«Президенттің Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзін қолдаймыз!»

дейді «дөңгелек үстел» отырысына қатысушылар

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзін талқылау үшін «Қоғамдық келісім» мекемесінде бас қосқан облысымыздағы қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар филиалдарының жетекшілері, ғалымдар мен қоғам белсенділері ел өмірінде орын алған соңғы оқиғаларға байланысты өз ой-пікірлерін ортаға салып, жағдайды жақсарту жөнінде қабылданып жатқан шараларға қолдау білдірді.

Жиынды «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің мүшесі, «Экос» қоғамдық ұйымының жетекшісі Руслан Жүзенов жүргізді. Ол қаңтар айының басында елімізде болған қайғылы оқиғалар, оның зардаптары мен салдарына тоқтала келіп, әріптестерін осы орайдағы пікірлері мен ұсыныстарын айтуға, Президент сөзін терең талдауға шақырды.

«Дөңгелек үстелге» қатысушылар алдымен, А.Мырзахметов атындағы университеттің проректоры, тарих ғылымдарының кандидаты А.Қапышевтың баяндамасына құлақ түрді. Ол Президент сөзінде көтерілген әрбір мәселеге тоқталып, мән-мағынасын тарқатып айта келіп, Алматыдағы бүлікшілер ішінде жастардың көп болғанына қынжылыс білдірді. Шындығында, Алматы, Түркістан облыстары мен Алматы қаласында жастардың жұмыссыздығы басым. Сол жастар бейбіт митингіге шыққанда теріс ақпарат, әлеуметтік желідегі жел сөздерге көбірек еріп, бүлікшілер арандатуына тез ілігіп кеткен сияқты, деп күдіктенеді ғалым. Жұмыссыздық, бос жүріс, тұрақты табыссыз, қалыптасқан тәрбиелі ұжым мүшесі болмау әртүрлі ағымдарға еріп, бағыттан адасуға бастауы мүмкін. Сондықтан, жастарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етудің маңызы зор. Біздің Ақмола облысында да жастардың 20 пайызы жұмыссыз.

–Елімізде жастарды қолдауға арналған бірнеше бағдарлама бар. Бірақ, олардың бәрі бірдей толыққанды жұмыс істеп отыр деп айта алмаймын. Менің ойымша, сол бағдарламаларды қайта қарап, тиімді бір ғана бағдарламаға біріктіру керек. Сөйтіп, оған жұмыс жасату керек, – деп түйді ойын баяндамашы.

Ақмола облыстық кәсіподақ орталығының төрағасы Қ.Рахметов қоғамда бұған дейін де кемшіліктердің айтылып келгенін, тек сол мәселе көтерушілерді тыңдай білудің маңызына тоқталды. Елімізде өте бай адамдар мен қарапайым тұрғындар арасы өте алшақ. Демек, өзара түсінік те алшақтай түскен. Жұмыс берушілер жұмысшы-қызметкерлерінің өтініштерін тыңдамайды. Азық-түлік, тағы басқа тұрмысқа қажетті тауарлар бағасы жиі көтерілсе, еңбекақы оған ілесе өспейді. Жұмыс берушілер қызметін атқарушылармен келісім-шарттарды талап деңгейінде жасамайды. Еңбек қауіпсіздігі толық сақталмайды. Осындай немқұрайлылық жұртшылық наразылығын, түсінбестік тудырады.

«Ауыл» партиясы облыстық филиалының үйлестірушісі А.Аяпбергенова өз сөзінде расында да жастар арасында жұмыссыз жүргендердің көп екендігін, білім мен тәрбиеге көп көңіл бөліп, олардың жауапкершілігін арттыруға үлкен мән беру керектігін айтты. Талапқа сай спорт кешендері керек. Бір мысал, Көкшетауда балалар каратэмен тап-тар, шағын спорт залдарында шұғылданып жүр. Ертең жастар мектеп, сосын жоғары оқу орнын бітіреді де, жұмыссыз отырады. Сонда, қара белбеулі каратэші жаттықтырушы болып, нанын таба алады. Ол сол кішкентай залдан шыққан бала. Демек, оларға жағдай туғызу қажет.

Ауылдарда кезінде құқықтық сауатсыздық салдарынан алданып, өз үлестерін компанияларға тиімсіз құқықпен беріп, қол қойып қойған тұрғындар қиналып жүр. Келісім-шарттары дұрыс толтырылмаған.

Жастар шынайы, ресми ақпараттардан тыс қалған. Жұмыссыз, жауапкершіліксіз. Тек жастық жалын, күш-жігер ғана. Оларға жөн сілтеп, дұрыс бағыт көрсетіп, білім мен тәрбие беру жолдарын жетілдіру керек.
«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Б.Жұпынов сөзін:

–Президент бастамасын, тапсырмаларын толық қолдаймыз. Сол міндеттерді қалай тез жүзеге асырып, қалай тез орындасақ, солай халқымыздың әл-ауқаты, тұрмысы жақсарады, – деп аяқтады.

«Дөңгелек үстел» мәжілісінде сондай-ақ, Жалпыұлттық социал демократтар партиясы филиалының төрағасы В.Смоквин, «Наше право» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі В.Щуль, Қазақстан халық партиясы облыстық филиалының төрайымы Л.Луговская, «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары А.Раисов сөз алып, Мемлекет басшысының Парламент Мәжілісінің отырысындағы тарихи сөзін толық қолдайтындықтарын жеткізді.

Серік Сапарұлы,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар