Лондонда шетелдік сарапшылар Қазақстандағы оқиғаларды талқылады

Азия істері жөніндегі британ Корольдік қоғамының (Royal Society for Asian Affairs, RSAA) алаңында Қазақстандағы қаңтардағы қайғылы оқиғалар талқыланды.
Сонымен қатар оқиғалардың салдары және елді қалпына келтіру мен дамыту бағытындағы жоспарлары әңгіме өзегіне айналды. Іс-шара «The Oxus Society for Central Asian Affairs» (АҚШ) ұйымының қолдауымен өтті. Оған белгілі тарихшы, әлемдік бестселлерлердің авторы, Оксфорд университетінің профессоры Питер Франкопан төрағалық етті.
Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов оқиғалардың хронологиясын таныстыра келе қатысушыларға елдің түрлі аймақтарында бейбіт болып басталған наразылықтарды кейін бандиттердің, тонаушылардың және қарулы лаңкестердің «іліп әкеткендігін» еске салды. Ол, сондай-ақ, қазіргі уақытта елдегі жағдай тұрақталғанын, 13 қаңтарда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгершілік контингентін Қазақстаннан кезең-кезеңімен шығару басталғанын және жақын күндері аяқталатынын хабарлады. Е.Ыдырысов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаңтар оқиғаларының түйінін шешу үшін бір мезгілде екі түрлі тәсіл қолданғанын атап өтті.
«Біріншіден, билік бейбіт және шынайы түрде наразылық білдірушілермен дереу диалог бастады. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаттарына сәйкес ресми тұлғалардың демонстранттармен кездесулері өткізілді. Олармен диалог орнату үшін арнайы үкіметтік комиссия құрылды және шерушілердің негізгі талаптары қанағаттандырылды. Ал, екіншіден, бейбіт митингілерді тоқтатқан, адам өлтірген, бейберекетсіздікке жол берген және елдің конституциялық құрылымын бұзуға әрекеттенген қарулы лаңкестерге қатаң және ымырасыз күресті күшейтті», деді Елші.
Қазақстандық дипломат 11 қаңтарда ҚР Парламенті мәжілісінде сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы елдегі күрделі әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешу, халықтың табысын арттыру, саяси реформаларды одан әрі іске асыру бойынша нақты міндеттер қойғанын ерекше атап өтті. Іс-шара барысында ашық және бүкпесіз пікір алмасу ұйымдастырылды.
Спикерлер мен аудитория Қазақстандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдай, елдегі қаңтар трагедиясының себептері мен салдары туралы өткір сұрақтар қойды. Қазақстан туралы ақпараттарды «The Guardian», «The Economist» және «The Independent» басылымдарында жариялайтын танымал журналист Джоанна Лиллистің пікірінше, Алматы қаласында сау тамтығы қалмаған ғимараттар қарулы қылмыскерлердің үйлестіру және ұйымдастыру деңгейін көрсетеді. Ол, сонымен бірге, бұл оқиғаның төңкеріс әрекеті болғандығына бірқатар дәлелдер бар екендігіне назар аударды.
«Енді ел билігі бұл әрекеттің артында кім тұр деген сұраққа жауап беруі керек», деді журналист. «Чатам-хаус» Корольдік халықаралық қатынастар институтының ғылыми қызметкері және «PRISM Political Risk Management» компаниясының басқарушы директоры Кейт Маллинсон ел басшылығының Қазақстанда күрделі өзгерістерді қолға алу қажеттігіне, оның ішінде мемлекеттік билік органдарына реформаларға ниеттенген мыңдаған білімді қазақстандықтың келуін қамтамасыз ету керектігіне назар аударды.
Сонымен қатар, ол әлемдік қауымдастықтың ҰҚШҰ контингентін енгізу жөніндегі алаңдаушылығына қарамастан Қазақстан 30 жыл бойы табысты іске асырып келе жатқан көпвекторлы саясатын жалғастыратынына үміт білдірді. Пікірталасқа, сондай-ақ, Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның өкілі Әлимана Жанмұқанова және Джордж Вашингтон университетінің докторанты Раушан Жандаева қатысты. Олар қаңтар трагедиясының бастапқы кезеңінде бейбіт наразылыққа себепші болған әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешу үшін Қазақстан билігін қолдан келгеннің бәрін жасауға шақырды.

Дереккөз. www.inform.kz

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар