Ұлы ұстаздың есімі мен еңбегі ұлықталды

Ұлы ағартушы, ақын-жазушы, этнограф, ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 180 жыл толуын Ақмола облысының педагогтар қауымдастығы жылы ниетпен қабылдап, былтыр осы алып тұлғаның мұрасын насихаттау, пайымдау мақсатымен бірқатар іс-шаралар өткізді.

Нақты атап өтетін болсақ, ұлттық мәдениетімізді, адамгершілік құндылықтарымызды бағалап, қастерлеу, ұлы адамдардың рухани құндылықтарын үйренуді шыңдау мақсатында «Алтынсариннің идеялары: бастауынан біздің заманымызға дейін» атты виртуалды экскурсия ұйымдастырылды. «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегерлерімен «Сыр-сұхбат» атты бағдарлама, жас педагогтармен, сондай-ақ, жаңашыл педагогтармен кездесулер өтті. Оған қоса, әлеуметтік желілерде ұйымдастырылған «Ыбырай өрендері», «Ұстазға хат» эстафеталары көпшіліктің көңілінен шықты.

Балалардың бойында мектепте берілетін білім мен тәрбие туралы дұрыс түсінік қалыптастыру және білім алудың маңыздылығын жеткізу мақсатында пікір-сайыс, дөңгелек үстел, конференциялар өткізілді. Ата-аналар қауымдастығы Ыбырай Алтынсариннің отбасылық құндылықтар туралы идеяларын талқылау мақсатымен тиісті алаңдар ұйымдастырды. «Оқуға құштар аймақ» акциясы шеңберінде облысымыздың түпкір-түкпірінде көпшілік жиналатын жерлерде ақынның шығармалары оқылды. Осы және басқа да көптеген іс-шаралар қазақ даласына мектептер ашқан алғашқы ұстаз тұлғасын, оның өмірі мен шығармашылығын дәріптеу жолында маңызды бір қадам болғаны сөзсіз.

Даланың дара ұстазы – Ыбырайдың тағылымын зерделеу мен зерттеу жолында «Алтынсариннің педагогикалық идеялары заманауи білім беру контексінде» атты облыстық конференция маңызды да мағыналы шаралардың бірі болды.

Конференцияға қатысқан Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясының Президенті Ғани Бейсембаев конференцияға қатысушыларды құттықтап, қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, ақын-жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің қазақ халқының ағартушылық тарихында қалдырған мұрасының маңыздылығы жайлы айтып өтті.

Ғылыми конференцияның спикері ретінде Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің профессоры, педагогикалық ғылымдар кандидаты, «Әлеуметтік-педагогикалық пәндер» кафедрасының оқытушысы Сабыр Сеңкібаев, педагогика ғылымдарының магистрі, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушысы Бақытгүл Шағырбаева, Жақсы ауданы Жақсы ауылының №1 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ляззат Қасқаева, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің қазақ тілін оқыту әдістемесі пәнінің оқытушысы, педагогикалық ғылымдар магистрі, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының мүшесі Қаракөз Мұқышева, С.Сейфуллин атындағы №5 көпсалалы мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлбира Ережепова, Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжі қазақ тілі және әдебиеті пәнінің оқытушысы Гүлнәр Қадырәлиева сөз сөйледі.

Конференцияның соңында педагогтар Ақмола облысы білім басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталып, оларға Ақмола облысы педагогтарының «Алтынсариннің педагогикалық идеялары заманауи білім беру контексінде» атты мақалалар жинағы табыс етілді.

Мәдина ХАСЕНОВА,
Ақмола облысы білім басқармасының
оқу әдістемелік кабинеті директорының орынбасары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар