Алда алар асуларың мол болсын, Алдияр!

2021 жылдың соңында «Болашақ» сарайы мекеме үйірмелеріне қатысушы дарынды оқушылар мен жастар арасында «Болашақ сыйлығы» байқауын ұйымдастырып, бірқатар талапты жастарды марапаттаған болатын. Сонда бас жүлдеден бөлек, қосымша 4 талантты жасқа да арнайы дипломдар мен 100 мың теңгелік сертификаттар тапсырылған еді.

Есту қабілеті бұзылған жастар арасында еркін күрестен Қазақстан Республикасының чемпионы және Беларусь Республикасында спорттың осы түрінен өткен Халықаралық ашық кубок чемпионы Алдияр Балташев солардың бірі.

Қайсар мінез бен қажырлы еңбектің арқасында талай белесті бағындырған спортшыларды еліміз былай тұрсын, әлем жұрты да мойындайды. Денсаулығында ерекшелігі бар спортшылардың тұғырға көтеріліп, Қазақстанның туын желбіреткенде, еңсеміз еселеніп, шынайы батырлықтың көрінісіне тәнті боламыз. «Болашақ» сарайының тәрбиеленушісі Алдияр Бекжанұлы Балташев та осындай жігерлі жастардың қатарында.

Ол 2000 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданының Қайрат ауылында дүниеге келген. Ауылдық жерде өсіп-өніп, онда спортпен шұғылданатын секция болмаса да, өздігімен білгенінше спортпен айналыса берген. 19 жасында Көкшетау қаласына келіп, еркін күреске ықыласы ауып, онымен айналыса бастаған сәтінен бойындағы дарынын аша білді. Бүгінде Алдияр Бекжанұлы есту қабілеті бұзылған балалар арасында еркін күрестен спорт шебері, Қазақстан Республикасы мен Ақмола облысының құрама командасының мүшесі.

Алдиярды балуандықпен айналысуға Көкшетау қаласында еркін күрес жаттығуларына барып жүрген ағасы жетелеп апарыпты. Спорт залында Алдияр секілді денсаулығында ерекшелігі бар жасөспірімдер мен жастардың қалай жаттығатынын көрген ағасы бірден бұл спорт түрі інісінің де қолынан келетінін түсінген. Өйткені, ол бауырының бойындағы күш-қайрат пен ынта-жігердің барына әбден қанық-ты. Залға Алдиярды ертіп келген соң, бапкер Ерсана Қапарұлы оның күшін сынап, бірнеше жаттығу өткізеді. Сөйтіп, болашақ чемпион бойынан жеңіске деген талап пен жауапкершілікті, қайрат пен намысты аңғара білген бапкер оны бірден өз қамқорлығына алады.

Тынымсыз жаттығулардың, психологиялық қолдаудың арқасында еңбегінің алғашқы нәтижесі де қылаң бере бастаған. Алдияр өзінің алғашқы қалалық жарысында алтын медальге қол жеткізіп, жеңімпаз атанады. Бұл оның әрі қарай еңбектеніп, алға ұмтылуына жақсы серпін береді. Оның алдында облыстық және республикалық сайыстардағы жеңісі күтіп тұрды. Еркін күрестен есту қабілеті бұзылған жастар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында Алдияр Қазақстан чемпионы атағын жеңіп алды. Бұл жеңіс келесі жемісті үш жылдың бастамасы болды. Алдияр бірнеше рет Қазақстан Республикасының біріншіліктері мен чемпионаттарының жеңімпазы және жүлдегері атанды.

2021 жылдың қазан айында Алдияр еркін күрестен Қазақстан Республикасының құрама командасының құрамында Беларусь ашық кубогына қатысып, халықаралық жарыста бірінші алтын медальді Қазақстан қоржынына салды.

Жас спортшылардың кедергісіз жаттығуларына, алға басуларына қолдау көрсету арқылы елімізде талай спорт жұлдыздары өмірге келетіні сөзсіз. Алдияр да қарапайым қазақ жігіттерінің бірі бола отырып, тиісті демеудің арқасында бойындағы дарынын аша білді. Бапкерлерінің айтуынша, жаттығу барысында өзін еңбекқор, кішіпейіл, қиындыққа мойымайтын спортшы ретінде көрсетті.

Қазіргі уақытта Алдияр Бекжанұлы Көкшетау №1 құрылыс-техникалық колледжінің «сәндік-қолданбалы өнер және халықтық кәсіпшілік» мамандығының 3 курс студенті. Білім ордасының ұстаздары да Алдиярдың байсалды, мейірімді мінезіне тәнті. Болашағынан зор үміті бар спортшы барлық күш-жігерін оқу мен спортқа жұмылдыруда. Өйткені, бағындырар белестер әлі де аз емес.

Алдиярдың болашаққа деген жоспарлары айқын. Азия ойындарына, Әлем чемпионатына қатысып, сурдо Олимпиада ойындарында жеңіске жетсем деген арманы бар. Осы жолда жас өренге тек сәттілік тілейміз.

Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар