2021 жылы шілде айынан бастап Қосшы селосына облыстық маңызы бар қала мәртебесі берілді. Қазіргі уақытта елді мекенде Қосшы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы құрылды.
Қосшы қаласы Қазақстан Республикасының астанасынан оңтүстікке қарай 25 шақырым жерде орналасқан, оның жалпы ауданы 2413 гектарды құрайды, халық саны 54 мыңнан астам адам.
Жаңадан құрылған МКБ қала орталығында Республика көшесі, 3/3 үйде орналасқан, оның ауданы 200 шаршы метрді құрайды. Бизнес үшін қолайлы жағдай жасау аясында жаңа Мемлекеттік орган «Open space» форматында жұмыс істейді.
Салық төлеушілерге қолайлы болуы және Мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсету үшін салық есептілігін қабылдау орталығында электрондық кезек жүйесі және халыққа қызмет көрсету саласындағы басқа да заманауи цифрлық жаңалықтар орнатылды.
Қосшы қаласы бойынша МКБ тіркеуге жататын салық төлеушілердің жалпы саны 22 мың адам. Сонымен қатар, есепке тұру үшін салық төлеушілерге ешқандай өтініш жіберудің қажеті жоқ, бәрі автоматты түрде жүргізіледі.
Штат саны 12 қызметкерді құрайды. Мемлекеттік кірістер басқармасының құрамында 3 бөлім – салық төлеушілермен жұмыс бөлімі, салықтық бақылау және өндіріп алу бөлімі, сондай-ақ есеп, талдау және ұйымдастыру-құқықтық жұмыс бөлімі жұмыс істейді, олар мемлекеттік қызметтің 44 түрін көрсетеді. Бүгінгі таңда 400-ден астам салық төлеуші түрлі мәселелер бойынша түсініктеме алды.
Жаңа мемлекеттік кірістер органы ағымдағы жылы бюджетке 1,4 миллиард теңгеден астам салық жинауды жоспарлап отыр. Халық үшін маңызды артықшылықтардың бірі жаңа мемлекеттік кірістер органының орналасқан жері болып табылады.
Бұрын мемлекеттік қызметтерді алу үшін тұрғындардың Қосшыдан 60 шақырым қашықтықта орналасқан аудан орталығы Ақмол селосына қатынауы қажет болатын. Жаңа МКБ құрылуымен азаматтар үшін уақыт және материалдық шығындар қысқартылды.
Бұдан басқа, жергілікті бюджетке түсімдер есебінен қаланы абаттандыруға, мектептер мен ауруханалар, инфрақұрылым объектілерін салуға арналған шығындар қаржыландырылатын болады. Бұл елорданың серіктес қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін береді.
Нұрлан Ысқақов,
Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметкері.