«Жасұландықтар» қатары толыға түсті

Даңқты жерлесіміз, Мәлік Ғабдуллинге Кеңес Одағының Батыры атағы берілгеніне 79 жыл толуына орай, Көкшетау қаласындағы батыр музейінде Мәлік Ғабдуллин атындағы «Жас Ұлан» әскери-патриоттық клуб мүшелерінің ант қабылдау рәсіміне арналған «Батырлық салты – ұрпақ сабақтастығы» атты іс-шара болып өтті.

Салтанатты жиынға Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, Ақмола облыстық мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова, М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының бастығы Сырым Шәріпханов, М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры, ақын Құдайберлі Мырзабек және бұқаралық ақпарат өкілдері, академия курсанттары мен оқушылар қатысты.

1943 жылдың 30 қаңтарында елді жаудан азат ету жолында жасаған ерлігі үшін ер Мәлікке Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп еді. Бұл күн қазақ елі үшін ғана емес, сол кездегі біртұтас одаққа мүше елдің мерейін асырған тарихи оқиға болатын. Мәліктей Батырды ел мақтан тұтады. Жүрегінде еліне деген сүйіспеншілігі зор әрбір қазақ өскелең ұрпағына Мәліктей бол деп насихат етеді. Бұл заңды да! Себебі, ер Мәлік қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы, біртуар азаматы. Көкшетаудағы батыр музейінде кезінде «Жас ұлан» атты әскери-патриоттық клуб ашылған болатын.

Батыр бабаның ел қорғаудағы ерлігі, ел ертеңі жолында атқарған игі істері мен мол мұрасын насихаттау мақсатында құрылған бұл клуб содан бері жүйелі жұмыстарымен көрініп келеді.

Салтанатты шарада музей қонақтары Краснояр №3 мектеп-гимназиясының он оқушысына мүшелік билеттерді табыс етті. Олардың қатарында Мадияр Сұлтанбеков, Олжас Қомаш, Кәрім Ғабдуллов, Әлішер Бердалин, Қанат Мадет, Шынасыл Болатбек, Ұлан Құрал, Мөлдір Серік, Әмина Мәулет, Аяжан Құсайыновалар бар.

Жиын барысында жасұландықтар өз өнерлерін ортаға салды. Қалалық «Айбын» әскери-патриоттық жарысының жеңімпаздары Мадияр Сұлтанбеков пен Мөлдір Серік 35 секунд ішінде автоматты жинап шықты. Сөйтіп, өздерінің алғашқы әскери дайындық сабақтарын жақсы меңгергендіктерін аңғарта білді. Осы орайда мектеп-гимназияның жанынан құрылған «Жас ұлан» әскери-патриоттық клуб жетекшісі Төлепберген Құнанбайұлының жас ұрпақты адамгершілік асыл қасиеттерге баулып, олардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру жолында атқарып жүрген еселі еңбегін атап өтуіміз керек.

Тағы бір ерекше екпін түсіре айта кететін жәйт, өткен жылы Ақтөбе қаласындағы № 70 мектеп-гимназиясына батыр Мәліктің есімі берілді. Ер есімін ел ұмытпайды деген осы. Тұғыры биік тұлғаның абзал бейнесін өскелең ұрпақ өзіне үлгі тұтады. Жиын барысында осы мектеп-гимназия ұжымы жасаған бейнеролик көрсетілді.

Жиналған зиялы қауым өкілдері аманат арқалап жүрген жас өрендерге өздерінің жылы лебіздерін білдіріп, ақжарма тілектерін жеткізді. Жиын соңында Краснояр №3 мектеп-гимназиясының 9 сынып оқушысы Бабай Мұхамедәли «Ерке сылқым» күйін орындаса, осы мектептің 6 сынып оқушысы Інжуна Шалтай «Қазақстаным менің» атты әнді тамаша орындап берді.

Осылайша нұр тұнған періште жүрегінен ән төккен қызғалдақ гүлдің елім деп тебіренген патриоттық әні осы бір рухани кештің мән-мағынасын аша түскендей болды.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар