Парламент Сенатының депутаттары  Ақмола облысында болды

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының «Өңір» депутаттық тобының жетекшісі, экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің хатшысы Ерік Сұлтанов бастаған Сенат депутаттары Нұрлан Бекназаров, Сергей Ершов, Дүйсенғазы Мусин жұмыс сапарымен  Ақмола облысында болып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты. Депутаттар алдымен облыстық әкімдікте өткен кеңес жұмысына қатысып, бұдан кейін Көкшетау қаласындағы бірқатар өндіріс орындарын аралап, еңбек ұжымдарының мүшелерімен пікірлесті. Сенат депутаттарының облысымызға жұмыс сапары кезінде Ақмола облысы әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысов бірге болды.

Сенат депутаттарының қатысуымен өткен кеңес отырысына облыс әкімінің орынбасарлары, қалалар мен аудандардың, ауылдық округтердің әкімдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және облыс әкімі аппаратының қызметкерлері қатысты.

Кеңесте сөз сөйлеген Ерік Сұлтанов жиналғандарды депутаттардың осынау жұмыс сапарының мақсатымен таныстыра келіп, еліміздің алдында тұрған бүгінгі басты міндеттерге қысқаша тоқталып өтті. Осы орайда:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өңірлердің дамуына ерекше көңіл бөліп, халықтың әл-ауқатын жақсарту мәселелерін баса назарда ұстауда. Мемлекеттің салиқалы саясатының осы маңызды бағытын ескере отырып, Парламент Сенатында  VІІ-ші шақырылымының 2-ші сессиясында «Өңір» депутаттарының тобы жаңартылған құрамда өз жұмысын бастады. Біздің бүгінгі сапарымыздың негізгі мақсаты өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін оңтайлы шешуге жәрдемдесу болып табылады, – дей келіп, Ерік Хамзаұлы  жергілікті мемлекеттік басқару мәселелері өте өзекті екендігін баса айтты. Мәжілісте аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін сайлау мәселесі талқыланып, сайлау барысында анықталған проблемалық мәселелер де ортаға салынды. Жиын барысында биліктің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелері де айтылды.

Кеңесте сөз сөйлеген Ақмола облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Сәдуов өз сөзінде әкімдерді тікелей сайлаудың артықшылықтарына тоқталды. Жергілікті ауылдық округ әкімдерін сайлау барысында олардың білімі жоғары емес екендігіне қарамастан, сайлау мүмкіндігі туса, құба-құп болар еді. Себебі, ауылда тұратын адамдарға шарапатын молынан тигізген, бұл күнде шаруашылықтың тізгінін ұстап тұрған білікті мамандар бар. Бірақ, сол жандардың көбінің жоғары білімі жоқ. Ауылда ерте жастан қара жұмысқа араласып, адалынан нан тауып, елдің қамын ойлаған азаматтар көп-ақ.  Депутаттар осы жоғарыда айтылған мәселені билікке жеткізіп, халық өтінішін ескеру керектігі айтылды.

Кеңес отырысында Зеренді ауданының әкімі Әсен Жақсылықов бірқатар өзекті мәселелерді алға тартты.

– Өздеріңізге белгілі, жергілікті жерлерде қызметті жүзеге асыру барысында аудан әкімдері, сондай-ақ, ауылдық округ әкімдері бірқатар проблемалық мәселелерге тап болады, оларды шешу Қазақстан Республикасының заңнамасына, Заңға тәуелді нормативтік актілерге өзгерістер енгізуді, тіпті, экономиканың тұтас салаларын реформалауды талап етеді.  Мәселен, аудандар мен ауылдық округтердің әкімдіктері мемлекеттік сатып алу бойынша ашық конкурстық рәсімдерді өткізу мерзімдерімен байланысты проблемаларға тап болады. Жыл сайын, кейде жылына бірнеше рет «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және тиісінше «Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру ережесіне» өзгерістер енгізіледі. Бұл өзгерістер мен толықтырулар ашықтықты, тең жағдайларды, адал бәсекелестікті қамтамасыз ету және оған жол бермеу мақсатында енгізілетініне күмән жоқ. Алайда, демалыс және мереке күндерін ескере отырып, бір конкурс өткізуге екі ай уақыт кететінін бәріміз көріп отырмыз. Көбінесе конкурс нәтижелеріне қатысушылар сотқа шағымданады. Бұл байқау мерзімін кем дегенде екі есеге ұзартады. Жергілікті жерлерде ауыл тұрғындары бөлінген ақшалай қаражатпен жұмысты жедел орындай алмайтын адамдар ретінде мемлекеттік қызметшілердің теріс имиджін қалыптастырады, – деді әкім.  Аудан әкімі ауылдық жерлерде қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын заңдастыру,  туризмді дамыту және тағы басқа  мәселелерді де ортаға салды.

–Мен Первомай ауылындағы орта мектепте 6 жыл мектеп директоры болып қызмет атқардым.  Мектептегі қызмет  кезінде оқушылар мен ата-аналар арқылы ауылдың тыныс-тіршілігімен жақын таныса білдім.  Ауылдастарымның  әр уәжін  үнемі жылы қабылдайтынмын. Ақыры нақты проблемаларды түсініп, сайлауға қатысуды жөн көрдім. Ауыл жұртшылығы менің сайлау алды бағдарламамды  өте жақсы қабылдады. Себебі, мен  сайлау алды бағдарламамда  нақты істей алатын, істелінуі тиіс іс-шараларды ғана  көрсеткен болатынмын. Сайлау нәтижесі бойынша сайлауға қатысқан 1442  ауылдасымның басым  дауысымен жеңіске жеттім.  Содан бері  8 айдың көлемі болды,  халықтың үмітін ақтау үшін  бар күш-жігерімді салып, қызмет етіп келемін,– деді Астрахан ауданының Первомай селолық округінің әкімі Қанат Егінбаев жиында сөйлеген сөзінде. Мәжіліс соңында жиынға қатысушылар өздерін толғандыратын сұрақтарын қойып, Сенат депутаттары тарапынан жауаптарын алды.

Бұдан кейін халық қалаулылары Көкшетау қаласындағы «Гормолзавод» серіктестігіне барып, ұжымның тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысты. 1999 жылы құрылған серіктестік  қазіргі таңда жылына 7,3 мың тонна өнім шығарады. Мұнда жаңа цех ашылып, заманауи жабдықтар сатып алынған. Йогурт пен балмұздақтың 40 түрі сатылымға шығарылуда.

Ал, өткен жылы ашылған «Eurasia Group Kazakhstan» серіктестігінде қазіргі таңда 400-ден астам қызметкер еңбек етеді. Бұл ірі кәсіпорын ауыл шаруашылығы техникасын сату және соларға қызмет көрсетумен айналысады. Сонымен қатар, аграрлық саладағы білікті кадрлардың тапшылығына қатысты мәселені шешуге септігін тигізуде.

Бұдан кейін депутаттық топ Бурабай ауданының Златополь ауылында болып, ауылдық жерлердің жағдайымен танысты.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар