Жақында Тәуелсіз мемлекеттер достастығы «ТМД үшін 100 идея» халықаралық жобасының қорытындысы шығарылып, Көкшетау қаласындағы жоғары техникалық колледжінің 4 курс студенті Әлихан Қайыр «Аэроғарыш қозғалтқыштары» аталымында жеңімпаз атанды.
Облыс орталығындағы жоғары техникалық колледжінің 4 курсында білім алып жүрген Әлихан Рүстемұлы Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауылының Аймақ ауылында туып, өскен. Ол ауыл мектебінде оқып жүріп-ақ техникаға жақын болған, ондағы ұстаздарымен түрлі жобалар жасап, аудандық байқауларға қатысыпты. Бала кезінен техника жұмысына қызығушылықпен қарап, бір нәрсені бұзып, қайта құрастырып жүріпті. 9 сыныпты аяқтаған соң, отбасылық жағдайларына байланысты ата-анасы көрікті Көкшетаудың іргесіндегі Бірлік ауылына қоныс аударады. Ата-әжесі мен әке-шешесінің тәлім-тәрбиесіне қанып өскен Әлиханның бойынан сабырлық пен кең пейілділік, сыпайылық пен ашықтық секілді қасиеттердің лебі есіп тұр. Өзінен кейінгі екі қарындасына да қамқор Әлихан 2018 жылы Көкшетау жоғары техникалық колледжіне технологиялық машиналар мен құрал-жабдықтарға техникалық қызмет көрсету мамандығы бойынша оқуға түсіпті.
Жоғарыда аталған халықаралық жобалар байқауына қатысқан ғылыми жұмысын ол 2019 жылдың ақпан айында бастапты. «Сумен жұмыс істейтін қозғалтыш» атты бұл жобасын колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, оқытушы Бахтияр Қаныбаевтың жетекшілігімен мамыр айының соңында аяқтап, құрастырып шыққан. Сол жылы қазанда Ақмола-Пауэр байқауына қатысып, осы жұмысымен Гран-при бас жүлдесін иеленген. Жеңіл көліктерге арналған сумен жұмыс істейтін қозғалтқыш бірталай үнем бермекші.
–Әлем бойынша мұндай қозғалтқыштар бар, бірақ менің сұлбам бойынша жасалған түрлері жоқ. Айырмашылығы оларда көліктер жартылай бензинмен, жартылай сутегімен жұмыс жасаса, менің жобам бойынша көліктер таза сутекпен жүреді. Автокөліктерге бензин емес, таза су құятын боламыз. Экологиялық тұрғыдан да ауаға, табиғатқа ешқандай зиян келмейді, яғни, ластаушы газ бөлінбейді, –дейді Әлихан.
Кейіпкеріміз 2020 жылы «Қазақстанның 100 үздік студентінің» қатарынан көрініпті. Өткен жылдың соңында «ТМД үшін 100 идея» халықаралық жобасына осы сумен жүретін қозғалтқыш жұмысымен қатысып, «Аэроғарыш қозғалтқыштары» аталымы бойынша жеңіске жетті. Бүгінде жас техник аталмыш жобаның аясын кеңейтіп, өзі құрастырып шыққан қозғалтқышты техникаға орнату жағымен
айналысуда. «Бұл ғылыми жобаңда тәжірибе қолданып көрдің бе?» деген сауалымызға Әлихан:
–Иә, қолданып көрдім, тек көлікте емес. Мен гаражда жұмыс істеп жатқанда, жарық өшіп қалатын жағдайлар болады. Сол кезде мен көлік қозғалтқышын сумен қосып қойып, электростансамен жұмыс істей беремін, – деді.
Өзі оқитын жоғары техникалық колледжінің шеберханасында іске асырылған ғылыми жобаның бастан-аяқ құрастырылып шығуына Александр Бухов есімді тәжірибесі мол шебер-моторист көмектескен екен. Басында сумен жұмыс істейтін қозғалтқыш құрастырып жатырмыз дегенде ешкім сенбегендігін де айтып қалды әңгіме барысында Әлихан.
Бүгінде жобаға қызығушылық танытып, сұраныс білдіріп жатқандар да жоқ емес, бар. Жобаның сұлбасын сатып аламыз деген ұсыныс та білдірілуде. Әсіресе, ресейлік бизнесмендер тарапынан сұраныс көп екен. Жазда осы ғылыми жобаны толығымен аяқтап, патенттеп алып, сатпақшы да ниеті бар. Өйткені, ойында тағы да басқа ғылыми жобалар бар екенін жасырмады. Бұған дейін жел генераторы секілді жобалармен айналысыпты.
Биыл оқуын аяқтайтын жас жігіт алдағы уақытта әскери борышын өтеп келіп, білімін жоғары оқу орнында жалғастырмақшы. Болашағынан зор үміт күттірген Әлиханның әр бастамасына сәттілік тілейміз. Осындай талантты да талапты жастарымыз көп болғай.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.