15 ақпан – Кеңес әскерлері Ауғанстаннан шығарылған күн

Кеңес әскерлері Ауғанстанға Кеңес Одағы Коммунистік партиясы саяси бюросының шешімімен 1989 жылдың 12 желтоқсанында енгізілді. Тура он жылға созылған ұрыс қимылдарына Қазақстаннан 22 мың адам қатысып, олардың 761-і қаза тапты, ал, 21-і хабарсыз кетті. Ауған соғысына Ақмола облысынан 64 жауынгер қатысты. Олардың 22-сі майдан даласында оққа ұшып, біреуі хабарсыз кетті. Осылайша қаншама шаңырақ боздағынан айырылып, қайғы құшты.

Тек 1989 жылы 15 ақпанда Кеңес Одағының әскерлері Ауғанстаннан толық шығарылғанда ғана әрбір ата-ана әскердегі ұлы үшін еркін тыныс алды.

Содан бері 15 ақпан ауған соғысына қатысқан жауынгерлерді еске алу күні болып табылады. Ақмола облысының жастар-ресурстық орталығы ұйымдастырған диалог алаңына «Ауған соғысының мүгедектері мен ардагерлері» бірлестігінің мүшелері мен студенттер, жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Іс-шара интернационалист жауынгерлерге құрмет көрсетіп, жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру мақсатында өткізілді. Сондай-ақ, кездесу барысында әскери-техникалық мектеп бойынша экскурсия жүргізілді.

Шарада Ақмола облысының «Ауған соғысының мүгедектері мен ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дуанбай Ыбырай сөз сөйлеп, жастарға сол бір ауыр кезеңдерде бастарынан кешкен қиыншылықтары мен жауынгерлердің ерік-жігері туралы жан-жақты әңгімелеп берді. Сонымен бірге, кездесуде тарихи оқиғаның куәгері, әрі тікелей қатысушысы болған, ішкі істер органдарының ардагері Жақсылық Сыздықов та өз көзімен көрген сұрапыл соғыс жайлы айтып берді. Диалог алаңы ашық форматта өтіп, әрбір қатысушы сол соғыс туралы сұрақтар қойып, ардагерлердің тұщымды жауаптарына ризашылықтарын білдірді. Студенттер әскери борышын абыроймен өтеген интернационалистердің ерлігі мен батылдығы туралы көптеген мағлұматтарды бойына сіңіріп, олардың соғыста көргендерін өз ауыздарынан естіді. Бұдан соң қатысушылар Ауғанстандағы қақтығыстарда қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Әсерлі әңгімелесуден соң, экранда әскери хроника кадрлары көрсетіліп, сахнада Ауған соғысына байланысты шығарылған әндер шырқалды.

–Ауған соғысының батырларын ұмытуға хақымыз жоқ. Олар бүгінде жастарға үлгі-өнеге. Ер-азаматтар үшін Отан алдындағы борышын өтеудің қаншалықты маңызды екенін паш еткен ардагерлерімізді Отанды шын сүюдің үлгісі деп танимыз. Ондай сұрапыл енді болмасын. Елімізге бейбіт аспан, тыныштық пен амандық тілейміз, – деді өз кезегінде іс-шараны ұйымдастырған облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Мәнсия Есекеева. Іс-шара соңында «Ауған соғысының мүгедектері мен ардагерлері» бірлестігінің төрағасына облыс жастары атынан Алғыс хат тапсырылды.

Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар