Жастардың әсерлі жыр кеші

Көрікті Көкше ежелден ән мен жырдың бесігі. Осыған орай, электронды кітапханада еркін форматта «Жырлары жүректі жаулаған» атты жыр кеші өтті.

Кеш мақсаты жыр бағына бойлап келе жатқан жас ақындарды жарыстыру емес. Керісінше, кезектесе өлең оқыту арқылы өскелең ұрпақтың талабын шыңдап, поэзияға деген қызығушылығын арттыру. Кеш барысында жас ақындар ең алдымен өз туындыларын паш етсе, кейін жүректеріне жақын, өздері сүйіп оқитын ақындардың туындыларынан өлең оқыды.

Кеш шымылдығын ең бірінші болып, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенті Рахым Маржан өзінің балауса жырымен ашып берді. Келесі болып ортаға аталмыш университеттің студенттері Айдана мен Нұргүл Жылхыайдар шықты. Олардың өлеңдерін әдебиет сүйер қауым ерекше ықыласпен тыңдады. Артынша «Темірқазық» ұйымының жетекшісі Қыстаубай Нұрлан жүрекжарды қос өлеңімен дүйім жұртты бір тебірентіп өтті.

Кештің екінші бөлімінде жас ақындар өздерінің жүректеріне жақын деген ақындардың шығармашылықтарынан көпшілікке жыр арнады. Бұл үрдісті Нұрасыл Мұратбаева Ф.Оңғарсынованың «Ана» өлеңімен бастаған болса, кейін ортаға Ақжайық Қоныс шығып, тыңдарман жүрегіне бойлады. Артынша Севара Қалыбаева мен Әнел Көшекәлі мөлдір жырлардан мол әсер алғызды. Гүлжанат Нәдірхан жүректерді ерекше сезімге бөлеп, кештің соңғы нүктесін қойды. Кеш соңында жас ақындар естелік суретке түсіп, қимастықпен тарасты.

Әлия Айдынқызы,

Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің филология және педагогика факультетінің студенті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар