Жуырда Ақмола облыстық білім беру жүйесінде онлайн режимде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру мәселелері бойынша үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен диалог алаңы өтті.
Кездесудің мақсаты – үкіметтік емес ұйымдардың ведомствоаралық деңгейде өзара іс-қимылды нығайту, ҮЕҰ-ны қолдаудың мемлекеттік тетіктері шеңберінде әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асырудың сапасын арттыру және мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орындау процесінде туындайтын өзекті проблемаларды шешу.
Онлайн шара барысында Ақмола облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазов сөз сөйлеп, азаматтық қоғам өкілдеріне білім ордаларымен өзара ынтымақтастықтарына, жасөспірімдер мен балалардың бойында патриоттық сезімдерді қалыптастыруға, жас ұрпақтың рухани дамуына қосып келе жатқан үлестеріне алғысын жеткізді.
Білім басқармасы үкіметтік емес ұйымдармен (ҮЕҰ) 2022 жылға арналған балаларды инклюзивті қолдау, балалар қылмысының алдын алу, жасөспірімдерді ерте жыныстық қарым-қатынастан сақтануға бейімдеу мәселелері бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстардың бағыттарын ұсынды. Азаматтық қоғам өкілдерімен өткен диалог барысында мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асырудағы негізгі проблемалар айқындалып, балалардың құқықтарын қорғау саласындағы өзара ынтымақтастыққа қатысты тәсілдер сөз болды.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.