Ұлт болашағы – сапалы білім мен тәрбиеден

Еліміздің  рухани, әлеуметтік дамуы әрбір азаматқа байланысты. Ортақтасып адал еңбектенудің арқасында ғана біз еліміздің әлеуметтік-экономикалық  дамуының жаңа деңгейіне шыға аламыз.     

Үкіметтің 2023 жылғы 22 қыркүйектегі № 828 Қаулысы негізінде 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2025 жылға дейін жоспарланған 8 ұлттық жоба  күшін жойды. Осы жобалардың ішінде «Білімді ұлт» Сапалы білім беру» бағдарламасы да бар. Осыған байланысты облысымызда бұл жоба бойынша қойылған міндеттер қаншалықты орындалып, үдеден шықты деген сауал туындайды. Ағымдағы жылы әлеуметтік сұрақтар жөніндегі тұрақты комиссия осы саладағы мәселелерді шешу бойынша облыстық білім басқармасымен тығыз жұмыс жүргізді. Тақырыптық отырыстар өткізіліп, депутаттар мектептердің, балабақшалардың, колледждердің  мәселелерін көтерді. Қарастырылған мәселелердің бірқатары жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдық қауымдастықтың өзара іс-қимылының арқасында өз шешімін тапты. Атқарушы органдармен кездескен сайын комиссия мүшелері облыс аудандарындағы білім беру мекемелерінің келелі мәселелерін алға тартып, бірлесе шешу жолында жұмыстар атқарды. Бұл орайда, депутаттық корпустың білім беру сапасын арттыруға, мектеп және мектепке дейінгі мекемелердің, колледждердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға бюджет қаражатын бөлу жөніндегі бейінді басқарманың бастамаларын әрқашан бірінші кезекте қолдайтынын атап өткеніміз жөн.

Әлеуметтік сұрақтар жөніндегі комиссияның және «AMANAT» партиясы фракциясының назарында сайлауалды бағдарламадағы «Білімді ұлт» Сапалы білім беру» ұлттық жобасын іске асыру жөніндегі Жол картасының негізгі көрсеткіштерінің орындалуы тұрақты түрде бақылауда болды. Бағдарлама бойынша бекітілген барлық он көрсеткіш орындалды. Десе де,  жоба аясында қолға алынған кейбір мәселелердің аяқталмай қалған тұстары да қылаң береді.

Мәселен, облыста мектепке дейінгі мекемелер бойынша осы жоба аясында жоспарланған 6 балабақшаның құрылысы аяқталмай қалды, бұл 1,5 мыңға жуық орынды құрайды. Атап айтқанда, Целиноград ауданының Қараөткел ауылында 280, Шортанды ауданының Төңкеріс ауылында 140, Қосшы қаласында 280, Көкшетау қаласының іргесіндегі Нұрлыкөш ауылында 280, Көктем шағын ауданында 166 орынға арналған балабақшалар мен облыс орталығының Сарыарқа шағын ауданындағы сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған 280 орындық мектепке дейінгі нысанның құрылысы толық аяқталмады. Бұл құрылыстардың барлығы проблемалы және оларды лайықты аяқтауға жеткізу керек. Бұл ретте, облыстық білім басқармасы жұмыс тобын құрып, құрылыстың әрі қарайғы барысын бақылауда ұстауы тиіс.

Екінші мәселе – балалардың қосымша білім алуына мемлекеттік білім беру тапсырысын орындау. Біздің облыста бұл қамту көрсеткіші талап етілгеннен төмен, яғни, 79,5 пайызды құрады, тиісінше бөлінген бюджет ақшасы толықтай игерілмеді. Конкурстық рәсімдердің ұзақ жүргізілуіне байланысты 400 миллион теңгеден астам қаржы республика бюджетіне қайтарылды. Бұл мәселе қайталанбас үшін келер жылы мұндай жайларды тиімді шешудің жолдарын қарастырып алу қажет.

Біздің облыстың аудандарының жартысында ғана мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейтін қосымша білім беру ұйымдары бар. Олар – Аршалы, Атбасар, Бурабай, Ерейментау, Егіндікөл, Қорғалжын, Шортанды, Целиноград аудандары мен Көкшетау, Қосшы қалалары. Өткен жазғы маусымда балаларды қосымша білім берумен жалпы қамту 22 мыңды ғана құраған. Ал, біздің облыста білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, 131 мың оқушы бар. Олардың 19 мыңға жуығы ерекше назар аударуды, яғни, көңіл бөлуді қажет ететін балалар. Мәселен, 17 508 бала халықтың әлеуметтік осал топтарынан, 397 бала ювеналды полицияда, 400 оқушы мектепішілік есепте тұр, 878 кәмелетке толмаған бала қолайсыз отбасыларында тәрбиеленуде. Осылайша, қосымша білім алумен қамтылған оқушылардың пайыздық қатынасын қарасақ, жалпы балалардың 16,7 пайызы ғана қамтылған.

Қалалар мен аудан орталықтарында қосымша білім алуға жан-жақты мүмкіндік болса, ауыл балаларының көпшілігіне бұл қол жетімді емес. Балалардың көпшілігін қамтуға кедергі болатын көптеген мәселелер бар. Бұл – нормативтік – құқықтық актілердің жетілмегендігі, дамымаған инфрақұрылым, білікті кадрлардың жетіспеушілігі, сапалы қызмет көрсете алатын үкіметтік емес ұйымдардың болмауы. Осы мәселені шешу мақсатында облысымыздың балаларын қосымша білім берумен қамтуды ұлғайту үшін қолайлы орта құру бойынша кешенді жоспар құру қажет.

Үшінші – балалардың жазғы демалысы туралы.  Ағымдағы жылы депутаттар балалардың сауықтыру орталықтарына жауапты мемлекеттік органдардың ресми қарым-қатынасын байқады. Сондай-ақ, қала маңындағы лагерьлерде балаларды сауықтырумен қамту жайы көңілге қонымсыз. 20 жылдан астам уақыт бойы күрделі жөндеуден өтпеген мемлекеттік лагерьлер бар. Біздің облыс үлкен туристік әлеуетке ие екенін ескеріп, сұлу табиғатымыздың мүмкіндігін балалардың сауықтырылуы мен демалыстарына қажетті деңгейде пайдалануымыз қажет. Мысал ретінде «Юность», «Рассвет», «Сокол», «Қарлығаш» лагерьлерін күрделі жөндеулерден өткізіп алып, балаларды сауықтыру мен демалту бағытында жаңғыртуымыз қажет деп ойлаймын. Осыған орай жол картасын әзірлеуге болады.

Биылғы 2024 жылы тұрақты комиссия инклюзивті білім беру сапасы және білім беру мекемелерінде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін қарастыруды жоспарлап отыр.

Балалар – біздің ұлтымыздың болашағы. Келешек ұрпағымызды білімді, білікті, бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеу – мемлекетіміздің басты ұстанымдарының бірі.

     Айнагүл БАЛТАШЕВА,
Ақмола облыстық мәслихатының әлеуметтік сұрақтар жөніндегі
тұрақты комиссиясының төрайымы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар