде еріксіз сүйсінесің, риза боласың. Еңбегімен қоса қоғам өмірінен де шет қалмай, туған өңірінің өркендеуіне ат салысып жүрген адамдар шынында да өлке мақтанышы емес пе? Бір әңгімемізге арқау еткелі отырған жаны жайсаң, өнері өрге басқан Серік Қанапин осындай сегіз қырлы, бір сырлы азамат.

Серік Аллажарұлы 1958 жылдың 18 желтоқсанында осы ауданға қарасты Қаражар ауылында дүниеге келген Ол кезде іргелі «Ильинка» кеңшарының бөлімшесі болған елді мекен «Социалистік Қазақстан» деп аталатын. Бірақ, оның балалық шағы мен жасөспірім кезеңі әкесі Аллажардың жұмыс бабымен Қорғалжын, Теңіз аудандарындағы осы шалғай кеңшарларда өтті. Серік жастайынан қолына домбыра ұстап, ән айтуға әуестенді. Мектептегі мәдени шарадан тыс қалмайтын.

1978-1981 жылдары Новоишимка ауыл шаруашылығы техникумында оқып жүргенде де осы дағдысынан жаңылмай, түрлі байқауларда аудан намысын қорғап, сахна төрінен көрініп жүрді. Техникумды ойдағыдай аяқтаған жас маман үш жылдай жаңадан ашылған Теңіз ауданында еңбек етті. 1984 жылы бүгінгі аудан орталығы Ақмол (бұрынғы Малиновка) ауылына қоныс аударды. Содан бергі ғұмыры осы жерде өтіп келеді. Жеті жылға жуық осындағы құс фабрикасында монтаждаушы- слесарь болып еңбек етті. Содан кейінгі жылдарын тікелей мәдениет, білім саласымен байланыстырды.

Бойында шығармашылық таланты бар, өлең-әңгіме жазумен айналысатын ұстаздың дарынды шәкірттері көп бүгінде. Мәселен, 1992 жылы Павлодар жерінде өткен республикалық «Сиқырлы қазан» сайысында Серік Аллажарұлының шәкірттері облысымыздың намысын қорғап, жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ұстаздың өзі де арнайы марапатқа ие болды. Сол кездегі ауданның құрметті азаматтары, оқу бөлімін басқарған Балкен Игенбаев пен жергілікті қаламгер Мұрат Керейбаевтан тәлім алып, ізіне ерген Серік Қанапин жыл өткен сайын білімі мен білігін жетілдіріп, тәжірибелі ұстазға айналды.

Алдынан тәлім алған шәкірттері бүгінде әр салада жемісті еңбек етуде. Астананың іргесінде 40 жылға жуық еңбек еткен ол осы кезең аралығында аудандық мәдениет үйінің басшысы, мектеп директоры секілді лауазымды қызметтерді атқарды. Көп жылғы еселі еңбегі зая кеткен жоқ. Сан мәрте аудандық, облыстық білім бөлімдерінің мақтау қағаздарын иеленді. Республикалық ұстаздар қауымы атынан «Үздік ұстаз» белгісімен аталып өтілген. «Целиноград ауданына 90 жыл», «Қазақ сыныптарының ашылғанына 30 жыл» секілді көптеген марапаттардың иегері.

Қаламгерлік қабілеті бар Серік Аллажарұлы өз шығармашылығын да үнемі дамытып отырады. Түрлі тақырыптардағы мақалалары облыстық, аудандық газеттерде, түрлі сайттарда үзбей жарияланып тұрады. «Атамұра» баспасынан «Өмір-өзен» атты кітабы жарық көрген. Целиноград ауданының 90 жылдық тойы қарсаңында «Алтын кітап» баспасынан «Есіл-Нұра» перзенттері» атты кітабы жарыққа шықты. Алдағы уақытта өңірдің іскер, танымал азаматтарының өмір жолынан сыр шертетін тағы бір туындысы оқырманға жол тартпақ.
–Әне-міне дегенше зейнет жасына да келіп қалыппыз. Шүкір, өткен өміріме өкпем жоқ. Еңбек еттім, еңбегімнің жемісін көрдім. Өнерді жаныма серік еттім. Қоғамдық шаралардан да қалыс қалған жоқпын.

Қазіргі кезде аудандық ішкі саясат, мәдениет бөлімдерімен тығыз қарым-қатынастамын. Таяуда тарихшы Жамбыл Артықбаевпен бірге осы өңірдегі киелі орындарды тауып, баспасөз бетінде жарияладық. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекшісі Айгүл Сүйінжановамен бірлесіп, ғылыми экспедиция мүшелерінің құрамын жасақтадық. Осы істердің басы-қасында болғанынды мақтан тұтамын, – дейді Серік Аллажарұлы бізбен әңгімелескенінде.

Біздің кейіпкеріміз бірнеше әннің сөзін де жазған. Оның сөзіне жазылған «Ақмолым – құт мекенім», «Адамның кейбір кездері» секілді сазды әндерді аудандық мәдениет үйінің әншілері Руслан Жапаров пен Еркебұлан Қасымов тамылжыта шырқап жүр.

Саналы ғұмырының 40 жылға жуығын Есіл-Нұра аймағында өткізген абзал азамат зейнеткерлікке шыққан соң да қол қусырып қарап отырмақ емес. Алға қойған биік мақсаты да бар. Соның бірі әрі бірегейі – аудан еңбеккерлеріне арналған мұражай ашуға өз үлесін қосу. Асқаралы алпыстың асуынан асып, зейнет жасына жеткен айтулы азаматқа алдағы өмірде тек сәттілік, шалқар шабыт тілейміз.

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар