Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ерейменнің қобызшы қыздары-ай!.. - АРҚА АЖАРЫ

Ерейменнің қобызшы қыздары-ай!..

Қобыз десе алдымен, киелі аспаптың үнінен мәңгілік ғұмыр іздеген, ұлы даланың ұлылығын, ұлттың болмысын, тарихын сарынына сыйғызған Қорқыт бабамызды аузымызға аларымыз анық. Күй атасы Қорқыттан бері сан ғасырлар сорабынан күні бүгінге дейін үзілмей, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан қазақтың қазыналы күй өнері өз өміршеңдігін ешқашан жоғалтқан емес.

Құт қонып, кие дарыған өнер өлкесі Ерейментау елінде қолына қобыз ұстаған қызғалдақ қыздар қатары жыл санап артып келеді. Бұған бірден-бір себеп, осы аудан орталығындағы музыка мектебінде Меруерт Әбілдина жетекшілік ететін «Ақбұлақ» қобызшылар ансамблі бар.

Бүгінде бұл ансамбль құрамында 35 қобызшы қыз тәлім алуда. 2008 жылы құрылған ансамбль республикалық, облыстық, аудандық байқаулардың лауреаты. Біз таяуда ансамбль жетекшісі Меруерт Аманжолқызымен тілдесіп, өнер ұжымының тыныс-тіршілігіне бойлай түстік.

Қыз өмірдің ажары екендігі анық. Ал, сахнаға гүлге оранып, аппақ нұрға шомылып, үстіне бүрмелі көйлек, үкілі тақия киіп, қолына ұлттық аспап ұстап, өнер көрсетіп тұрған қыздардың бейнесін бір көрудің өзі зор ғанибет. Қобызшы қыздар сахнаға шыққанда көрермен сілтідей тынып, өнерлерін бір демде тамашалайды. Беу, шіркін, қобызшы қыздар күңіренте тартқан күй қандай десеңізші!.. Қазақтың мұң-зары тұнған күй, жүректің қылын шерте жөнелетіні бар. Ол бірде бозінген болып боздап, енді бірде боз далада ескен ерке самалдай жаныңды тылсым сұлулыққа бөлей жөнеледі. Күй үзілмесе екен дейді жүрек!

Күй қобыздан төгілгенде замананың үні, алты Алаштың асқақ арманы, тұтас Тұран жұртының тарихы сыр айтқандай, мұң айтқандай сезімге бөлейді. Иә, жасырары жоқ, қазіргі таңда өскелең ұрпақтың төл өнерге деген қызығушылығы бәсеңдеп бара жатқандай. Осы орайда, өз ұрпағына ұлттық өнерді ұлықтап, үйретуді мақсат тұтқан ерейментаулықтардың осы бір жақсы үрдісі өзгелерге үлгі боларлықтай. «Ақбұлақ» қобызшылар ансамблінің жетекшісі Меруерт Аманжолқызы Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі. 2003 жылы өнер ордасын тәмамдасымен Елордадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіне концертмейстер болып қызметке орналасады.

Осы ордалы оқу орнында үш жыл бойы еңбек етіп, 2006 жылы тұрмыс құрып, Ерейментау ауданына қоныс аударады. Міне, осы уақыттан күні бүгінге дейін аудандық музыка мектебінде қызмет етіп келеді.
– Балалар музыка мектебінде ұлттық өнерге қызығушылығы бар балаларды топтастырып, қобыз үйірмесін аштым. Осы үйірме жанынан «Ақбұлақ» ансамблін құрдық. Аллаға шүкір, жыл санап қобыз тартуды үйренемін дейтін оқушы балалардың саны артып келеді. Қазіргі таңда өзімнен тәлім алған шәкірттерімнің алды мұғалім. Амира Әкішова болса, Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын тәмамдаса, Айдана Нұрлыбаева Павлодар мемлекеттік университетінде музыка мамандығы бойынша тәлім алды.

Ал, Гүлжанат Махметова Көкшетаудағы Біржан сал атындағы музыка колледжінің түлегі. Шәкірттерімнің қай-қайсысы болсын мақтанышым. Мендегі басты мақсат – алдыма келген әрбір шәкіртімнің бойына ұлттық өнерді дарыту. Құлағына күй сіңген бала болашақта өз тілін, ділін, тарихын, мәдениетін, өнерін құрметтейтін, адами абзал қасиеті биік адам болып қалыптасады деп ойлаймын. Себебі, күй жүректен көшпейді. Күй – тәрбие, күй – өнеге, күй – ғибрат! Бұл бір сөз жеткізгісіз тылсым әлем. Әсіресе, қыз баланың жүрегіне ұлттық сарын ұяласа, ол өз ұрпағына осыны ұлықтайды һәм үйретеді, –дейді Меруерт Аманжолқызы.

Қыздардан құралған қобызшылар ансамблінің өнердегі қол жеткізген жетістіктері аз емес. Мәселен, олар 2018 жылы Алматы қаласында өткен «Ғұмырдария» республикалық байқауында Гран-приді иеленсе, дәл сол жылы Алматыдағы жас музыканттардың «Dionis» республикалық байқауында да топ жарып, Бас жүлдемен марапатталды. Сонымен қатар, Павлодар қаласында ұйымдастырылған «Мега таланттар» байқауында да үздік атанып, Гран-при иегері атанды. Елордада өткен Дельфий ойындарында жүлделі 1-ші орын, «Таңғы шұғыла» халықаралық мега тележобасында 1-ші орын, «Таңғажайып микрофон» байқауында 2-ші орыннан көрініп, Шымкент қаласында өткен «Таңғы шұғыла» халықаралық байқауында Гран-примен марапатталды. Сонымен қатар, 2020 жылы «BALBULAQ» халықаралық ән-би, жыр-күй байқауында Гран-при иеленді.

Біз жоғарыда санамалап өткен жетістіктердің бұл бір парасы ғана. Алда әлі талай асулар бар. Ерейментаудағы балалар музыка мектебінде оқитын оқушы қыздармен де тілдесудің орайы келді. Солардың бірі – Назерке Еламан. Қобызшы қыздың айтуынша ол мектеп табалдырығын аттаған сәттен осы өнер ордасында тәлім алуда. Болашақта танымал қобызшы болсам деген үлкен арманы бар.

– Сахнадан қобыз тартқан қыздарды көріп, қызығып, үйге келген соң, ата-анама менің де қобызды үйренгім келетінін жеткіздім. Мінекей, қазір бесінші сыныптамын. Біраз машықтанып қалдым. «Ақбұлақ» ансамблімен бірге гастрольдік сапарларға да шығып тұрамын. Бізге тәлім-тәрбие беріп, ұлттық асапапты үйретіп жүрген Меруерт Аманжолқызына алғысым шексіз,–дейді жауқазын қыз.
Ақ бұлақтай таза, мөлдір музыканы жанына серік еткен қобызшы қыздардың алда алар асулары биік болсын! Соған тілектеспіз!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар