Қазақ поэзиясының Жезкиігі

Қазақ поэзиясында ерекше орны бар үлкен талант иесі Кәкімбек Салықов  Біржан сал мен Ақан сері, Үкілі Ыбырайлардың жолын жалғаған бірегей дарын иесі. Ол – 1932 жылы 22 қаңтар күні Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданы, Еңбек ауылында дүниеге келген.

1955 жылы Мәскеудің түсті металлургия және алтын институтын бітіргеннен кейін алғашқы еңбек жолын, Жезқазған кенішінде кен шебері, кейіннен учаске басшысы болып бастады. Уақыт өте келе, Қаныш Сәтбаев атындағы кен-металлургия комбинаты парткомының хатшысы болды. Тәуелсіздік алған жылдарға дейін біршама лауазымдық қызметтер атқарды.

Жер қойнауындағы асыл байлықтармен қатар, сөз құдіретінің кенішін қазған Кәкімбек Салықовты халық қазақтың жел қанатты жезкиігі, ақындық пен әкімдікті бірге ұштастыра білген біртума дарын иесі, саяси әлеуметтік кеңістікте ғана емес, өлең өлкесінде үлкен із қалдырған ерекше тұлға ретінде таниды. Сондықтан да, оның шығармаларының негізі мазмұнын ақын жырлаған өмір құбылыстарына деген халықтық көзқарас деп білеміз. Өйткені, Кәкімбек ақын өлеңдерін оқыған сайын одан халыққа тән дарқан мінезді, кең пейілді, жан сұлулығын көреміз.

Дарын иесінің ақындық және композиторлық қыры бөлек әңгімені қажет етеді. Оның есімі  қазақ ән өнерінің классиктері  Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов, Ескендір Хасанғалиев, Жақсыгелді Сейілов, Жағыпар Әлімханов, Базарбай Жұманиязов сынды композиторлармен тығыз байланысты. Өйткені, оның бес жүзден астам өлеңдеріне ән жазылған. Жанынан шығарған өз әндері де көп. Солардың қатарында «Жезкиік», «Бір ауыз сөз», «Бір тамаша ән үшін», «Аққу жеткен», «Жылжиды аққу», «Сағыныш», «Үш арыс», «Оқжетпес», «Көкшетау», «Жамбыл ата» әндері халық әніне айналған.

Шығармашылық еңбек жолында автордың елуге тарта кітабы жарық көрді.  Жыр жинақтары бірқатар әлем тілдеріне аударылып, жарияланған. Атап айтсақ, «Жезкиік» атты жыр жинағы орыс тілінде, «Қырғызстан» баспасы оның «Нұрлы күндер» кітабын қырғыз тілінде, «Ғафур Ғұлам» баспасы «Жезкиік» жинағын өзбек тілінде шығарды. «Букетовке реквием», «Эдельвейс», «Ғасырға тең бір мезет», «Че Гевара» атты поэмалары орыс тіліне аударылды.

Шет тілінен тәржімаланған аудармалары А.Пушкиннің өлеңмен жазылған «Евгений Онегин» романы, В.Маяковскийдің, М.Лермонтовтың, Ю.Полонскийдің, Р.Ғамзатовтың, Алдан-Семеновтың, С.Норовчатовтың, В.Савельевтің, Я.Коластың, М.Львовтың өлеңдері жоғары бағаланады.

«Дала», «Қырандар», «Тәттімбет», «Домбыра», «Кенесарының соңғы сөзі», «Қарақалпақ», «Гәкку», «Жезкиік», «Еңлікгүл» секілді көптеген поэмасы қазақ поэзиясындағы шоқтығы биік туындылар қатарында.
Кәкімбек Салықов сезінгенін іркіп қала алмайтын, қуанышына да, ренішіне де оқырманын ортақтастырып отыратын шын сезім ақыны. Оның жырлары да өзі туған Көкшенің саф ауасындай таза, қайыңдары мен қарағайындай биік те әдемі, көлдеріндей айдын, бұлақтарындай мөлдір. Оған Ақан әндерінің сұлулығы мен сыршылдығы, Ыбырайдың өрлігі, Мағжанның сезімталдығы дарыған. Қазақ даласын, табиғатын төгілте жырлаған «Дала» поэмасы елін, қазақтың кең даласын сүйген ақынның көңіл-күйіне толы патриоттық туынды.

Ол дала келбетін танытар суреттермен қоса, дала өмірі мен ондағы өзгерістерді сырласу күйінде бейнелеп, қоршаған ортаның тағылымын кең аша түседі. Жырларында елге сағынышы, туған өлкені аңсау ерекше байқалады. Ауылына деген сағынышын кең даланы желе жортқан жезкиікке, Қоскөлдегі қос аққуға балайды. Ол әр түрлі түске толы Ұлытаудың етегін, қарақат көзді қыздарын, кісінеген құлынының қоңырау дауысын, даланың көгін, жауыны мен орманының таза ауасын сағынып еске алады.

«Адамдар аққуларды атпаңдаршы», «Жезкиікті көрсемші», «Көрдің бе, Жезқазғанның жезкиігін», «Жүрегімнің жүйіткіп өткен елігі», тағы басқа өлеңдерінде сұлулық суреті ғана емес, сұлулықтың сырын ұғуға ұмтылған адам арманы да бейнеленген. Туған өлке сұлулығын ақын оның аққуынан, жезкиігінен, ақ маралынан таниды. Бұл сұлулықтың символдары, қаламгер бейнелеуінде әсемдік көріністері. Өлеңдерінің өрнегі, ақындық оркестировкасы, сөз бояуы бірсарынды емес, әрқалай ойнақы.

Кейінгі жылдары оның «Ойтолғақ» (2001), «Сырғалы сонеттер» (2001), «Күзгі шуақ» (2004), «Күзгі сарын» (2005), «Сенсің ел данасы» (2006), «Әлемнің сегізінші ғаламаты» (2006), «Мағжанға тағзым» (2008) кітаптары жарық көрді.

Қазақ әдебиетіне әкелген соны жаңалығы – сонет шоғырын қалыптастыруы және тақырып аясын молықтыруы. Ақынның дүниеге әкелген сонет шоғырының ішінде ғұмырнамалық-философиялық «Кеншілік пен ақындық» атты сонеті тақырыбына сай сөз өнері мен кенші мамандығының өз бойында қатар өмір сүруі, сүйікті мамандығы мен жан дүниесінің үндесуін көрсетеді.

Сондай ақ, Кәкімбек Салықов қазақ поэзиясында алғаш рет «Сонет шоғырын» ғана емес, «қос сонет» жазған тұңғыш ақын. «Сонеттен тізген гүлтәждері» – қазақ поэзиясындағы осындай тұңғыш туындылардың бірі. «Күй әсері» деп аталатын сонеті көз алдыңа қазақтың кең даласын әкеліп, сол далада еркін өмір сүрген бейбіт халықтың шат-шадыман көңілі, күмбірлеген күйі, еріксіз елеңдетіп, әдемі күйге жетелейді. Сонет – қазіргі қазақ поэзиясында кең таралған жанр, бірақ, соған қарамастан, лириканың ең қиын жанры екені белгілі. Поэзияның осы қиын формасына батыл баруы Кәкімбек ақынның ізденімпаздығын, даралығын танытады.

Кәкімбек Салықовтың оқиғалы өлеңдері, қысқа лирикадағы таза тебіреністері, жоғарыда біз айтып жатқан сонет жанрындағы өзгелерден оқшау интеллектуалдық ізденістері қазақ поэзиясының палитрасын құнарландыра түскені анық. Сондықтан да, ақын мұрасы қай заман, қандай жағдайда болсын, мәңгі жасайды, туған халқымен бірге келер күндерге бет ала береді.

Бақытжан АЙДОСОВА,
Көкшетау орталық қалалық балалар және жасөспірімдер
үлгілі кітапханасының меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар