Қазақстандық вакцина тиімділігін көрсетті

Өңірлік комуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықов пен Ақмола облысы бойынша санитарлық- эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Серік Омарханов ревакцинациялаудың жайы туралы мәлімдеме жасады.

Ақмола облысында эпидемиологиялық жағдай күн сайын нашарлап барады. Сонымен қатар, ауруға шалдыққандар саны артып келеді. Жыл басынан бері облыста 500-ге жуық COVID-19 оқиғасы тіркелсе, олардың негізгі үлесін ЖРВИ белгілері бар адамдар құрайды. Ағымдағы жылдың 11 қаңтарында облыста COVID-19 инфекциясы бойынша зертханалық жолмен расталған 48 жағдай тіркелсе, 12 қаңтарда 138 жағдайы тіркелді.

Сөйтіп, көрсеткіш 2,8 есеге өскені байқалды. Ал, енді коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинацияға келер болсақ, облыста барлығы 133 егу пункті жұмыс істейді.

Бірінші компонентпен 5 түрлі вакцина қабылданды. Вакцинация науқаны басталғаннан бері облысқа бірінші компоненттің 377232 дозасы алынса, онымен 334 946 адам екпе алған. Ал, екінші компонентте 512 003 доза болса, онымен 308 031 адам вакциналанған. Вакцина алғандар арасында жағымсыз реакциялар байқалмаған.

Жалпы, өткен жылдың 22 қарашасынан бастап 29986 адам ревакцинацияланған. Оның ішінде, QazVac екпесімен 29414 адам егілсе, 415 адам Sinofarm (Hayat + VeroCell), 77-сі Sputnik V, 12-сі Corona Vac, 37-сі Комирнати екпелерімен вакцинацияланған. Бұл ретте қызметкерлердің кемінде 70 пайызы COVID-19-ға қарсы вакцинацияның толық курсын алған-алмағанына қарамастан, штаттық кестеде 30-дан астам қызметкерден тұратын қашықтағы жұмыс нысанында қалады. Сондай-ақ, олар соңғы 3 айда қауіпті індеттен айыққан болуы керек.

«Ashyq» жобасының қатысушылары болып табылмайтын қоғамдық тамақтандыру объектілері жұмыс режимінде сағат 9-дан кешкі 20.00-ге дейін 50 пайызға дейін, бірақ 30-дан аспайтын орынды толтырған жағдайда жұмыс істей алады. Сағат 20.00-ден 09.00-ге дейін өнімдерді тек тапсырыс берген жерлерге жеткізу үшін сатуға рұқсат етіледі. Оған қоса, жобаға қатысушыларға 50 орыннан аспайтын, 50 пайызға дейін толтырумен сағат 07.00-ден 00.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Сонымен қатар, демалыс күндері қауіпсіз «жасыл статус» болған жағдайда (вакцинация, сынама алынған күннен бастап 7 күннен аспайтын теріс нәтижесі бар ПТР сынамасының болуы, CVI вакцинациясына тұрақты медициналық қарсы көрсетілімнің болуы немесе соңғы 3 ай ішінде CVI ауруымен ауырғандар) қызметкерлер мен келушілер тиісті орындарға кіре алады.

Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен өңірдің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің вакцинадан кейінгі науқастар бойынша бірлескен талдауына сәйкес, отандық QazVac вакцинасы ең тиімді екенін көрсетті.

– Осы аталған вакцинаны алғаннан кейін барлығы 94 адам немесе осы вакцинамен егілгендердің жалпы санының 0,6 пайызы ғана ауырған. Бұл Ақмола облысында қолданылатын басқа вакциналармен салыстырғанда екі есеге аз, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықов. Бұл коронавирусқа қарсы вакциналардың тиімділігіне талдау жүргізу барысында анықталған маңызды жайттар. Салыстырмалы түрде алсақ, «Гам-КОВИД-Вак» Sputnik V вакцинасынан кейін аймақта осы вакцинамен егілгендердің жалпы санының 1,2 пайызы ауырған. Бұл көрсеткіш басқа вакциналарда да 1,3 пайызбен көрініс тапқан.

– Ведомствоаралық комиссияның отырысына сәйкес, Ақмола облысында да мектеп оқушылары 31 қаңтарға дейін қашықтықтан оқыту форматына ауыстырылады. Өйткені, отырыста балалардың қауіпсіздігі үшін бүкіл республика бойынша 31 қаңтарға дейін онлайн форматта оқиды деп шешім қабылданды. Алдағы уақытта эпидемиологиялық жағдайға баса назар аударылатын болады, – деп атап көрсетті облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Серік Омарханов.

Жалпы, Ақмола облысында 2022 жылдың 14 қаңтарынан бастап карантин шаралары күшейтілетін болады. Сондықтан, ендігі жерде отандық вакцинаның тиімділігін ұмытпаған жөн. Қауіпті індеттен арылудың басты жолы екпе алу екенін және арақашықтықты сақтап, маска киіп, қолды зарарсыздандыруды естен шығармағанымыз дұрыс болар.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар