Міндетіміз: халықтың жайлы тұрмысын қамтамасыз ету

Жыл соңында атқарылған бар шаруаны таразы басына тартып, айқындап алу ілкіден қалыптасқан дәстүр. Бұл істің маңызды тұсы, басым бағыттарды белгілеп, күн тәртібіндегі ауқымды жұмысты саралап алуға септігі тиетіндігі даусыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдаған  «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында қойылған міндет үдесінен шығу үшінэкономикалық және әлеуметтік дамуға бар күш-жігерімізді жұмылдырып отырмыз. Өткен жылғы атқарылған істі саралап қарайтынболсақ, аудан экономикасының барлықсаласында оң динамика байқалады. Бірінші кезекте орта және шағын кәсіпкерлікті дамытып, ауыл тұрғындарын табысы мол тұрақты жұмыспен қамтуға жол аштық. Осы істің арқасында жұмыссыздық деңгейі біршама төмендеп, аудан бюджетіне түсетін салықкөлемі айтарлықтай өсті. Экономиканың өсу қарқынына айрықша әсер ететін аса маңызды факторлардың бірі – бүгінгі таңда инвестиция тарту болып отыр. Бұл орайда, заман талабына сай жаңа тәсілдерді қалыптастыру қажет. Ауданда тоғыз айдың қорытындысын сараптасақ, барлықнегізгі әлеуметтік-экономикалық жоспар жүйелі орындалды деп айтуға болады.

Оқырманға түсінікті болуы үшін бір мысал келтіре кетелік. Мәселен, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 53,5 миллиард теңгені құрады.  Өңдеу өнеркәсібінде, электр қуатымен жабдықтауда оң сипат қалыптасқан. Бұл арада жылт еткен жаңалық та жоқ емес. Өткен жыл ішінде  «Борей Энерго» серіктестігінің қуаты 100 Мвт және «ЭнергоТраст» серіктестігінің қуаты 50 МВт екі жел электр станциясы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағыда үш жел электр станциясы қатарға қосылады. Міне, осылайша аудан жұртшылығы арзан электр қуатымен қамтылып, бұл жағдай бизнес саласының өкілдеріне де біршама тиімді болмақ.

Ауданда ауқымды жобаларжүзеге асырылуда. Жаңажобалар ең алдымен, ауданның экономикалық табысқа қол жеткізуіне мүмкіндік туғызса, екінші жағынан адамдардың тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілуіне игі әсерін тигізеді. Бұл арада «SG Beton» серіктестігі темір-бетон бұйымдарын шығармақ. Сондай-ақ, «SG Brick» серіктестігінің кірпіш зауыты салынып жатыр. Зауыт жылына 120 миллион дана кірпіш өндірмек. Астаналық аймақ болғандықтан, құрылыс материалдары қашанда сұранысқа ие. Қала тұрғындары ғана емес, аудан жұртшылығы да жергілікті өнімді жиі пайдаланады. «Техно-2» серіктестігінің асфальт-бетон зауыты жылына екі мың тоннаға жуық өнім дайындайды. Міне, осындай ірі өндіріс орындарының арқасында ауданда жаңа серпіліс пайда болып, көптеген жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Бұдан өзге де өндіріс орындары баршылық. Олардың арасынан Арнасай ауылдық округіндегі құс фабрикасының құрылысы басталғандығын тілге тиек етуге болады. Ал, Ақбұлақ ауылдық округіндегі саңырауқұлақ өсіретін орын бұрын-соңды кездесе қоймаған соны жаңалық.  Жібек жолы ауылдық округіндегі компьютер құрастыру зауытының болашағы зор деп айтуға болады. Тұтастай алғанда, ауданда 18 ірі жоба қолғаалынып отыр. Бұл жобаларға 300 миллиард теңге төңірегінде инвестициялық қаржыбағытталған.

Инвестиция туралы айтқан кезде соңғы тоғыз ай ішінде 122 миллиард теңге құйылғандығын айта отырып, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, бұл орайдағы көлем екі есеге жуық өскендігін тілге тиек етсек, аудандағы ахуал біршама түсінікті болар еді. Жұмыс алға басқан соң салық және өзге де төлем көлемі 110,7 есе өсіп отыр.

Аграрлық секторды дамыту жөніндегі барлықіс-шара өнім өндіруді қамтамасыз ету жөніндегі мерейлі міндеттерді іске асыруға бағытталған. Есепті кезең ішінде ауылшаруашылығының еңбеккерлері 25 миллиард теңгенің өнімін шығарды. Сөз арасында өткен жылдиқандар үшін аса қолайлы бола қоймағандығын атап кетуге болар. Жаз жауынсыз, күз керісінше ересен ылғалды болды. Бұл жай астық сапасына да әсер етті. Аршалы диқандары гектар берекесін 5,3 центнерден ғана айналдырды. 195 мың гектар алқаптың астығы жиналды. Диқандар өнімнің сапасыз болуына орай, көктемге қажетті тұқымның жартысын ғана жинап алып отыр.

Ауданда ет және сүт өндіру көлемі арта түсті. Солай бола тұрғанымен, жұмыртқа өндіру көлемі төмендеді. Оның негізгі себебі, «Ижевский» өндірістік кооперативіндегі құс санының азаюына байланысты. Ірі қара мал басы да 5,4 пайызғаазайды. Осы уақытқа дейін аудандағы малсақ қауым 7492 бас ірі қара бақса, қазір бағымдағы мал саны 7085 басты құрайды. Оның негізгі себебі, жемшөптің қымбаттауы. Әйтсе де, алдағы уақытта төрт түліктің басын азайтуға болмайтынын түйсініп отырмыз. Себебі біздің аудан Астана қаласын азық-түлікпен қамтамасызету белдеуіне жатады. Бұлбағытта да ауызтолтырып айтатын жұмыс қолғаалынған. Мәселен, соңғы екі жылда етті бағыттағы екі ферма ұйымдастырылса, тағы бір тауарлы-сүт өндіретін ферманың жұмысы қолға алынған. 600 бас сауын сиырға арналған «Temir Agro» серіктестігінің тауарлы-сүт фермасының жұмысы аяқталуға жақын. Жалтыркөл ауылында жылына 6 мың тонна құс етін өндіруге қабілетті «Ақ-дала Агро» серіктестігінің құс фабрикасының үшінші кезеңі жүзеге асырылуда. Осы жоба толық аяқталғаннан кейін 120 жаңа жұмыс орны пайда болады. Қазір алты құс қорасының құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.

Аудандағы кезек күттірмейтін маңызды міндеттің бірі – халықтың жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету. Бұл орайда, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарының тұрақты әрі тиімдіжұмыс істеуін қамтамасыз ету бірінші кезектегі міндет. 2023-2024  жылдардың жылу беру маусымына ауданның коммуналдық қазандықтарын тап-тұйнақтай етіп жөндеуге тырыстық. Көмір сатып алу үшін 522,8 миллион теңге қаражат бөлінді. Бөлінген қаражаттың 51,6 миллион теңгесі облыстық бюджеттен, 471,2 миллион теңгесі аудандық бюджеттен қарастырылды. Жаңадан бес қазандық сатып алынды. Электр жабдықтары жаңартылды. Бес көп пәтерлі тұрғын үйді орталық жылу жүйесіне қосу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта жеткілікті көмір қоры бар.

Аудан жұртшылығының  еңсесін көтеруге әрқилы бағдарламалардың септігі тиіп тұрғандығын айта кету керек. Соның ішінде «Ауыл –  ел бесігі» бағдарламасы бойынша бес жоба жүзеге асырылуда. Астана қаласының маңындағы елді мекендерді дамыту бағдарламасы бойынша жеті жобаны жүзеге асыру қолға алынған. Бұл жобалардың басым бөлігі Жібек жолы  селолық округінде жүзеге асырылуда. Жол жөндеу, елдімекендердің көшелерін жарықтандыру, абаттандыру жұмыстары да талапқа сай. Ағымдағы жылы аудандағы Константиновка, Ақбұлақ, Сарыоба, Ижевский елді мекендерінде жалпы ұзындығы 15,2 шақырымды құрайтын көшелер жарықтандырылды. Бұл мақсатқа 224,6 миллион теңге қаражат жұмсалды. Автомобиль жолдарының сапасын жақсарту ұдайы назарда. Аудандағы көлік жолдары 12 миллиард теңгеге жөнделді. Тек соңғы жылы ғана жүз шақырымғажуықжолға қатты жамылғы төселгенін айта кететін болсақ, бұл орайдағы істің сәтімен сабақталғандығын аңғаруға болады.

Басты бағыттың бірі – халықтың жұмыспен қамтамасыз ету, олардың әл-ауқатынарттыру. 247 атаулы көмек алушыға жалпы көлемі 15,4 миллион теңге қаражат төленді. Оның ішінде 97 бала мемлекеттік әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етіліп отыр. Жергілікті атқарушы органдардың шешімімен мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына 28,9 миллион теңге көлемінде көмек көрсетілді.

Аудандағы білім беру саласының тыныс-тіршілігін де назарда ұстаудамыз. 29 білім ошағы жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде. Үстіміздегі жылы жаңа оқу жылы қарсаңында Жібек жолы ауылында 300 орындықжаңа мектеп-лицейі ашылды. 15желтоқсанда Жалтыркөл ауылында 300 орындық білім ошағы пайдалануға берілді. Білім ошақтарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, жылу беру маусымына дайындығына бюджеттен 1 миллиард теңге көлеміндеқаражат бағытталды.  Аудан орталығындағы №1 мектеп пен Анар білімошағы күрделі жөндеуден өткізілді. Денсаулық сақтау саласында да  ілкімді істер бар екенін айтуға болады.  Ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 330 миллион теңге бөлініп, аудандық емхана күрделі жөндеуден өткізілді. Тағы бір айта кетерлігі, мәдениет нысандарының инфрақұрылымы тәп-тәуір жақсарып қалғандығы. Бұлақсай ауылдық клубы үшін 40 миллион теңгеге блоктық-модульдік қазандық сатып алынды. Ольгинка және Бұлақсай ауылдық клубтарына 23,7 миллион теңге қаржы бөлініп, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жібек жолы ауылында 125 орындық демалыс орталығының құрылыс жұмыстары басталды. Аршалы кентінде 300 орындық мәдениет үйінің құрылысы жүргізілуде. Сарыоба, Анар станциялары мен Бұлақсай және Жібек жолы ауылдарында балалар алаңдары орнатылды.

Жаңа 2024 жылы да осылай ел ішіндегі берекені ұйытып, бар шаруаны алға бастыра бермекпіз. Жаңа жыл жақсылығымен келер жыл болсын деген тілек айтқым келеді.

Мұрат БАЛПАН,
Аршалы ауданының әкімі. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар