Облыстық ішкі саясат басқармасының мәліметінше, жақында Жалтыркөл ауылында «Ақ-Дала Агро» ЖШС құс етін өндіретін құс фабрикасының үшінші кезегі іске қосылды. Нұр-Сұлтан қаласының айналасында азық-түлік белдеуін дамыту аясында жүзеге асырылып жатқан жобаның құны 39 миллион теңгені құрайды.
«Ақ-Дала Агро» ЖШС-нің бас директоры Марат Қарсыбаевтың айтуынша, аумағы 36 гектар жер учаскесінде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді. Фермада технологиялық жабдықтары бар алты құс қорасы салынған. Фабрика инкубатор, құрама жем өндіру цехы, сою цехы және бройлер өсіру орны тәрізді 4 алаңнан тұрады. Тағы 9 құс қорасының құрылысы жоспарланған.
«Құс фабрикасының қуатты 10 мың тонна тауық етін өндіруге жетеді. 2023 жылы 22 мың тоннаға дейін көтереміз. Дайын өнім астана, Қарағанды облысында және Қазақстанның солтүстік өңірлерінде сатылатын болады. Құс фабрикасы құрылысының төртінші кезегін іске қосу шамамен 400 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді», – дейді «Ақ-Дала Агро» ЖШС-нің бас директоры Марат Қарсыбаев.
Айталық, жобаның арқасында көптеген жергілікті тұрғындар жұмыс орнын тауып отыр. Бүгінгі таңда кәсіпорында 150-ге жуық адам жұмыс істейді, олардың орташа жалақысы 350 мың теңгені құрайды.