Облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 27-28 қаңтар аралығында 9-11 сынып оқушылары арасында қазақ тілі мен әдебиетінен «Абайтану» IV Республикалық олимпиадасының облыстық кезеңі өтті.
Онлайн өткен шараны облыстық білім басқармасының «Ақмола дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау жөніндегі орталығы ұйымдастырды.
Олимпиаданың негізгі мақсаты — Абайдың шығармашылық өмірінен ғибрат алып, өмірде қолдана алуға бағыттау, зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Олимпиадаға 10 ауданнан, Көкшетау және Степногорск қалаларынан, сондай-ақ, Степногорск қаласындағы дарынды балаларға арналған №4 облыстық мамандандырылған «Болашақ» мектеп-интернаты мен Щучинск қаласының «Білім-инновация» ІТ лицей-интернатынан 30 оқушы қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, олимпиада екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар эссе жазса, екінші кезеңде қатысушылар Абай Құнанбаевтың шығармалары және Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романының мазмұны бойынша сұрақтарға жауап берді.
Олимпиада қорытындысы бойынша жеңімпаздар 1,2 және 3 дәрежелі диплом және грамотамен марапатталды. Осы ретте, Ақкөл, Целиноград, Аршалы аудандары және Көкшетау қаласындағы мектептердің балалары жақсы нәтижелер көрсетті.
Бірінші және екінші дәрежелі диплом иегерлері IV «Абайтану» олимпиадасының республикалық кезеңінде Ақмола облысының намысын қорғайтын болады.