Жастар құлшынысы қуантады

Ақмола облысында 1 облыстық, 3 қалалық және 16 аудандық маңызы бар жастар-ресурстық орталығы жұмыс істейді. Олардың басты қызметі – жастарды толғандырып жүрген мәселелерді анықтау, мемлекеттік бағдарламаларды жастарға түсіндіру, әлеуметтік желілерде ақпараттандыру, жұмыс мәселесіне қатысты жәрмеңкелер мен түрлі мәдени шараларды ұйымдастыру, әлеуметтік зерттеулер, талдамалық жұмыстарды жүргізу болып табылады.

Жастар келешек кепілі, ел болашағы. Желкілдеп өсіп келе жатқан көкөрім ұл мен қыздың тұғырлы тұлға болып қалыптасуы үшін мемлекет тарапынан көптеген игі іс-шаралар атқарылуда. Мәселен, жастар арасында жұмыссыздық мәселесін оңтайлы шешу үшін көптеген ізгілігі мол ілкімді істер жүзеге асуда. Атап айтар болсақ, Ақмола облысының жастар ресурстық орталықтарына өткен жылы жұмысқа орналасу бойынша 10 мыңнан астам жастар ақыл-кеңес сұрай келіп, оларға арнайы мамандар кеңес беріп, осының нәтижесінде 3375 жас азамат тұрғылықты жері бойынша жұмысқа орналастырылды.

2021 жылы жастар орталығының ұйымдастыруымен 6527 түрлі форматтағы іс-шаралар өткізіліп, жалпы саны 95 мың адам қамтылды. Сонымен қатар, Ақмола облысының жастар-ресурстық орталығы соңғы жылдары ауқымды инновациялық жобаларды да қолға алып отыр. Сондай қанатқақты жобалардың бірі – «Aqmola Power» инновациялық жобалар байқауы. Бұл байқау жыл сайын өткізіліп тұрады. Жобаның басты мақсаты ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласында, жалпы, экономика бағытына елеулі үлес қосуға ниет білдіріп, тың жобаларды қолға алған жастарды ынталандыру болып табылады. Экономиканың түрлі салаларында инновациялық технологияларды әзірлеуді қолға алған жастардың ғылымға деген сүйіспеншіліктері қуантады. Сонымен қатар, биылғы жылы «Студенттік көктем» және «Тәуелсіз жастар керуені» тәрізді ауқымды жобаларды да қолға алмақшымыз.

Атап өтерлігі, өткен жылы ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Тәуелсіз жастар керуені» жобасы өткен жылы бастау алған, биылғы жылы да өз жалғасын табатын болады. Орталықтағы қызметкерлер, біз алдымызға келген әр адамды барынша ынталандыруға, жұмыс істеуге құлшындыруға, олардың кез-келген жақсы бастамаларын қолдауға дайынбыз. Бір ғана мысал, бизнес саласындағы жастардың идеяларын іске асыру үшін жүйелі түрде консультативтік кеңестер, жас кәсіпкерлер арасында «Bastau Talks» қоғамдық дәрісі өткізіліп келеді, оған бизнес-спикерлер, облыстың жас кәсіпкерлері және 50-ден астам жоғары оқу орындарының студенттері мен өңір жастары қатысты. Осы кездесуден кейін өз кәсібін ашамын деген жастар қатары арта түсті.

Қазіргі қоғамда NEET санатындағы жастар тобы бар. Жалпы бұл санаттағы жастар кімдер? Бұл ұғым соңғы жылдары көп аталғанымен, ондай жастар кез-келген қоғамда болғандығын мойындауымыз керек. Бұл сөзді ағылшын тілінен қазақшаға аударатын болсақ, «не жұмыс істемейтін, не оқымайтын, не өзге де істермен айналыспайтын адам» дегенге саяды. Ақмола облысының жастар-ресурстық орталықтары NEET санатындағы жастар санының ұлғаюын болдырмау үшін жарғыға және қызмет мақсатына сәйкес осы топтағы жастарға мониторинг жасап отырады. Тоқсан сайын аудандық, қалалық әкімдіктерден NEET санатындағы жастардың тізімі жасалады. Аталмыш санаттағы жастармен жұмыс жасайтын жастар-ресурстық орталықтарының негізгі міндеті – кеңес беру, қолдау көрсету, жұмыспен қамтудың мемлекеттік бағдарламаларын түсіндіру және қосымша оқыту болып табылады.

Сонымен қатар, Ақмола облысының жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері арасында салауатты өмір салтына бағытталған іс-шаралар топтамасы, жастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары бойынша кеңестер, сондай-ақ, өмірлік маңызы бар дағдылар бойынша семинар-тренингтер өткізіліп тұрады.
Облыстық орталықта психолог кабинетінде тегін психологиялық көмек пен кеңес беріледі. 2021 жылы проблемалық мәселелер бойынша психолог кеңесіне 700-ге жуық адам жүгінген, олардың 655-іне психологиялық, консультациялық-тренингтік көмек көрсетілген, оның ішінде 236 психологтың жеке консультациясы болып табылады.

Осылайша жастар-ресурстық орталықтары мемлекеттік жастар саясаты саласында бірқатар іс-шаралар өткізе отырып, жастарды қоғамдық үрдіске тарту, ынталандыру және өзін-өзі дамыту және жұмыстың тиімді әдістерін пайдалану үшін ұдайы ізденіс үстінен табылуда. Осы мақсатта 2022 жылы жастардың әртүрлі бағыттағы сұрақтары бойынша жастар-ресурстық орталығы негізінде арнайы кеңестік орталық ашуды жоспарлап отырмыз.
Қазіргі уақытта жастар арасында тұрғын үй сатып алу, жалақының төмендігі, жұмыссыздық, тағы басқа әлеуметтік мәселелер өзекті.

Осы мәселелерді шешудің тиімді жолдарын көрсету, бағыт беру, мемлекет тарапынан іске асырылып жатқан ауқымды жобалардың маңыздылығын түсіндіру біздің басты міндетіміз деп білеміз. Жастар – кез-келген қоғамның қозғаушы күші. Еліміздің болашағы жастардың еңбекқорлығына, талап-тілегіне, арман-мұратына байланысты. Біз ата-бабадан мирас болған ұлттық құндылығымызды сақтай отырып, бүгінгі заман талабына сай білімімізді жетілдіріп, еліміздің экономикасын, ғылымын дамытуға өз үлесімізді қосып, ел үшін еңбектенуге міндеттеміз. Ал, осы орайда, бүгінгі жастар құлшынысы қуантады.

Мәнсия ЕСЕКЕЕВА,
Ақмола облыстық жастар орталығының жетекшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар