Машақаты көп, елге керек мамандықтың айлығы неге төмен?

Өңірде мал дәрігері мамандарының аздығы көптен көлденең қойылып, шешімі әлі табылмаған мәселе. Ал, оның қажеттігіне ешкім дау айта алмас. Өйткені, малдың ауырмауы, жұқпалы індеттердің алдын алып, екпе салу, бойындағы ауруын анықтау сияқты толып жатқан шаруалардың бәрін осы мал дәрігері атқармақ.

1987 жылы Қотыркөл зоотехникалық- мал дәрігерлік техникумын тәмамдаған көкшетаулық Сырымбет Қанафин осы салада мамандығы бойынша қызмет істеп келеді. Қазір Көкшетау қалалық ветеринарлық станциясының қызметкері.

–Алатын еңбекақымыздың көлемі 70 мың теңге. Жұмыс ауқымы жетерлік. Көкшетау қаласы, оған қарасты Краснояр, Станционный, Застанционный кенттерінің малын 3 адам қараймыз. Аталған аумақ тұрғындарында 4 мың қара мал, 10 мың бас қой, 50 шошқа, 70 бас жылқы бар. Сол үйлерді аралап, малдан қан алып, екпе саламыз. Бірқатар адамдар қорасына кіріп, малының басын ұстап көмектеспейді де. Біздің жұмысымызда айта берсек, қиындықтар толып жатыр. Еңбек ақысы төмен, ылғи малмен жұмыс жасайтын болғандықтан жастар келмейді, – дейді ол.

Ветеринарлық станция қызметкерлері наурыз бен маусым, тамыз бен қараша айларында бруцеллез, туберкуллез, қарасан, құтыру, сап, сақау, тері ауруларын анықтау үшін малдан қан алып, екпе салады. Малдың өрістен оралғанын күтіп, уақытпен санаспай, кешке, іңірде үй аралау да қалыпты әдеттері.

Қыс айларында жұмыстары азайған уақытта иесіз, қаңғыбас иттерді аулау, залалсыздандырумен айналысатын мамандарға көмектеседі. Қалада қазір 200-дей иесіз ит әр жерде жүр. Олардан келер қауіп бар. Күніне оншақты ит ұсталып, ұйықтатылады. Бір итті ұстаған маманға 2000 теңгеге жуық ақы төленеді. Енді, ол жұмыстың да басқаларға берілуі мүмкін екен.

Мал емдеп, қан алып, ит аулап жүргенде маманның өзіне ауру жұққызып алуы да мүмкін. Мәселен, дәл осы уақытта Зеренді ауданында 2 мал дәрігері бруцеллез жұқтырып, ауырып жатыр.

Міне, осындай қиындығы да, қаупі де жетерлік, бірақ, халық денсаулығы, амандығы үшін тигізер пайдасы мол қызмет істеп жүрген жандар айына 70 мың ғана еңбекақы алып отыр. Жақында ғана Сырымбет Қанафин осы мәселені көтеріп, әріптестері атынан «Nur Otan» партиясындағы қабылдауға барған. Алда өз өтініші ескеріліп, бұл күнде қат болып отырған мамандықтың айлық табысы қайта қаралады деп сенеді.

Серік Сапарұлы,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар