«Қазақ тілі» қоғамының филиалы құрылды

Көкшетауда зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылардың қатысуымен жиын өтіп, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Ақмола облыстық филиалы құрылды. Филиал төрағасы болып, Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы жанындағы «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің басшысы Ермек Нұғыманов сайланды.

Бұл қоғамның елімізде, біздің өңірімізде де сонау бір жылдары белсенді жұмыс жасағаны белгілі. Алайда, өзге жұмыстардың тасасында қалып, ұмыт бола бастаған-ды. Құрылтайы өтіп, қызу жұмыс жүргізбегелі он жыл болыпты. Дегенмен, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, мерейін үстем ету, абыройын асқақтату жөнінде әлі де кемшін тұстарымыз жеткілікті. Демек, атқарылуға тиіс істер жетерлік.

Сондықтан да, өткен жылдың қараша айында аталмыш қоғам жұмысын жандандыру қайта қолға алынған. Тіл жанашырлары, қоғам қайраткерлерінің қатысуымен құрылтай өтіп, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдуәлиұлы қоғамдық бірлестікке президент болып, Максим Рожин мен Анар Фазылжанова вице-президенттер болып сайланған болатын. Ұйымның жаңадан бағдарламасы жасалып, Жарғысы қабылданған. Содан бері бірқатар облыстарда қоғам филиалдары қайта ашыла бастаған-ды. Енді, міне, бұл жұмыс біздің облыста да жанданбақ.

Бірлестіктің облыстық кеңесінің мүшелері ішінде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, облыстық мәслихаттың депутаты Нартай Ысқақов, облыстық оқу-әдістемелік орталығының директоры Қаратай Төлекеев, М.Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана директоры Құдайберлі Мырзабек, Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің директоры Құралай Ыдырысова сияқты танымал адамдар бар.

Серік Сапарұлы,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар