Егер сізге сақтандыру төлемін жүзеге асырудан бас тартылса не істеу керек?

Шартқа сәйкес сақтандыру төлемдерін қалай алуға болады, неліктен олар сізге сақтандыру төлемін жүзеге асырудан бас тартуы мүмкін және мұндай жағдайда не істеу керек, оны Fingramota.kz-пен бірге талқылаймыз.

 Неліктен сақтандырушы сақтандыру төлемін жүзеге асырудан бас тартуы мүмкін?

ҚР Азаматтық Кодексінің 839-бабына сәйкес сақтандырушының сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан бас тартуы үшiн мыналар да:

1) сақтандыру жағдайының басталғандығы туралы сақтандырушыға хабарламау;

2) сақтанушының сақтандырушыға, сақтандыру объектiсi, сақтандыру тәуекелi, сақтандыру жағдайы және оның зардаптары туралы көрінеу жалған мәлiметтер хабарлауы;

3) сақтанушының сақтандыру жағдайынан болған залалдарды азайту жөнiндегi шараларды қасақана қолданбауы;

4) сақтанушының залалдар келтiруге кiнәлi тұлғадан мүлiктiк сақтандыру бойынша залалдарға тиiстi өтем алуы;

5) сақтанушының сақтандыру жағдайы басталуының мән-жайын тексеруде және одан келген залалдардың мөлшерiн белгiлеуде сақтандырушыға кедергi жасауы;

6) сақтанушының сақтандыру жағдайының басталғандығы үшін жауапты адамға талап қою құқықтарынан бас тартуы, сондай-ақ сақтандырушыға талап ету құқығын өткiзу үшiн қажеттi құжаттарды беруден бас тартуы;

7) заң актiлерiнде көзделген басқа да жағдайлар негiз болуы мүмкiн.

Бұл ретте ҚР АК 839-бабының 6-тармағына сәйкес сақтандыру шартының талаптары бойынша, егер бұл заң актiлерiне қайшы келмейтiн болса, сақтандыру төлемінен бас тартудың басқа да негiздерi көзделуi мүмкiн.

Әрине, әрбір жағдай ерекше және әрбір сақтандыру жағдайы жеке қарастырылады. Бұл жерде сақтандыру заңнамасын білу маңызды және шартқа қол қоймас бұрын сақтандыру төлемін жүзеге асырудан бас тарту негіздері көрсетілетін тармақтарға ерекше назар аудару қажет.

 Не істеу керек?

Ең алдымен, сіздің сақтандыру шартыңыздың мерзімі аяқталған-аяқталмағанын, оның күші жойылған-жойылмағанын тексеріңіз.  Мәселен, сіз сақтандыру сыйлықақысын төлемесеңіз, осы жағдай орын алуы мүмкін. Егер сақтандыру шартының қолданылу мерзімі аяқталса, оны ұзарту керек. Бұл алдымен сізді қызықтыруы қажет.

Сізде орын алған жағдай сақтандыру жағдайына жата ма, ол  сақтандыру шартында көрсетілген бе, алдымен соны тексеріңіз. Өйткені бұл сіздің сақтандыруыңыз бойынша сақтандыру төлемін жүзеге асырудан бас тартудың ең көп тараған себептерінің бірі болып табылады. Сіз өтегіңіз келетін залал сақтандыру жағдайларынан алып тасталған санатқа жатқызылған болуы да мүмкін. Сақтандыру шартына қол қоюға ұқыпсыз және мән бермей қарау, әдетте, болашақта осындай жағымсыз салдарға әкеп соғады.

Cақтандыру жағдайы туындаған кезде сақтандыру ұйымына жазбаша хабарламаларды уақтылы жіберіңіз. Сақтандыру шартының талаптарында шағымдарды жіберу қажет мерзімдер белгіленген, сол уақыттан кешіктіріп алмаңыз. Және ешқандай жағдайда шағымыңызда көрсетілетін фактілерді бұрмаламаңыз.

Егер сіздің сақтандыру шартыңызда франшиза көзделген болса, онда өзіңіз ойлаған сақтандыру өтемінің сомасы белгіленген франшиза мөлшерінен асатынын немесе аспайтынын салыстырыңыз. Аспайтын болса не сақтандыру төлемі мен франшизаның мөлшері тең болса, онда сақтандырушы сізге өтеуден бас тартуы мүмкін.

Егер сіз сақтандыру шартының басқа талаптарын бұзған болсаңыз, сақтандыру ұйымы сізге сақтандыру төлемінен бас тартуы мүмкін. Сондықтан, қайталап айтамыз, шарттың әр тармағын мұқият оқып шығыңыз.

Негізсіз бас тартылса, не істеу керек?

 Сақтандыру шарты бойынша ұйым сақтандыру төлемін жүргізуге міндетті болса, бірақ ол мұны жасамаған немесе сақтандырушы сақтандыру шартының қолданыстағы заңнамаға сәйкес келмейтін тармақтарына сілтеме жасаған жағдайда, қарсылық білдіре аласыз.

Ең алдымен сіз сақтандыру төлемін жүзеге асырудан бас тартудың ресми себебін білуіңіз керек. Ол үшін сақтандыру ұйымының өкілінен сақтандыру төлемін жүзеге асырудан жазбаша бас тартуды сұраңыз.

Ұсынылған құжатта ҚР заңнамасына, сақтандыру шартының талаптарына нақты сілтемелер көрсетілуі тиіс. Егер сіз сақтандыру төлемін жүзеге асырудан бас тарту туралы шешіммен келіспесеңіз, сіз тәуелсіз сарапшыларға жүгініп, кейіннен сотқа талап арызбен бірге беретін қорытынды (сарапшының есебін) алуыңыз керек. Сотқа жүгінер алдында мәселені бейбіт жолмен шешуге тырысыңыз Ол үшін сақтандыру ұйымы басшысының атына шағым-хат жіберіледі, онда сіз ҚР заңнамасына қолданыстағы сілтемелермен сіздің талаптарыңызға түсініктемелерді көрсетесіз. Құжатты екі данада жасау маңызды, біреуін сақтандыру ұйымының өкіліне қолма-қол жеке тапсыру керек, ал екіншісін міндетті кіріс нөмірімен өзіңізге қалдыру керек. Хатты алғаннан кейін сақтандыру ұйымы 15 жұмыс күні ішінде жауап беруге құқылы. Егер сіз өзіңіздің хатыңызға жауап алмаған болсаңыз, онда сіздің келесі қадамыңыз сақтандыру омбудсманына, қаржы реттеушісіне және одан әрі сотқа жүгіну болады.

Толық кеңес алу, сондай-ақ ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіндегі өз өтінішіңіздің мәртебесін қадағалау үшін Сіз Агенттіктің call-орталығына мына нөмір бойынша хабарласа аласыз: +7 (727) 237 1000

 510 Total Views,  2 Views Today

By Арқа ажары

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар