Туған ауылының адал перзенті

Қазақ Совет Энциклопедиясының (ҚСЭ)-ның 4-томының авторларының бірі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент Қаматай Әбішев 1932 жылы Ақмола облысы Еркіншілік ауданына қарасты Кеңөткел ауылында дүниеге келеді. Әкесі кедей шаруа. Қазан революциясы жеңгеннен кейін «Кеңөткел» колхозында темір ұстасы болып еңбек еткен.

Жары Салима үй шаруасында болған. 1932 жылы әкесі Әбіш дүние салып, Қаматай тұл жетім атанып, әкесінің інісі Меңдештің қолында болады. Жасы келген соң Ақмола облысындағы мектеп-интернатқа қабылданып, орта мектепті үлгілі аяқтайды. Осы кезде Алматыда жетім балаларды оқытатын мектеп барын естіп солай бармаққа бел буады. Екі атадан қосылатын немере қарындасы Аманкелді Молдажанқызы:

– Ол кезде біз Баймен ауылында едік, 1947 жылы Ерейментауға көшіп келіп орналастық, Әбіштің ауылы Кеңөткелде. Ағамыз Алматыға оқуға барарда ұрланып қашып, жүк пойызбен ұзақ уақыт жүріп жетіпті. Қалтасы жұқа, бет-ауызын жуып үлгермеген, киімдері жұқалтаң бала пойыздан түсіп, баратын мектептің жөнін сұрастырады. Ол кездің адамдары қамқор ма, әлде арнайы тапсырып қойған ба, баланың алыс ауылдан келгенін естіп, велосипедке мінгестіріп бір шалға алып барады.

Ол адам, Қаматайдың жағдайымен танысып, Ерейментаудан келгенін естіп, «болайын деп тұрған бала екенсің» деп дереу жуындырып, киіндіріп екі күннен соң мектебіне ертіп барады. Емтиханға барарында қабылдау сынын кімдер алатынын айтып, «тек қазақша сөйлейсің, сұрағын білсең де, білмесең де бөгелмей айта бер, мен аударма жасаймын» деп кеңес береді. Алыстан келген тұл жетім бала бағы жанып, ауыл шаруашылығы институтына қабылданады. Қамқорлық жасаған адамның аты-жөні есімде жоқ, баласы жоқ, аяғынан айырылған соғыс ардагері екен. Демалыс күндері үйіне апарып дем алдырып, ақыл-кеңесін беріп тұрған қария Қаматай институт бітірген жылы қайтыс болып, өз қолынан жерлепті, –деп түйіндеді әңгімесін. Тарихи деректерге жүгінсек, Молдажан Жадайұлы, Жанайдар Ыбырайұлы Ереймен көтерілісі кезінде атқыштар тобын басқарған ұлтшыл азаматтардың бірі болыпты.

1953 жылы ауыл шаруашылығы институтына қабылданған Қаматай оны 1958 жылы үздік бағамен аяқтап, зоотехник мамандығын алып, аз уақыт Ерейментау ауданының Тайбай ауылында, Еңбекшіқазақ ауданының «Киров» совхозында бас зоотехник болып жұмыс істеп, ғылыми жұмыспен айналысуына байланысты Алматыдағы зооветеринарлық институтқа оқытушылық қызметке қабылданып, студенттерге дәріс оқып, ғылыми еңбегіне байланысты 1963-1966 жылдары Москвадағы К.Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясына аспирантураға қабылданады. «Оңтүстік-шығыс өлкелерде құс шаруашылығын өсіру тәсілдері» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғап, ұзақ жыл өзі оқыған институтта студенттерге дәріс оқыған ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент, профессор Қаматай Әбішев зейнеткерлікке шыққан соң өмірінің соңғы жылдарын туған өлкесі Новомарковка ауылында өткізді.

Жары Зейнеп Есалимова екеуі Еділ, Ержан, Ерлан ұлдары мен Шынар атты қызын өсірді. Ордалы шаңырақ иелері Алматы қаласында тұрады. Зейнеп барлық ғұмырын білім беру саласына арнаған ұстаз болыпты. Кейінгі әйелінен де бір ұлы бар. Барлық өмірін ғылым саласына арнаған ағаның әңгімесі де, әзілі де адамға ой салатын. Өмірінің соңында туған жерін мекендеген саусақпен санарлық аз ғана ғалымдарымыздың еңбегін насихаттап, келер ұрпаққа мұра етсек, кем-кетігін өздері толықтырып, бізден осындай оқымысты адам шыққан екен деп мақтан тұтары хақ.

Ғылыми атақ қорғау көп жылғы ізденістің нәтижесі десек, бұл орайда қаншама зерттеулер, ғылыми мақалалар жазғаны, әрбір жерлерде лекциялар оқығаны түсінікті мәселе. Дегенмен, мұны да толықтыру қажет болатын сияқты. Осы ғылыми еңбектерінің облысымыздың ауыл шаруашылығына көмегі тиер тұстары да бар шығар. Рухани жаңғыру кезінде, өткенге тағзым етіп, ұрпақтарға ұлағат тұту – парызымыз. «Ат айналып қазығын табады» демекші, Қамаң да кезінде ұшқан ұясына оралған қыран еді.

Әдебиет Байдолдаұлы.
Новомарковка ауылы,
Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар