ТӘУЕЛСІЗДК ҮШІН ЖАН ПИДА!

Бүгін (13 ақпан 2022 жыл) Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Елордадағы Хазірет Сұлтан мешітіне барып қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болған азаматтардың рухына құран бағыштатып, «халқымыздың береке-бірлігі мен тыныштығын бұзуға жол бермейміз. Бұл – биліктің ғана емес, барша азаматтарымыздың ортақ борышы. Мұндай қасірет ешқашан болмасын!», – деді.
Рас, болмасын енді мұндай қасырет! Халқымыздың әр кезеңде тартқан қасыреті аз ба еді?! Ұлы Дала төсіндегі шапқыншылықтар мен «ақ табан шұбырынды, алқакөл сұлама» бар, одан кейінгі орыстың ақ патшасының, одан кейінгі коммунистік жүйе кезіндегі біздің халқымыз тартқан қасыретті жер жүзінің басқа бірде бір халқы тартпаған болар.
Ашаршылық… халық жаулары… герман соғысы…атом сынақтары… тың игеру… желтоқсан оқиғасы… Қазақ тарихының бертінгі ғана беттерінің қасыреті осы болар бәлкім?!
Әйтеуір Құдайы бар халықпыз ғой, осындай не бір ауыр да азапты сынақтардан аман өтіп, осы күнге жеткенімізге де кейде шұкіршілік қыламыз. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында Қазақстанның Тәуелсіздігін алған кезде бөркімізді аспанға атып қуандық та! Шын қуандық! Өйткені, тілі мен діні жойылып бара жатқан қазақтың бұл бір соңғы үміті мен сенімі осы Тәуелсіздік болатын!
Тәуелсіздікке сендік! Тәуелсіздіктің туын көтеріп жүргендерге сендік! Ел басындағы, билік басындағыларға сендік! Солардың әр сөзіне сендік! Тілекші болып, қолдап отырдық! Тәуелсіз еліміз аман болып, нығая берсе екен деп тіледік!
Қара халық бізде кінә жоқ! Қолдаңдар деді, қолдадық. Бәрі ойдағыдай болады деді, сендік. Нарықтық жүйе осылай болуы керек, біреу бай, біреу кедей болуы керек деді, иландық. Әлем халқы банктерден кредит алып өмір сүреді деді, оған да көніп,кредитке баттық. Әйтеуір не керек… отыз жыл бойы айтылған қағидалардың біріне де қарсы тұрмай, көндік… «көппен көрген ұлы той» дедік.
Алайда, бар қиындыққа көнген де төзген де халқымыз өз Отанын сатқандардың биылғы қаңтар оқиғасы кезіндегі әрекеттерін кешіре алар ма екен?! Жарайды көзсіз байлыққа ие болды… есепсіз билікке ие болды. Алайда Отаныңды сатуға, Тәуелсіздікке опасыздық жасауға болатын ба еді?
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Хазірет –Сұлтан мешітінде құран бағышталған соң арнайы сөз сөйлеп, – Мемлекетіміздің тұтастығына, азаматтарымыздың қауіпсіздігіне, еліміздің болашағына қауіп төнді. Біз лаңкестерге дер кезінде тойтарыс беріп, бетін қайтардық-, деді.
Өз басым «мемлекетіміздің тұтастығына, азаматтарымыздың қауіпсіздігіне, еліміздің болашағына қауіп төнді» деген Президенттің сөзіне сенемін. Тәуелсіздікке опасыздық жасалғаны емей немене, Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті сол кездегі елде қалыптасып отырған жағдайды білмеді ме, білді әрине! Қару-жарақтың жиналған ортасын білмеді ме, тағы да біліп отырды! Елде бүлік шығуына солардың өздері ынталы болғаны да анық! Өйткені оларға билікті өз қолдарына алу керек болды. Өйткені оларға қалың қазақтың ояна бастағаны, талап қоя бастағаны жақпады, Қорықты! Қара халықтың елді жемқорлық жайлап, биліктегідердің ойларына келгендерін істеп жатқандықтарын біле бастағандарынан қауіптенді! Заңды-заңсыз ие болған байлықтарын сақтап қалуды ойлады!
Және де Қазақстанның екінші Президентінің «халық үніне құлақ асатын мемлекет құрамыз», «жемқорлық мемлекеттің болашағына балта шабатын кесел», « әлеуметтік теңсіздікті болдырмаймыз» деген сияқты халықтың ойы мен көкейінде жүрген сөздерді айтып, қоғамда әділдік пен адалдық орнату жолындағы қадамдарын да жақтырмағандар болмады емес, болды.
Міне, қара халықтың жағдайынан да, қара бастарының жағдайын ойлап кеткендер, енді бір амал жасаулары керек еді. Олар халықтың бейбіт наразылығын қарулы қақтығысқа ұластырудың, елдегі жағдайды ушықтырудың жоспарын алдын ала жасамады деп кім айта алар?! Сол топ әуелі Алматыны басып алып, содан соң қазіргі Президентті не өз еркімен биліктен бас тартуға, болмаса шет елге кетіп қалуға мәжүбір ету арқылы, билікке өздерінің өкілдерін әкелуді мақсат еткені де анық па деймін.Олар сөйтіп өз байлықтарын да, өз бастарын да арашалап алып қалмақшы болды деп ойлаймын. Бұл менің өз пайымым!
Осы бір аса қиын жағдайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатқа тән салқынқандылық танытып, сабырын тауыспай, қорықпай, үрікпей батылдықпен шешім қабылдап, ОДКБ-ға мүше мемлекеттерден көмек сұрап, әскер алғызғаны өте орынды шешім еді.
Бұл Тоқаевтың Тәуелсіздікке, өз елі мен халқына деген Адалдығы еді!
Бұл Тоқаевтың «өз халқыма адал қызмет етемін» деп берген Антына адалдық танытып, өз басын қауіп пен қетерге, өз кеудесін оққа тосқандығы еді!
Атақты Баукеңнің, Бауыржан Момышұлының «жауды сен өлтірмесең, ол сені өлтіреді» деген кезеңіне еліміз тап болды емес пе?! Кезінде «орыс әскері енді елден шықпай қояды» деген қауіп те айтылып жатты. Алайда дәл қазіргі кезде ТМД мемлекеттерінің президенттері арасындаға ақылды да, парасатты, білімді де, білікті және дипломатиялық жағынан ысылған мол тәжірибелі де беделді, әлемдік саясатта өз орыны мен өз үні бар Тоқаевтан асқан басшы жоқ! Сондықтан Тоқаевпен бәрі де санасады!
«Өкінішке қарай, дүрбелеңде бірқатар азаматымыз қаза тапты. Бұл – нағыз қасірет»-деді Президентіміз. Осы бір сөзді қабырғасы қайыса отырып айтқандығына иланамын.
Тәуелсіздікті сақтап қалу, елді төнген қауіптен аман алып қалу және осы жолда адам шығынына жол берілуі Президентімізге оңай түспегені, оңай болып тұрмағандығы да анық.Әрине, Абай айтқанындай, «біреудің кісісі өлсе қаралы ол» дегендей азаматтарынан айырылып қалғандар үшін ауыр жағдай болды. Құрбандардың имандары саламат болсын! Тәуелсіздікті сақтап қалу жолындағы құрбандарды «шейіт» болды ғой ойлаймын.Жандары жанната болсын!
Қазақстандағы қаңтар оқиғасы әлемнің кейбір саясаткерлері мен өз елімізде де әңгіменің тұздығы болып отырғаны анық. Бұл арада саяси ойын да жүріп жатқаны анық. Осы бір сәтте қазақстандық қоғам болып, барлық жағдайға түсіністікпен қарап, сабырлы болғанымыз абзал. Көшеде тұрып алып, « бәрі кетсін» деп айғайға басқанды да қоя тұрсақ етті. Кімің бар?
Осы сәт біздің алдағы уақытта ел болуымыздың тағдыры таразы басына тартылып тұрған сәт. Ел болу үшін бірігейік, ел болу үшін бірлігімізді нығайтайық!
Құдайдың үйі мешітте тұрып Президентіміз Қазақстан халқына сабыр, елімізге амандық, жұртымызға тыныштық тілеп, өскелең ұрпақ үшін тұтас ел болып Жаңа Қазақстанды бірге құруға шақырды ғой! Тоқтайық осыған! Тәуелсіздік үшін жан пида!.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар