Көкшетаулық дәрігерлерге алғысым шексіз

Менің жалғыз ұлым Думаным Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласында жұмыс істеп жүргенінде, кенеттен ауырып, «жедел жәрдем» көлігімен қалалық ауруханаға түседі. Осында шұғыл түрде 3 сағат бойы ота жасап, 10 күн реанимация бөлімшесінде жатты. Жағдайы өте ауыр болып, күні-түні амандығын тілеумен болдық. Әйтеуір, ақ желеңді абзал жандардың бар күш-жігерлері мен біліктерін салуының арқасында беті бері қарап, уайымға толы ауыр күндер артта қалды. Қазір әлі де толық жазылып кете қойған жоқ. Үйде шамам келгенше бар жан-тәніммен күтіп жатырмын.

Мұндайда аурудың диагнозын дәл қоюдың орны бір бөлек қой. Балам бірінші рет ауырып отырған жоқ. Осыдан үш жыл бұрын дәрігерге көрінгенде жарық (грыжа) деді. Осынша уақыт сұрасақ та, аудан квота бермей, ақыры, осындай жағдайға тап болдық. Сөйтсек, жара (язва) екен. Ол жарылып кетіп, айналасы қанға толыпты. Көкшетаулық дәрігерлердің дер уақытында көрсеткен көмегінің арқасында әйтеуір, балам ажалдан аман қалды. Бұл жандарға қандай алғыс айтсаң да, басыңды исең де, көптік етпес. Өзім осы аралықта туған сіңілім қайтыс болып, басымнан ауыр жағдайлар өткендіктен, газет бетінде сол жандарға уақытында ризашылығымды білдіруге кешігіп те қалдым. Бірақ, қазақтың «ештен кеш жақсы» деген бір даналық сөзі бар. Соған сүйеніп, ақ алғысымды бүгін айтқалы отырмын. Айып етпеңіздер.

Көкшетау қалалық ауруханасының бас хирург дәрігері Мейірхан Жанапин, хирург Рүстем Бексұлтанов, анестезиолог Талғат Хайдаров, емдеуші дәрігер Александр Дьячков, медбике Наталья Сарайкинаға, тағы басқа медбикелер мен санитарларға, барлық ұжым мүшелеріне сіздерде емделіп шыққан ұлым Думан Қабденов пен анасы Әсия Сыздыққызының атынан шексіз алғысымды жеткізсем деймін. Құлыным осы сырқатынан тұрып кетеді деп ойлаған жоқпын. Әуелі бір Алла, сосын сіздер жар болып, дұрыс диагноз қойып, емдеріңізді жасап, аяғынан тұрғыздыңыздар. Бұл – ерлікке пара-пар іс. Керегінде елден, ағайын-туыс, жора-жолдастарынан 15 адам қан беріп, олар да қолдан келген бар мейірімдерін, қамқорлықтарын аянбай, адамгершілік пен азаматтық зор қасиеттерін таныта білді. Бұған да қалай риза болмассың, қалай тебіренбессің.

Адамның күні адаммен дейді ғой. Осы аты аталған және аталмаған кісілердің арқасында баламның қатарға қосылып, сырқатынан айығып келе жатқанына тәңірге мың да бір шүкіршілік етемін. Бізге осындай өлшеусіз қуаныш сыйлап, баламның ғұмырын ұзартқан аяулы дәрігерлерге алда да қолдарының жеңілдігін тілеймін. Елдің алғысын арқалап, отбастары аман болып, адал еңбектерімен көп көңілінен шыға берсін. Мың да бір рахмет! Осы хатымды көз жанарымның көрмеуінен әзер жаздым. Бірақ, шын көңілден жазғанымды ерекше айта кеткім келеді.

Әсия ҚАБДЕНОВА,

еңбек ардагері.

Теңдік ауылы,

Тайынша ауданы,

Солтүстік Қазақстан облысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар