Бүгінде еліміз егемендігін алған жылы дүниеге келген тәуелсіздік құрдастары сан алуан кәсіпті игеріп, қоғамның дамуы жолында еселі еңбек етуде. Олардың қатарында Астрахан ауданының тұрғыны Айсұлу Өмірзақ та бар.
Айсұлу Өмірзақ 1991 жылы 27 қараша күні дүниеге келген. Жасынан ол іс тігуге, тоқуға әуес болатын. Тапсырыс бойынша өзінің достары мен таныстарының киімдерін қалпына келтірумен айналысып, кәсіби шеберлігін шыңдады. Жылдар өтіп, сүйікті ісі өз жемісін бере бастағандықтан, жұбайының қолдауымен өзі ісін ашуға бел буады.
Қазіргі таңда шалбар тігу, қысқарту, қалтаны жамау сияқты кішігірім істердің еш қиындығы жоқ сияқты. Бірақ, уақыттың жетіспеушілігіне байланысты мұның бәрі қолдан келе бермейді. Сондықтан, бұл істі құрал-жабдықпен жылдам, сапалы, тез арада атқарып беретін мамандарға сұраныс жоғары. Осы оймен Айсұлу Өмірзақ Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының Астрахан аудандық филиалына келеді. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша курстан өтіп, жеке киім тігу және қалпына келтіру ісі бойынша арнайы бизнес-жоспарын қорғап, сертификат алған қыз 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қажетті грантқа ие болып, құрал-жабдықтар сатып алады. Жобаның түлегі бір шағын нысанды жалға алып, қазір өзінің сүйікті ісімен айналысуда. Мұнда матаға кесте тігу клиенттер арасында ерекше сұранысқа ие.
– Менің көп жылғы арманым еліміздің тәуелсіздігінің 30 жылдығында орындалғанына өте қуаныштымын. Өйткені, өзім де осы тәуелсіздігіміздің құрдасымын ғой. Үшінші топтағы мүгедек болсам да, елім, халқым үшін аянбай еңбек етуге дайынмын әрі сүйікті ісіңмен айналыссаң, бойыңда бір күш-жігер пайда болатын сияқты. Алайда, соңғы кезде елімізде болған қайғылы жағдайлар бізді де қатты ойландырып тастады. Осы бір ауыр күндер тезірек артта қалып, жағдай тұрақтанса деп ойлаймыз. Біз үшін тәуелсіздік бәрінен қымбат. Қазақстанымыз дамып, нығая берсін! – дейді бізбен әңгімесінде Айсұлу Өмірзақ.
Салтанат БӘКІРОВА.
Астрахан ауданы.