Каринаның бокстағы құтты қадамы

Спортты жанына серік еткен  нәзік жанды боксшы Қазақстан Республикасы әйелдер құрамасының мүшесі, бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері  Карина Ибрагимова 16 жасынан спорт  залында жаттығып, биіктерді бағындырып келеді.

Карина бокспен шұғылдануды Көкшетау қаласының іргесіндегі Краснояр селосындағы №1 орта мектептің жоғары сыныбында оқып жүргенде бастапты. Оның спортқа келуіне алдымен, белгілі бапкер Петр Булканың өтініші себепші болған. Сөйтіп, әкесі Хабир 16 жасар қызын қолынан жетелеп, бокс залына алып келіп, ақ батасын береді. Міне, содан бері қолына былғары қолғап киген нәзік жанды жерлесіміз бірқатар белестерді бағындырып, әкесінің ақ батасымен Олимп шыңына жету мақсатында еңбектеніп келеді. Әрине, қыз балаға боксшы болу оңай еместігі айтпаса да түсінікті.

Өйткені, ол жаттығу барысында соққыларға шыдамай, боксты тастап кетуді де ойлаған.    Десе де, Каринаның бойындағы талабы мен талантын жіті байқаған ұстазы Петр Булка талмай еңбектеніп, бокстың қыр-сырына қанығуына зор ықпал еткен. Сөйтіп, облыс деңгейіндегі жарыстарда сан мәрте жеңіске жетіп, республикалық турнирлерде де жүлдегер атанады. Осылай білікті бапкерінің табандылығының арқасында Каринаның танымалдылығы арта түседі. Осылай ол елімізге жаттықтырушылардың бірі, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген бапкер Александр Высоцкийдің назарына ілінеді.

– Карина  біздің «Жақсы» спорт мектебіне танымал боксшы бола бастаған кезінен келді. Ол алғашқы күннен-ақ, өзінің еңбексүйгіш, табандылығымен тәнті етті. Оның спорттағы жетістіктері де аз емес еді. Ешқашан жаттығуды жіберген емес. Қандай жарысқа да тыңғылықты дайындалып, құрамадағы әріптестерімен тығыз байланыс орнатуының арқасында өзінен кіші спортшылармен тәжірибесімен бөлісіп отырады. Өткен жылғы Қазақстан чемпионатында 57 келі салмақта сынға түсіп, чемпион атанды,  – деген Александр Высоцкий. – Бұл олимпиадалық салмақ. Сондықтан, Каринаның алдында үлкен жауапкершілік тұрғанын біз жақсы сезінеміз.

Бүгінде Карина Үндістанда өткен әлем чемпионатының жүлдегері. Өзге де халықаралық жарыстарда жеңіске жетіп жүрген жайы бар. Оның боксқа деген құлшынысы мен табандылығына әріптестері де сүйсіне қарайды. Карина көбіне алдағы жарыстарға облыс орталығындағы «Қажымұқан» спорт кешенінде дайындалады.

– Мен бокспен есейіп, сол жолда маңдай терімді төгіп, биік шыңдарды бағындыруға күш салып келемін. Алғашқы бапкерім, әкемнің бала кезіндегі досы Петр Булка ағай спорттың осы қызықты да қиын түрінің әліппесін үйретті. Ал, соңғы бірнеше жылда талай тарлан боксшы қыздарды тәрбиелеп шығарған Александр Высоцкийден дәріс алып жүрмін. Біздің ұлттық құраманың қатарында білекті де білікті, күш-жігері толысқан небір боксшы қыздарымыз бар. Олармен бірге жүріп, жаттығуларға қатысу мен үшін бір мерей. Осы жылдарда бокс менің сенімді серігіме айналды. Сондықтан, болашақта Олимпиада ойындарында топ жарсам деген арманым да жоқ емес. Каринаның осы арманының орындалуына бізде тілектес болдық.

Бүгінде  спорт пен білімді қатар алып жүрген Карина Ибрагимова Алматы автомобиль жолдары институты мен Шымкенттегі Орта Азия инновациялық университетін бітірген жоғары білімді маман. Оның қашан көрсең де бокс залына ерте келіп, кеш кетуі сүйсіндіреді.

Иә, жаттығу кезіндегі осынша еңбектің зая кетпесі кәміл. Бүгінгі күні де Карина ақмолалық қос әріптесімен бірге Алматы бокс академиясының оқу-жаттығу жиынында жаттығуда жүр.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар