Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Отырыс барысында елдің 2021 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы баяндалып, биылға арналған іс-қимыл жоспары қарастырылды. Жиынды ашқан Президент былтыр ел экономикасының 4 пайызға өскенін, бірақ қаңтар оқиғасы біздің өмірімізді түбегейлі басқа арнаға бұрып жібергенін айтты.
– Өңдеу өнеркəсібі 5,5, құрылыс индустриясы 7,6 пайызға артты. Қызмет көрсету саласында оң үрдіс бар. Сауда-саттық – 9,2, көлік саласы 3,6 пайызға ұлғайды. Дегенмен, инфляция деңгейі межеден асып кетті. Бұл көрсеткіш 8,4 пайыз болды. Өкінішке қарай, қаңтар оқиғасы қалыпты өмірімізді түбегейлі өзгертті. Тəртіпсіздік салдарынан көптеген қазақстандық зардап шекті. Шағын жəне орта бизнес шығынға батты. Соңғы деректер бойынша бизнеске 100 миллиард теңге көлемінде залал келді. Жаңа үкіметтің алдында ел экономикасын тұрақтандыру жəне инфляцияны төмендету бойынша міндет тұр. Бұл – маңызды міндет. Сондықтан оны басымдықтардың бірі ретінде санауымыз қажет. Ең бастысы, азаматтарымыздың табысын арттыруымыз қажет, – деді Қ.Тоқаев.
Президент қазіргі сəтте елде миллионға жуық азаматтың табысы ең төменгі күнкөріс мөлшеріне де жетпейтінін жеткізді.
«Табыс – келешекке деген сенімді оятып, халықтың əл-ауқатын арттыратын басты фактор. Өкінішке қарай, соңғы уақытта халық табысы экономиканың жақсаруы есебінен емес, əлеуметтік трансферт есебінен өсті. Тек қана əлеуметтік жəрдемақы мен зейнетақыға күн көріп отырған адамдар да аз емес. Бес жылда халықтың жалпы табысындағы еңбек кірісінің үлесі 80 пайыздан 67 пайызға қысқарған. Ал əлеуметтік трансферттер 17-ден 29 пайызға өскен. Қазір азаматтардың табысы жалақыға емес, бюджет шығынына тəуелді болып тұр. Қарызға батып, кедейлікке ұрынған адамдар саны көбеюде. Сөйте тұра, орташа жалақы мен жан басына шаққандағы табыс көлемі ұдайы өсіп келеді деген көпірме есеп берілуде. Бұл – нағыз көзбояушылық. Менің тапсырмам бойынша, халықтың табысын арттыруға арналған бағдарлама əзірленіп жатыр. Бұл құжатта тұрғындардың кірісін көбейтумен қатар орынсыз шығынды азайтатын тың шаралар қарастырылуы тиіс», – деді Қ.Тоқаев.
Сондай-ақ Президент əкімдердің бюджеттік дербестігі туралы да сөз қозғады. «Барлық деңгейдегі əкімдердің бюджеттік дербестігін арттыру қажеттілігіне арнайы тоқталғым келеді. Өңірлердің 82 пайызы дотацияда отыр, бұл дұрыс емес. Бұл – біздің əдістемеміздің, бюджетаралық қатынастардың ерекшелігі. Əкімдер қашан көрсең жалпы жəне мақсатты мəндегі трансферт сұрап министрлік табалдырығын тоздырып жүреді. Сосын, орталық деңгейіндегі шығыны мол бастамалар «Жергілікті бюджетке лақтырамыз, ал əкімдер өздері реттеп алсын» деген ұстаныммен шешіледі. Қазір олай жұмыс істеуге болмайды», – деді.
Мемлекет басшысы формальды ережелер мен процедураларды көзсіз ұстану процестің нəтижеге қысым көрсетумен аяқталатынын да айтты.
«Жылдар бойы тапсырмалар беріліп, сарапшылар рекомендациялар əзірлеп келеді. Бірақ соның бəрі бюрократия батпағына батып, кертартпалыққа ұрынып жатады. Сондықтан да бюджеттік жоспарлау бойынша шешімтал реформа жүзеге аспады. Мұны қалай түсінуге болады? Жаңаша жұмыс істеуге қабілеттің жетпеуі ме, əлде өздері бас июге мəжбүр болып отырған министрлік пен əкімдіктерге əсер ету тетіктерін жоғалтып аламыз деп қорқу ма? Сол себепті, цифрландыруға сəйкес теңдестірілген шешім қабылдауға бір ай уақыт беремін», – деді Мемлекет басшысы.
Жиында сөз алған Премьер-Министр Əлихан Смайылов былтыр ішкі жалпы өнім өсімі 4 пайызды құрап, тұрақты экономикалық өсімнің негізгі факторы – нақты сектор болғанын атап өтті.
«Өнеркəсіп өнімінің көлемі 8,38 пайызға жетті. Тау-кен өнеркəсібін есепке алмағанда, негізгі экономикаға салған инвестициялар 9,5 пайызға ұлғайды. Тікелей шетелдік инвестициялар 2021 жылдың 9 айында шамамен 50 пайызға өсіп, 18,8 миллиард долларды құрады. 11 айдың қорытындысы бойынша сыртқы сауда мен инвестиция тарту саласында біраз өсім байқалды. Сыртқы сауда айналымы 15,4 пайызға өсіп, 91,4 миллиард долларға жетті. Тауарлар экспорты 25 пайызға артып, 54,5 миллиард долларды құраса, импорт көлемі 4,2 пайызға өсіп, шамамен 37 миллиард доллар болды», – деді Үкімет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев шағын бизнесті «Атамекен» ҰКП-ның мүшелік жарнасынан босатуды тапсырды. Мемлекет басшысы отандық бизнес құрылымындағы шағын компаниялар үлесінің 90 пайызды құрап отырғанын мəлімдеді.
«Палатаны реформалау кезінде оның шағын бизнесті дамыту, қорғау жəне қолдаудағы функционалын біріктіру қажет. Бұл ретте шағын бизнесті міндетті мүшелік жарнадан босату маңызды», – деді Президент.
Ə.Смайылов қаңтар оқиғасынан кейін Президенттің шұғыл берген 108 тапсырмасының 44-і орындалғанын, қазір əлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-жоспар аясында елдің барлық аймағында қоғамдық тəртіп қалыпқа келгенін айтты.
«Коммуналдық қызметтердің бағалары мен тарифтерінің өсуіне жарты жылға мораторий енгізілді. Жанар-жағар майға жəне газға шекті бағалар белгіленді. Үкімет жанындағы отандық кəсіпкерлер кеңесі құрылды. Утилизациялық алымдар мемлекетке берілді. 100 пайыз мемлекеттік ұйым – «Жасыл даму» акционерлік қоғамы жауапты оператор болып айқындалды», – деді Ə.Смайылов.
Оның айтуынша, автокөлік пен ауыл шаруашылығы техникаларына салынатын утиль алымы айтарлықтай төмендейді. Бұл бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Сонымен қатар Премьер-Министр жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы үшін 100 миллиард теңге бөлінетінін де жариялады. Жиын барысында Мемлекет басшысы отандық автоөндіріс жайына да көңіл бөліп, өнеркəсіп саясатында негізінен автокөлік жасау саласына басымдық берілгенін, алайда отандық өнім үлесі əлі де төмен екенін айтты. «Ашылып жатқан жұмыс орындары да аз. Өнеркəсіп саласына жауапты министр индустрияландырудың барлық мəселесімен мұқият айналысуға тиіс. Əсіресе даму мүмкіндігі жоғары салаларға баса мəн беруді тапсырамын», –деді. Сонымен бірге утилизациялық алым мəселесіне де пікір білдірді.
– Утилизациялық алым бойынша біз шешім қабылдадық. Барлық қаражат мемлекетке түседі. Енді ставкалардың мөлшерін анықтау қажет. Жұмыс тобы бұл мəселені белсенді талқылауда. Бірден айта кету керек, утиль алымды біз қайта қараймыз. Бірақ шектен шығудан аулақ болу керек. Автоөнеркəсіпті дамытуға жұмсалған ақшаны желге шашып, импорттық ескі көліктер ағынына өз нарығымызды ашуға болмайды. Утилизациялық немесе тіркеу алымы түпкі мақсат емес. Бастысы, тұтынушылар үшін автокөлік пен ауыл шаруашылығы техникасының қолжетімділігін қамтамасыз ету. Өндірушілер мен дистрибьютерлер тарапынан əрекет болады деп сенемін, – деді Президент жиында.
Пандемия дауылынан банк секторының аман шыққаны, əрі біршама табысқа жеткені де белгілі. Əрине, кірісі мол саланың тиімділігін оңды пайдалана білу қажет. Мұны Президент жиі айтып жүр. Осы жолы да арнайы тоқталып, банктерді тиімді жобаларды несиелеуге ынталандыратын реттеушілік механизм құру керек екенін атап өтті. Сондай-ақ инфляция деңгейі 2025 жылға қарай 3-4 пайыз дəлізінде болуға тиіс деп тапсырма жүктеді.
«Ұлттық банк инфляция дəлізін 2022 жылы 4-6 пайыз деңгейінде, 2025 жылы 3-4 пайыз деңгейінде ұстап тұру үшін тəуелсіз ақша-несие саясатын, ақылға қонымды саясат ұстану керек. Нақты экономиканы кредиттеу туралы да ұмытуға болмайды. 2018 жылдан бері банк секторын орнықты дамыту бағдарламасы іске асырылып жатыр. Проблемалы кредиттердің шығынын жабу үшін банктерге 700 миллиард теңге бөлінген. Алайда банктер тарапынан кредит қолжетімділігі жəне көлемі бойынша қарымта қадам байқалып отырған жоқ. Ескі проблема. Үнемі айтып жүрміз. Өтімділігі жоғары профициттер өсіп жатыр. Бұл проблеманы білеміз. Ол банктердің атын да білеміз. Бүгінде аталған профицит 12 триллион теңгедей болған. Бұл қаражат экономикаға, оның ішінде бизнестің ақылға қонымды жолмен дамуы на, ипотекалық нарыққа жұмыс істеуі керек. Реттеу тетігін құру керек. Сол арқылы банктердің тиімді жобаларды қаржыландыруға ниеті болуы керек. Бұл – Ұлттық банктің жаңа басшылығы мен Қаржы нарығын реттеу жəне дамыту агенттігінің міндеті», деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Ұлттық банктің жаңа төрағасы Ғалымжан Пірматов дезинфляциялық ақша-кредит саясатын жүргізу жалғасатынын мəлім етті.
«Баға өсімін одан əрі төмендету үшін Ұлттық банк дезинфляциялық ақша-кредит саясатын жүргізуді жалғастырады. Ол Үкімет тарапынан тауар нарықтарындағы дисбаланстарға жол бермеуге бағытталған жүйелі шаралармен қатар орындалуға тиіс», –деді Ғ.Пірматов.
Президент шұғыл түрде орындауды міндеттеген тағы бір сектор – кеден саласы.
«Кеден бекеттеріндегі қордаланған мəселелерді жедел шешу қажет. Бұл бюджет үшін айрықша маңызы бар сала. Тағы да қайталап айтамын, ондағы былықты жөнге келтірмесе, салдары ауыр болуы мүмкін. Қытайдың статистикасы мен біздегі көрсеткіштің айырмасы 5,7 миллиард доллар болуы соның дəлелі. Қазір Қытаймен арадағы кеден бекетінде 12 мыңнан астам көлік электронды кезекте тұр. Құзырлы экономикалық операторлардың заңсыз іс-əрекеті туралы бұған дейін де айттым. Олар кеденнен жəне басқа да бақылау органдарынан соншама жеңілдікті қалай алып отыр? Не себепті бұл мəселе назардан тыс қалған? Бұл сұрақтарға 10 күннің ішінде нақты əрі толық жауап күтемін», – деді Президент.
Мемлекет басшысы саланың қызметін заң бойынша қатаң реттеуді тапсырды. Сондай-ақ кеден мен логистика саласындағы проблемаларды халықаралық ойыншыларды тарту арқылы шешуге болады деген нұсқа айтты. Қ.Тоқаев отырыс барысында еркін экономикалық аймақтар қызметін де сын тезіне салды. Президенттің айтуынша, ең алдымен бюджеттегі тиімсіз əрі шығыны көп жобаларды анықтап, одан түбегейлі бас тарту қажет.
– Еркін экономикалық аймақтардың көбі инвестиция əкелу ісінде тиімді болған жоқ деп бірнеше рет айтқанмын. Ал оларға шамамен жарты триллион теңгедей болатын ауқымды салықтық ынталандыру топтамасы берілді. Нəтижесінде, не алдық? Кейінгі үш жылда аталған еркін экономикалық аймақтарда өндірілген тауарлардың көлемі ішкі жалпы өнімнің 1,5 пайызынан да аспайды. Ал олардың экспорттық үлесі тіптен жалпы ел экспортының 0,1 пайызына ғана тең. Осы мəселені реттейтін кез келді. Жаңадан тағайындалған Индустрия министрі бұл түйткілдің шешімін табады деп ойлаймын. Еркін экономикалық одақтардың басшылығы пайдалы əрі тиімді жобаларды жүзеге асыруға құлықты емес. Олардың əкімшіліктерін тəртіпке шақырыңыздар. Үкіметке бір ай уақыт беремін. Заңға өзгеріс енгізуден бастап қажетті шараның бəрін қабылдаңыздар. Іштен жəне сырттан инвестор тартыңыздар, – деп міндет жүктеді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сын садағына құрылыс саласы да ілікті. Ол елде санаулы құрылыс компаниясының ғана үстемдікке ие болып отырғанын, коммерциялық нарық та, мемлекеттік тапсырыс та солардың қолына шоғырланғанын атап өтті. Айтуынша, ондай компаниялар бұған əкімшілік ресурсты пайдалану арқылы қол жеткізіп отыр.
– Үкіметке Бəсекелестік қорғау жəне дамыту агенттігімен бірге құрылыс нарығын монополиядан арылту жəне бəсекелі дамуы бойынша шаралар пакетін əзірлеуді тапсырамын. Ондай монополист компаниялардың аты да белгілі. Тендерді ұтып алып, оны қосалқы мердігерлерге беретін, олар тағы басқа қосалқы мердігерлерге беретін компаниялардың атауы белгілі. Сондықтан оған тоқталмай-ақ қояйын, – деді Қ.Тоқаев.
Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрлігінің жыл сайын елімізде салынатын тұрғын үй көлемінің артып келе жатқанын айтатыны белгілі. Биылғы меже – 17 миллион шаршы метрге жеткізу. Мемлекет басшысы бұл деректің қаншалықты сенімді екенін тексеру қажет дегенді баса айтты.
– Əкімдер жоғары нəтижеге қол жеткізу үшін ескі үйлер мен саяжайларды да есепке қосып жібереді деген ақпарат бар. Ал биыл былтырғыдан 1 миллион шаршы метр артық үй салынады деп жоспарланып отыр. Бірақ құрылыстың мұндай қарқынына коммуналдық инфрақұрылым ілесе алмай жатыр. Елордадағы ахуал – осының айқын дəлелі. Қалада алдағы 3 жылда сағатына 900 Гкалл жылу тапшылығы болуы мүмкін. Дəл осындай мəселе кейбір облыс орталықтарында да бар. Құрылыс жоспарын ескере отырып, оған қанша коммуналдық инфрақұрылым қуаты қажет болатынын болжай білуі керек. Үкімет бұл жұмысты əкімдермен бірлесіп атқаруға тиіс. Осы талдаудың негізінде нақты шаралар қабылдау қажет. Мұнан былай тиісті инженерлік жəне əлеуметтік инфрақұрылымы бар жерге ғана тұрғын үй салынуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жалдамалы тұрғын үйді субсидиялау жөніндегі бастамасын тездетіп жүзеге асыру қажеттігіне де баса мəн берді. Бұл бастама өткен жылы іске қосылуы керек еді.
– «Отбасы банк» пен Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрлігі субсидия алатындар мен жылжымайтын мүлікті жалға берушілер тіркелетін арнайы цифрлы платформаны əзірлеуге тиіс. Азаматтар өздерінің қажеттіліктеріне сəйкес əкімдіктер немесе құрылыс компаниялары айтқан жерден емес, өздері қалаған жерден тұрғын үй таңдай алады. Əлеуметтік жағдайы нашар топтар үшін жалға алу шығынының 50 пайызы мөлшеріндегі субсидия мемлекеттен төленеді. Тұрғындар отбасылық бюджеттің артылған ақшасын азық-түлік, білім алу, медицина жəне тағы басқа қажеттіліктеріне жұмсай алады. Осы жүйе бойынша өтінімдерді қабылдау мерзімін биылғы 1 мамырдан кешіктірмеуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Квазимемлекеттік сектор мəселесі де назардан тыс қалған жоқ. Президент сөзінше, квазимемлекеттік сектордың инвестициялық жобаларының құны тым асыра көрсетілетіні жасырын емес.
«Оны аз десеңіз, құрылыс барысында баға тағы да өседі. Бүгінде «Самұрық-Қазына» қоры 12 ірі жобаны жүзеге асыруда. Бұл – энергиямен қамтамасыз етуге, газ өндіруге, темір жол инфрақұрылымын салуға қатысты жобалар. Жұмыстың жалпы құны – 3,4 триллион теңге. Əрине, аталған нысандар халыққа қажет. Алайда жобалардың құнына жəне мердігерлердің конкурссыз таңдалуына қатысты көптеген сұрақ туындайды. Мысалы, Кендірлідегі су тұшытатын зауыттың жобасы шетелдегі дəл осындай жобалардан 3 есе қымбат тұрады. Екібастұздағы ГРЭС пен Алматыдағы энергетикалық торапты жаңғыртуға тым көп қаражат бөлініп отырған жоқ па? Осындай мысалдар аз емес. Сондықтан мұндай жобаларды жүзеге асыру үшін ашық халықаралық байқау өткізген жөн. Бұл қалыпты тəжірибеге айналуға тиіс. Реттелетін мемлекеттік сатып алу жүйесінің жағымсыз жағы да бар. Бөлінген қаржыны қалайда игеру керек деген ұстаным дұрыс емес. Əрбір əрекетті, тіпті болмашы қадамның өзін келісу қажеттігі туралы талап та мүлде орынсыз», – деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы делдал компаниялардың нарыққа зиян тигізіп жатқанын да айтты. Оның сөзіне қарағанда, азаматтардың өз игілігіне жарайтын қаржысы сондай ұйымдардың қалтасына кетіп жатыр.
«Əңгіме əртүрлі монополиялық оператор делдалдары мен қажетсіз агенттіктердің комиссиясы мен тарифтері туралы болып отыр. Бұл проблеманы білесіздер. Сұрақ – олардың қызметі үшін кім төлейді? Яғни, оның негізінде мемлекеттік органдардың қоғам мүддесі емес, белгілі бір компаниялар мүддесін ғана басшылыққа алған нормативтік-құқықтық актілер жатыр. Үкіметке осы түйткілге ерекше мəн беру жəне «Атамекен» ҰКП-пен бірлесіп əр жағдайды жеке қарастыру жəне оларды түзету үшін нақты шешімдер қабылдау тапсырылады», – деді Президент.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында қозғалған мəселелердің бірі – шетке кеткен ақшаны елге қайтару жайы. Бұл шаруаны орындау үшін Президент Үкіметке екі ай уақыт берді. Осы екі айда Үкімет елден заңсыз шығарылған ақша қаражаттары мен активтерді қайта əкелу бойынша тиімді ұсыныс дайындауы қажет. Президент бизнестен салықтық əділдік, əлеуметтік жауапкершілік талап етілетінін де атап өтті.
– Оның бір көрінісі – «Қазақстан халқына» қорына қаражат аудару. Бұған дейін де айттым, бүгін де қайталаймын, қордың қалыптасуы ірі ұлттық буржуазия есебінен жүргізілуге тиіс. Əрине, шетелдік инвесторларды қоса алғанда басқа да компаниялардың жарнасы қабыл алынады. Тағы да айтамын, бұл мəжбүрлеу емес. Бұл – табысты компаниялар мен азаматтардың игілікті жалпы, ұлттық мақсатқа қолұшын созуы, – деді Мемлекет басшысы.
Соңғы бес жылда ауыл шаруашылығын дамытуға 2 триллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Алайда субсидия қанша өссе де, салада ауыз толтырып айтатындай өзгеріс болған жоқ. Президент осылай деді.
– Субсидия түпкі иесіне жетпей, орта жолда талан-таражға түсуде. Тіпті ауыл шаруашылығына еш қатысы жоқ салалар да оның қызығын көруде. Соңғы жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 960 қылмыстық іс тергеген. Соның 54 пайызы субсидияны жымқыруға қатысты болған. Мысалы, жайылымдық жерлерді суландыруға 80 миллиард теңге бөлінді. Бірақ оның тең жартысы желге ұшты. Осы жұмысқа қажетті құрал-жабдықтың бағасы 2-3 есе артық көрсетілген. Тіпті кей жағдайда қаржыны қағаз жүзінде игере салған, – дейді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы осы саланы ретке келтіруді, аграрлық саланың тиімділігін арттыруға бағытталған субсидиялаудың жаңа жүйесін құруды тапсырды. Сондай-ақ үкіметке жер учаскелерінің шекті көлемін анықтау үшін сарапшылар мен ғылыми институттардың қатысуымен жұмыс тобын құру міндеті де жүктелді.
Сондай-ақ жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мəселесін АЭС салу арқылы тез арада шешу қажет деп санайтынын мəлімдеді.
– Жауапты тұлғалардың атом стансасын салу мəселесі жөніндегі сауалдарға жауап беруден неге жалтаратындарын түсінбеймін. Шындығын айту керек, егер таза атом энергиясы болмаса, инвестиция тартпақ түгілі, барлық экономикадан да, аймақтық көшбасшылықтан да айрылып қаламыз. Бізге электр қуаты, əсіресе, таза атом энергиясы аса қажет. Экономикалық ахуалдан хабары жоқ популистердің сөзіне ермейік. Атом энергетикасының мəнін кəсіби деңгейде түсіндіру қажет, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін түйіндей келе, мемлекет пен бизнес басшылыққа алуға тиіс қағидаттарды айқындады.
– «Жаңа Қазақстанды» құру үшін түсінікті əрі əділ мемлекеттік саясат жүргізілуі керек. Бұл саясат шенеуніктердің жөнсіздігіне жол бермейді. Бəсекеге жəне технологияға негізделген экономиканы қалыптастырады. Сонымен бірге жекеменшікке, адамның құқықтары мен бостандығына қол сұғылмауына заң үстемдігі арқылы кепілдік береді, – деді Президент.
(«Егемен Қазақстан», 9 ақпан 2022 жыл).